"Ептілік", "Біз де", "Ақ сүйек"
Ептілік — ұлттық ойын.
Ойынға қатынасушылар тепе-тең екі топқа бөлінеді. Он-он бес метрдей жерге меже белгіленеді. Әр топтан қолдарында бір кездей түзу таяғы бар екі-екіден ойыншы ортаға шығады да, қатарласа тұрып, таяқты алға созады. Бастаушы қос таяқтың үш жағына бір қарыстай тақтай қояды да, оның үстіне сүйемдей жұмыр таяқшаны немесе қуыршақты тіктеп орналастырады. Сонан соң ойынды бастауға белгі береді. Әр топтың ойынды жүргізуге қатынасқан ойыншылары таяқтарын тең ұстап, оның үстіне қойылған заттарды құлатпай, межеленген жерге дейін барып, қайта оралуға тиіс. Таяқ үстіндегі заттар құласа, ұпайдан құр қалады. Әр кезектің озып келген ойыншысы өз тобына ұпай әпереді.
Осы әдіспен ойынды жеке-жеке жалғастыруға да болады. Жеке ойыншы екі қолына екі қарыстай түзу шыбық алады. Ұшына сіріңке қорабы қойылып, оның үстіне адам бейнелі кішкене қуыршақ орнатады. Сөйтіп, әлгі межеге дейін барып, қайта оралады. Қай топ көп ұпай жинаса, сол жеңіске жетеді.
«Біз де» — ұлттық ойын. Көбіне балалар, жастар ойнайды.
Ойынға қатынасушылар қаз-қатар отырады. Ойын бастаушы жиналғандардың алдына шығып, әңгіме айта бастайды.
Егер бастаушы ойнаушылар қосылатын сөз айтса, басқалар «біз де» деп қосылып айтады да, балалардың қосылмайтын сөзі болса, «біз де» деп айтуға болмайды. Байқамай қосылып, әлгі сөзді айтып қалған бала ойынға қатынасушылардың тілегін орындап, айып тартады.
Айыптан ән салып, не тақпақ айтып, не би билеп құтыла алады.
Ойын жүргізуші:
Мен көлге барам,
Ойынға қатынасушылар:
Біз де!
Ойын жүргізуші:
Онан үйрек ұстап алам.
Ойынға қатынасушылар:
Біз де!
Ойын жүргізуші:
Үйректің жарымын күшігіме берем.
Ойынға қатынасушылар:
Біз де!
Ойын жүргізуші:
Күшігім жейді.
Осы кезде біреу: «Біз де» деп қалса, ойын тоқтайды. Әлгі қателескен бала айып тартады. Бұдан соң ойын қайта басталады. Ойын жүргізуші әңгімені ары қарай құрай береді. Ойын тілді еркін меңгеріп, ойды жеткізе білуге жаттықтырады.
Ақ сүйек — ұлттық ойын.
Ойын жаздың айсыз қараңғы түнінде ойналады. Ол үшін шөптесін кең алаң таңдалынып алынады. Ойын жүргізу үшін ірі қараның, жылқының, түйенің, кепкен жілік сүйегі керек.
Ойынға қатынасушылар екі топңа бөлінеді. Әр топ өзіне бастық сайлап алады. Ойынды кім бірінші болып бастайтыны екі топ басшыларының жеребесі арңылы шешіледі. Әр топ өз көмбесін белгілейді.
Екі топтың ойыншылары алаңға арқаларын беріп, сапқа тұрады. Бірінші болып ойын бастауға мүмкіншілік алған топтың бастығы сүйекті алыстата лақтырады. Екі топтың ойыншылары сүйекті іздеуге кетеді. Сүйекті кім бұрын тауып алса, сол көмбеге қарай жүгіреді. Қалғандары оны қуады. Қарсы жақтың ойыншысы жетіп сүйекті алатын болса, бар күшін салып, оны өз көмбесіне жеткізуге тырысады.
Топтың басқа ойыншылары да көмекке келеді. Ойын жалғасып қайталанып ойналады. Ойын жастарды қараңғыда бағдарды, мөлшерді айыра білуге, тез, жылдам жүгіруге үйретеді.