"Күллій", "Етек-етек"
Күллій ойыны — жаздың, күздің ашық шуақты күндерінде ойналады. Ойынға ұзындығы бір метрдей таяқ және 25 сантиметрдей кішкене таяқша керек. Бұл таяқша «Күллій» деп аталады. Ойынға екіден бастап, бірнеше ойыншы қатынасады.
Ойынға қатынасушылар тақыр, тегіс жерді таңдап алады да, кішірек шұңқыр қазады. Шұңқырдың тереңдігі он сантиметрдей болуға тиіс. Ойынды бірінші болып кім бастайтынын жеребе тастау арқылы шешеді. Ол үшін бір бала таяқты қолына алады да тік ұстап қарсы тұрган балаға тастай береді. Ол таяқты түсірмей қағып алып, тік ұстап тұрады. Ойынға қатынасушылар оны қолдарымен тұтамдап ұстай береді. Кімнің қолы таяқтың басына бұрын жетсе, ойынды бірінші болып сол бастайды. Әр ойыншы күллійді үш тәсілмен, үш рет ұра алады. Біріншісінде: «Күллійді» шұңқырдың үстіне көлденең қосады да, астынан таяқпен іліп алып, оны жоғары серпіп жібереді де, жерге түсірмей қолындағы таяғымен алыстата, серпілте ұрады. Екіншіде, «Күллійді» тақыр жерге қояды да, қолындағы таяғымен үстінен өзіне қарай тартып, астынан іліп алып жоғары серпіп жібереді де жерге түсірмей алыстата ұрып үлгіруі керек. Үшінші кезекте «Күллійдің» бір ұшын шұңқырдың түбіне тіреп қояды да, шығып тұрған екінші басынан ыршыта ұрады, сонан соң оны ұшып кеткен бетінде жерге түсірмей өте шапшаңдықпен алыстата ұрады.
Егер «Күллійді» ұрушы әрқашан оны алыстата ұра алса, кезекте тұрған ойыншы, оны дереу тауып алып, қайта кері жүгіріп ұрушыға әкеп беріп тұрады. Үрушы үш ретінде де осылай алыстата ұрып, ал «Күллійді» әкелуші ентіккен қалып көрсетсе, не күллійді бірден таба алмаса, ұрушы тағы ұруға мүмкіншілік алады. Іздеуші сол орнында қалады. Іздеуші ентігіп, шаршағанын білдірмеу үшін дыбыс шығарып, өлең, не тақпақ айтып келе жатады. Ұрушы жөндеп ұра алмаса, онда жеңіліп, ойыннан шығады. Іздеуші ұрушы болады, ал кезектегі ойыншы іздеуші ролін атқарады. Ойын жалғаса береді. Жеңілгендер алдын ала келісілген ұпайларын орындайды. Ән, тақпақ, жаңылтпаш, мақал, мәтел не ертегі айтады.
Ойын ойнаушыларды жүгіруге, таза ауада демалуға, дәлділікке, мөлшерлей білуге жаттықтырады.
«Етек-етек» — ұлттық ойын.
Бір топ жас өспірім жазық алаңға, мектеп ауласына жиналады. Араларынан біреуін «Жалмауыз кемпір» деп белгілейді. Қалғандары түйе, оның ботақандары болады. Ең алдында түйе онан соң бір-бірінің артқы етектерінен ұстап ботақандар тұрады, ең кішкентайлары артта тұрады.
«Жалмауыз кемпір» мен түйе бетпе-бет тұрады. Түйені әрі-бері алдап тұрып «Жалмауыз кемпір» ең артқы ботақанды ұстап алуы керек, түйе оған мүмкіндік бермеуге тиіс. Барлық ботақанды «Жалмауыз кемпір» ұстап біткенше ойын созыла береді. Ойын қайталанып ойналады. Әдіс-тәсілге, амал-айлаға, жылдамдыққа, тез шешім қабылдау секілді адамға қажетті мінез-құлықты қалыптастырады.