Жаңалықтар

Абай

Абай (Ибраһим) Құнанбаев — Ұлы ақын, ағартушы және композитор.
29.10.2014 06:57 14434

Абай

Абай (Ибраһим) Құнанбаев — Ұлы ақын, ағартушы және композитор. Ол 1845 ж. 29 шілдеде, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қасқабұлақ жайлауында дүниеге келген. Болашақ ақын сабырлы мінезіне кең пейілі сай ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы мінезді, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өседі.

Абай бала кезінде ширақ, пысық болмағанымен, елдегі шешен, ақын, ертегішілер әңгімесін тез ұғып алатын зеректігімен, ынталылығымен ерекшеленген. 

Әкесі құнанбай қажы «ескітам» деген қоныстан медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытуға жағдай жасаған. абай сегіз жасында әуелі сол «ескітам» медресесінде дәріс тыңдап, ауыл молдасы ғабитханнан оқыған. құнанбай баласының зеректігін байқағаннан кейін, он жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Онда Абай үш жыл оқып дәріс алады. Медресенің үшінші жылында ол осы қаладағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, онда үш ай орысша оқиды.

Абай шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми өлеңдерін оқумен қатар Александр Пушкин, Александр Герцен, Михаил Салтыков-Щедрин, Николай Некрасов, Михаил Лермонтов, Лев Толстой, Иван Крылов, Федор Достоевский, Иван Тургенев, Николай Чернышевский мұраларын да оқып, терең таныс болған. Батыс әдебиетінен Иоганн Гете, Джордж  Байрон сияқты ақындарды оқып, Бенедикт Спиноза, Герберт Спенсер, Чарльз Дарвин, т. б. сынды  ғалымдардың да еңбектерін зерттейді. Есейген шағында, осы өзі оқыған философ, ақын, ғалымдармен іштей пікір таластырып, олардың өзіне әсері болған кесек туындыларын қазақ тіліне аударған.

Абай өлең жазуды он жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған...») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері – «Йузи-рәушән», екіншісі – «Физули, Шәмси». Өлеңдерін қағаз бетіне 1880-жылдардың ортасында түсіре бастайды. «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 – 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Бұл өлең қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүрлі ұғымдардан өзгеше, ішкі ой иірімдері терең. Абай лирикасы көп салалы, көп қырлы болып келеді. Ол қазақ поэзиясында тіл кестесіне, сөз қолдануына да жаңа сипат дарытқан ақын. Абай поэзиясының тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, жүрек лүпілін, сезімнің сан құбылып ойнақшуын көрсететін сипаттамалар, эпитет, метафора және басқа да бейнелі сөздердің жаңа, өзі шығарған соны үлгі-өрнектері мол.

Абайдың ұлылығын танытатын өлеңінің бірі – «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес». Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, табиғат сөзін қалыпты мағынада алып, аспан мен Жер, Күн мен Айды айтып отырған сияқты. Олардың өмірі адам өмірінен ұзақ екені талассыз. «Адам өлмес» деп бірден кесіп айтқан Абай ойын төмендегідей жалғастырады:

...Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес,

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес...

...Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып аяғын көп шалдырған,

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған... – дейді. «Адам өлмес» дегеннің мағынасы өзі өлсе де, кейінгіге сөзі, айтқан ойы қалады деген пікірге саяды. Абай «Өлең сөздің патшасы» өлеңінде «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!» – деп жұртшылықтан ақындық сөзге зор маңыз беріп қарауын, поэзияның жоғары қоғамдық міндетін түсіне білуін талап етті.  Абай оны жақсы түсінді, мұны оның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңіндегі мына шумақтар толық дәлелдейді:

...«Шу дегенде құлағың тосаңсиды,

Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей».

Бұдан ақынның өлең-жырларындағы жаңа, соны ой-пікірлерді жұртшылықтың қалай қабылдайтынына ерекше мән бергені айқын аңғарылады. Өлең-жырға көңіл қоятын қауымнан мән-жайын түсініп, байыбына жетуді талап етті. Сондықтан да «Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей» дейді.

Абай ақын халықтың тағдыры мен қасіретін терең түсініп, оның жоғын жоқтаушы болуға тиіс деп санаған. Абайдың өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар мол. «Сегіз аяқ», «Сен мені не етесің», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жаз», «Желсіз түнде жарық ай», «Болыс болдым, мінеки», «Қызарып, сұрланып», «Келдік талай жерге енді», «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» секілді өлеңдерінің қай қайсысы болса да, мүлде тың дүние, шығармашылық жаңалық. Осыған қоса  аударма өлеңдерден «Жалғыз жалау жалтылдап», «Жолға шықтым қараңғы түнде жалғыз», «Қанжар», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» сияқты тағы сан алуан шығармаларды атауға болар еді.

Абайдың жылдың төрт мезгілін суреттейтін «Қыс» (Ақ киімді, денелі, ақ сақалды), «Күз» (Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан), «Жаз» (Жаздыгүн шілде болғанда), «Жазғытұры» (Жазғытұры қалмайды қыстың сызы) секілді топтама өлеңдерінің де әрқайсысы мазмұн-мағынасы, суреттеу тәсілі, құрылысы жағынан әр түрлі болып шыққан. Сондай-ақ өлең сөз, ән-күйдің мәнін, ақындық өнердің қасиетін бағалайтын, тақырыбы жағынан бір-біріне жалғас «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Адамның кейбір кездері» деген шығармалары да ойды әр қырынан өрбітуі, пікір сонылығы, бейнелеу, айту ерекшелігі бойынша бір-бірінен өзгеше сипат алған.

«Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» атты өлеңдердің қазақ поэзиясында қалыптасқан насихат, өсиет үлгісіндегі нұсқалардан мазмұны да, ойды бейнелеп айту тәсілі де мүлдем өзгеше екені де көңіл аударады. Ал «Сен мені не етесің», «Ем таба алмай», «Қор болды жаным» секілді нәзік лирикалық туындылар қазақ поэзиясында бұрын орын теппеген сыршыл лириканың жаңа үлгілері екені айқын аңғарылады. «Сегіз аяқты» оқығанда мұнда терең сыршылдық, ғибратты насихатшылдық, бейнелеп суреттеуге, тіпті өлең өрнегін өзгеше өрнектеуге шеберлік те – бәрі ұштасып келетіні анық көрінеді.

Қазақтың ақындық тілін, әдеби тілін ұстартып жетілдірді, әдеби тілді биік жаңа сапаға көтеріп, жаңа үлгіде қалыптастырды. Орыс, неміс, т.б. халық ақындарының шығармаларын шеберлікпен аударып, қазақ әдебиетін жаңа ой орамымен байытты. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» бірнеше үзінді-нұсқаларды таңдап алып, «Татьянаның хаты», «Ленскийдің сөзі» атты өлеңдерін шығарды. Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы», «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр», «Жартас», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Альбомға» өлеңдерін қазақтың төл туындысынша сөйлетті. Бұл шығармалар Абайдың ой көрігінде қайта қорытылып, жаңадан дүниеге келген туындылар еді. Абай аудармалары қазақ поэзиясының өркендеп өсу жолындағы баға жетпес зор табыс болды.

Абай мысал өлеңдердің де шебері. Абай «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» (соңғысы толық жетпеген) поэмаларын жазған. Олардың үшеуі де шығыс халқына ортақ сюжетке құрылған. 

Абай әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік философиялық түйіндері бар ғұлама.

Араб, парсы, түрік тілдеріндегі білім көздеріне Абай ерекше көңіл аударады. Айрықша қабілетінің арқасында, өз бетімен жүйелі түрде оқып, араб, парсы тілдерін игеру арқылы ол кезінде Әлихан Бөкейханов айтқандай, қасиетті кітаптардың білімпазы атанады.

Орыстың қоғамдық-философиялық ақыл-ойы ақынның эстетикалық көзқарасының қалыптасуына елеулі әсер етті. Сондай-ақ басын сонау антикалық ежелгі заман мәдениетінен алатын Батыс Еуропа мәдениеті Абай дүниетанымының даму процесінде тарихи сабақтастық желісін атқарды. Қазақ кемеңгері Сократ, Платон, Аристотель еңбектерімен де жақсы таныс болды.

Жалпы, Абайдың философиялық көркемдік, әлеуметтік, гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға