Жаңалықтар

Болат Назарбаевтың ықпалы бар: Алматы облысында бүтін бір ауыл бір отбасының меншігіне айналған

Болат Назарбаевтың ықпалы бар: Алматы облысында бүтін бір ауыл бір отбасының меншігіне айналған
Фото: Фото: t.me/mazhilis_kz 21.06.2023 18:12 11785

Алматы облысында түгелдей бір ауыл бір отбасының меншігіне айналып кеткен. Бұл туралы Мәжілістің отырысында депутат Бақытжан Базарбек айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әңгіме Еңбекшіқазақ ауданында Асысаға ауылы жайлы. Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, мұның артында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған бауыры Болат Назарбаевтың ықпал етуімен тағайындалған әкім тұр. Дәл сол әкім заңсыз қаулы шығарып, жайылым жер бүтін бір отбасының меншігіне өткен.

 «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға түскен отырыста депутат Назарбаев әулетінің заңсыздықтарға жол бергенін ашып айтты. Бақытжан Базарбек бассыздықтың кесірінен бір отбасы 9 мың гектар жерді иемденіп алғанын алға тартты.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Асысаға деген ауыл бар. Онда 11 мың гектар жайылым жер бар еді. 2013-2015 жылдар аралығында Болат Назарбаев қойған әкімнің заңсыз қаулысының салдарынан 11 гектар жайылымның 9 мың гектары бір отбасының жекеменшігіне өтіп кеткен. Әкесі – 2 300 гектар, үлкен ұлы – 1 370 гектар, ортаншы ұлы – 1 340 гектар, ортаншы қызы – 1 260 гектар, кіші қызы – 1 760 гектар және оның күйеуі 1 670 гектар жерді иеленді. Осылайша, бір ауылдың жері бір отбасы мүшелерінің жекеменшігіне және жер пайдалану құқығына өтіп кеткен, - деді.

Депутаттың сөзіне қарағанда, «Жер аманаты» республикалық комиссиясы соның 6 500 гектар жерін мемлекеттік меншік иесіне қайтарған.

Мұны неге айтып отырмын? Жайылым жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұр. Біз «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылым жерлерді ығай мен сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жер ретінде енгізіледі, - деді Бақытжан Базарбек.

Заң жобасына сәйкес елді мекенде 5 жыл тұрған азамат енді қосымша ұпайға ие болады.

Заң жобасы жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға мүмкіндік бермейді. Енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі. Жайылымды жерлерді кооперативтерге береміз және кооперативтерді қолдаймыз, - деді депутат.

Бұл Болат Назарбаевтың қатысы бар алғашқы жер дауы емес. Бұған дейін 300 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылған болатын. Маңғыстау облысында 239 мың гектар және Жамбыл облысында 60 мың гектар жер қайтарылды, ал олардың меншік иесі Болат Назарбаевтың еншілес компаниялары болды.

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаевтың інісіне тиесілі «Барыс» автобазары да мемлекетке қайтарылғанын жазғанбыз. Алматы облысы Қарасай аудандық соты «Барыс» автобазары орналасқан учаскені сату туралы келісімшарттарды жарамсыз деп тапқан.

Сотқа жолдаған талап арызында Қарасай ауданының прокуроры  2004-2019 жылдар аралығында мемлекеттік мекемелер мен жауапкер Н. арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тануды сұрады, – делінген  аудандық сот таратқан мәлімдемеде. 

Сотта Болат Назарбаевқа жер телімін беру кезінде облыстық жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органмен және жер учаскелерінің санатын беру жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен келісілмегендігі анықталды. Сол себепті жер телімдерін беру ережелері бұзылған. Бастапқыда бұл жер ауылшаруашылық жеріне тиесілі болған.

Еліміздегі ең ірі көлік базары саналатын «Барыс» автобазарының жер көлемі 35 гектардан асады. 

Ал осыдан бірнеше күн бұрын Сауда және интеграция министрлігі Болат Назарбаевқа тиесілі болған «Алтын Орда» базарындағы құқық бұзушылықтар жайлы мәлімдеген болатын. Министрлік базар жұмысына қатысты call-орталыққа және телеграм-чатқа екі жүзден астам арыз-шағым түскенін айтты.

Шағымдардың негізгі көлемі базар әкімшілігінің әрекеттерімен және жалға алушылар мен саудагерлерден жалға алу орындарына қаражат жинауды бақылаумен, нарықтың санитарлық жағдайымен, бақылау таразылары мен кассалық аппараттардың жетіспеушілігімен, павильондарда желдету мен кондиционерлердің болмауымен, жаяу жүргіншілер көпіріндегі заңсыз саудамен байланысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға