Сергей Стукашов
Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында «Қайраттың» шабуыл шебі күшейіп, қарсыластардың қақпасына гол соғуы жиіледі. Бұл әрине, бірінші кезекте шабуылшылар Стукашов – Пехлеваниди жұбының өзара бірін-бірі жақсы түсінсуінің нәтижесі. Бірақ, сол тандем 1985 жылы үзіліп қалды. Біздің Стукашовтың өнерін КСРО командалары жоғары бағалап, мәскеулік «Динамо» өз қатарларына шақырды. Бүгінгі «100 жылдыққа 100 футболшы» жобасынына еніп отырған футболшыларымыздың бірі – Сергей Стукашов жайлы айтпақшымыз.
Сергей Викторович Стукашов –1959 жылы, 12 қарашада Қарағанды қаласынан 18 шақырым жердегі Ақтас ауылында дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Алғаш футболға жақындығы аулада балалармен доп тебуден басталған. Кейіннен 12 жасқа толғанда «Шахтер» клубының балалар футбол мектебіне қабылданып, дайындыққа автобуспен қатынап тұратын. Жол ұзақтығы футболға деген махаббатына еш бөгет бола алмады. Алғашқы бапкері – Анатолий Владимирович Чудиновтен футболдың қыр-сырын үйренеді.
«Шахтер» 70 жылдардың бас кезінде өте сәтті ойнап, тіпті, Жоғарғы лигаға шығатын мүмкіндіктері болған. Осы команданың құрамындаСергей Ледовских, Виктор Абгольц, Владимир Асылбаев, Юрий Гриджан, Эдуард Сон сияқты шеберлер өнер көрсетті. «Шахтердің» сапында ойнау сол кездегі Қарағандыдағы әрбір жас футболшының арманы болатын. Осындай шеберлермен бірге жас футболшы Сергей Стукашовта команданың құрамына алынды.
1978 жылы 19 жасқа дейінгі КСРО жастар құрамасының бапкері –Сергей Михайлович Мосягин құрамаға жас шабуылшы Стукашовты шақырады. Сол жылы құрамында Стукашов өнер көрсеткен КСРО жастар құрамасы Еуропа чемпионы атанды. Бұл жас шабуылшының даңқын қарт құрлыққа танытты. Осыдан кейін бұл футболшыға көз тіккендер көп болды. Бірақ, бәрінен бұрын алматылық «Қайрат» өз қатарларына қосуға асығып, ақыры екі жақты келісім нәтижесінде Сергей команда құрамын толықтырды.
Ол «Қайратқа» келгенде Станислав Каминский, Тимур Сегізбаев, Леонид Остроушко сияқты бапкерлер тобы жұмыс істейтін. Осы мамандар футболшының Жоғары лигадағы тіс қаққан қорғаушыларға қарсы қалай ойнау керектігін жас шабуылшыға үйретіп бақты.
Ал 1979 жылы «Қайратқа» бапкерлікке Игорь Волчок келді. Бұл бапкердің келуімен көптеген жас таланттар негізгі құрамда ойнауға мүмкіндік алды. Сергейден басқа Кұрбан Бердыев, Вахида Масудов, Евстафия Пехлеваниди, Геннадий Штромбергер сияқты ойыншыларға мүмкіндік ашылды.
Жалпы еліміздің сол кездегі бас командасы сапында 1971-1984 жылдары аралығында 185 ойында 52 рет қанжығасын майлаған. Әсіресе, 1983 жылы Волгоградтың «Роторына» дубль жасағаны көптеген жанкүйерлердің есінде. Сондай-ақ, «Қайрат» сол жылы чемпион болған «Днепрді» 3:2 есебімен ұтқанда, бір голды Стукашов соқса, Пехлеваниди дубль жасады. Бұл екі шабуылшының жоғарыда айтқандай өзара түсіністігінің тағы бір дәлелі.
1984 жылы КСРО олимпиадалық құрамасының бас бапкері –Эдуард Малофеев футболшымызды олимпиадалық құрамаға шақырады. Кейіннен бұл бапкер мәскеулік «Динамо» мен КСРО құрамасының бас бапкері болған кезде, өзіне жақсы таныс Сергейді «Динамоның» құрамынан көргісі келді. Ұлттық құрамада доп тебу үшін таптырмайтын жол мәскеулік команда сапында өнер көрсету екенін түсініп, содан Мәскеуге жол тартады. «Қайратты» тастап кету әсте, оңай емес. Бірақ, өзіңнің мүмкіндігіңді толық паш ету үшін деңгейі жоғары командада өнер көрсету қажет. Осындай ойлардан кейін шешім қабылдап, «Динамомен» келісім-шартқа отырады.
Ол 1985-1988 жылдар аралығында «Динамо» сапында 73 (19) ойын өткізді. «Динамо» 1986 жылы КСРО чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Еурододаларда барлығы сегіз кездесуге қатысты. Мәскеулік команданың қатарында жүріп УЕФА Кубогы аясында атақты испандық «Барселонаға» қарсы ойнаған тұңғыш қазақстандық футболшы.
КСРО ұлттық құрамасы сапында алғашқы ойынын (28.03.1984) Үндістан құрамасына қарсы өткізді. КСРО құрамасында барлығы алты ойын өткізіп, екі гол соқты. Сол кездері Дасаев, Сулаквелидзе, Черенков, Гоцманов сияқты атақты футболшылармен қатар ұлттық құрамада ойнау кез келген футболшыға бұйыра бермейтін бақыт болатын. Кейінен бас команданың тізгінін Лобановский ұстаған соң, құрама негізінен Киевтің «Динамосынан» жасақталды. Осылайша, Лобановский келгеннен кейін ұлттық құрама есігі Стуакашов үшін жабық болды.
Сергей Стукашов – футболдан ерте кеткен ойыншыларымыздың бірі. Жарақат деп аталатын споршылардың қас жауы, бұл футболшыны да айналып өтпеді. Оң жақ тізесінің жарақаты қайта сыр беріп, негізгі құрамдағы орнын жоғалта бастайды. Жасатқан отасы да сәтсіз болып, көптеген ойындарға қатыса алмады. Денсаулық дұрыс болмаса, ойыны да дұрыс болмайтынын түсініп, небәрі 29 жасында үлкен спортпен қош айтысады. Футболшы ретінде барлығы 264 (72) ойын өткізсе, Жоғарғы лигада гол 223 (52) рет алаңға шыққан. Еурододаларда сегіз кездесу өткізген.
Бапкер ретінде мына командаларда қызмет атқарған:
1991 жылы бапкерлер даярлайтын мектепті тәмәмдады;
1992-1998 жж. балалар мен жасөспірімдердің жалғыз олимпиадалықрезерв мектебінің (СДЮШОР) «Динамо» (Мәскеу) бапкері;
1998-2001 жж. РФО Құрама командалар бөлімінің жаттықтырушысы;
2002 ж. (қаңтар) –2002 ж. (мамыр) – «Спартак» Щёлково командасының бас бапкері;
2003 ж. (қаңтар) – 2006 ж. (наурыз) – «Рубин» (дубль) аға бапкері;
2006 ж. (наурыз) – Л.И.Яшин атындағы ЦПФ ФК «Динамо» (Мәскеу) командасының бапкері. (2001 жылдан бастап, бас бапкері) 1992 жылы (бас бапкердің көмекшісі);
Бек Төлеуов «Sport» газеті.