Күміс жалатылған дәрілер шығуы мүмкін
АҚШ-тың Бостон университетінің ғалымдары антибиотиктерді күмістің аз мөлшерімен араластырып шығаруды ұсынып отыр. Өйткені күміс дәрі-дәрмектің бактерияға қарсы қуатын арттырады екен.
Мeddaily.ru-дың хабарлауынша, америкалық мамандар антибиотиктер мен күміс қосындысын тышқандарға қолданып көрген. Зерттеудің нәтижесінде бағалы металл бөлшегі қосылған дәрі-дәрмектердің зәр шығару мен ас қорыту жүйесіндегі бактерияларға қарсы күші 10-нан 1000 есеге дейін артқаны белгілі болды. Мұндай қоспа ең тұрақты деген микроағзалардың өзін өлтіре алатын болып шықты. Бостондық ғалымдар бұдан былай дәрі-дәрмек атаулыны күмісті жабынмен шығаруды ұсынады. Сондай-ақ күміс қосындысымен көне дәрі-дәрмекті жарамды етуге болатынын айтады.
Baq.kz