«Сен тұр, сен шық!», «Қарақұлақ»
«Сен тұр, сен шық!» — ұлттық ойын.
Бұл ойынды 4—5 адам бірігіп ойнайды. Қалғандары көрушілер қатарында болады да, кезектері келгенде ойынды әрі қарай жалғастырады. Ойынға қатынасушылардың бәрі де саусақтарын столдың үстіне салып, өздері столды қоршап отырады. Ойынды алғаш бастайтын ойыншы тек сол жақ қолын ғана салады. Оң жақ сұқ саусағымен столдағы саусақтарды санап шығады:— 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15... Бұдан соң өзі қалаған бір саусақтан бастап ойынның санау сөздерін айта береді. 1. Бірім-бірім, 2. Екім-екім, 3. Үшім-үшім, 4. Төртім-төртім, 5. Бесім-бесім, 6. Алтым-алтым, 7. Ауыр балтам, 8. Қалың қалтам. 9. Алтай-сәлтай. 10. Балақай-алақай. 11. Олпық. 12. Солпық, 13. Сен бұқ (бұл саусақ ішіне қарай бүгіледі). 14. Сен тұр (бұл саусақ басын тік көтереді). 15. Сен шық (бұл саусақ алақанға қарай бүгіліп, саптан шығады).
Ендігі кезек тік тұрған саусақтан басталып, тағы да әрі қарай жоғарғы санау сөздері қайталанады да, 15-ші сөзге жетіп, «Сен шық» дегенде он бесінші саусақ тағы да саптан шығады. Ойынның барысында әркім өз саусағын тезірек түгел есептеп шығарып алуға тырысады. Саусақтары ең соңында қалған адам ұпай тартады.
Осы 15 сан айтылып отырғанда «Сен шық» деген сөздің кімнің саусағына дәл келетінін алдын ала есептеп болжап алуға болады. 3 кейде 2 саусақ ойынның ең артында қалады. Онда сол бұрынғы кезек тәртібімен әлгі санау сөздері қайталана береді.
«Бүк» дегенде бүгіліп қалган саусақтар, яғни 15-ші сөз келгенде «Қасқырдан бұғып қалған төрт түліктің бірі» деп есептеледі де, сол ойыншының құлағына былай деп айғайлайды.
Мысалы, бұғып қалған лақ десе:
Бөрте лағым, бөртимеші.
«Шөре-шөре!»
Құлын десе:
Кер құлыным, кекимеші.
«Құрау-құрау!»
Бұзау десе:
Жалпақ танау
Жас бұзауым, жамырама,
«Әукім-әукім!»
Қозы десе:
Момын қозым, монтия қой.
«Пұшайт-пүшайт!»
Ең соңында қалғандар үшін ұпай шартын ойнаушылар өздері келісіп белгілейді. Ойын ақыл-ойды дамытып, бағыт-бағдар береді. Тіл жаттықтырады, нерв жүйелерін шыңдай түседі.
«Қарақұлақ» деген ойын иттің атынан шыққан. Балалар қарақұлақты жазда ойнайды. Ойын көбінесе кең алаңда, көгалды жерде өтеді. Жиналғандар өздерінің араларынан біреуін «Қарақұлақ» етіп сайлап алады. Ол сол жерде отырған күйі қала береді де, өңгелері қашық кетіп қалады. Содан кейін олар әлгі баланы алыстан қоршап, оған бірте-бірте жақындай береді.
Жақындап келіп, олар баланы бұрын мүлде көрмегендей, бір-бірінен: «Мына жатқан кім?» деп үрейлене сұрайды. Сонда біреу:
— Ойбай-ау, мынау әлгі өзіміздің қарақұлақ қой,— деп тұра қашады. «ҚараҚұлақ!», «ҚараҚұлақ!» деп басқа балалар да тым-тырақай қаша жөнеледі. Қарақұлақ оларды қуады. Оның қуып жетіп ұстағаны «қарақұлақ» болады. Сөйтіп, оны қайтадан басталады. Ойын тез жүгіруге, бұлтарі қашуға үйретеді.