Болашақта қонақ үйде роботтар қызмет көрсетуі мүмкін

 жасанды интеллектпен жасалды
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект пен робототехника саласы жаңа деңгейге көтерілгелі отыр. Елдегі RLWRLD стартапы қонақ үй, қойма және дүкен қызметкерлерінің күнделікті жұмыс істеу тәсілдерін зерттеп, сол арқылы роботтарды оқытуды қолға алған. Жоба авторларының айтуынша, болашақта мұндай технология роботтарға адам секілді түрлі физикалық жұмысты орындауға мүмкіндік береді.

Роботтар адамдардың қимылын қайталайды

Қазір RLWRLD компаниясы әртүрлі салада жұмыс істейтін адамдардың қозғалысын арнайы құрылғылар арқылы жазып жүр. Мәселен, Сеулдегі бес жұлдызды Lotte Hotel Seoul қонақ үйінде қызметкер Дэвид Парк басына, кеудесіне және қолына камера тағып, күнделікті жұмысын орындайды. Ол майлық бүктейді, ыдыс-аяқ сүртеді, заттарды реттейді. Осы әрекеттердің бәрі арнайы жүйеге жазылып, кейін роботтарға арналған дата-сетке айналады.

Стартап тек қонақ үй саласымен шектеліп отырған жоқ. Компания логистика алыбы CJ Logistics қызметкерлерінің қоймадағы жұмысын да бақылауда. Онда адамдардың тауарды қалай көтеретіні, таситыны және орналастыратыны зерттеледі. Сонымен қатар жапондық Lawson дүкендер желісіндегі қызметкерлердің сөреге өнім қою әрекеттері де жазылып жатыр.

Оқи отырыңыз:

Инженерлер роботтың қолын жетілдіруге назар аударды

RLWRLD инженерлері әсіресе қолдың қозғалысына ерекше мән береді. Себебі робот үшін затты дәл ұстап, оны құлатпай алып жүру немесе қажетті жерге қою – ең күрделі міндеттердің бірі.

Жиналған мәліметтерді нақтылау үшін мамандар VR-көзілдірік, арнайы қолғаптар мен қосымша камераларды қолданады. Соның арқасында жүйе адамның қолының бұрылу бұрышын, буындардың қозғалысын және затты қандай күшпен ұстап тұрғанын да тіркей алады.

Компания болашақта мұндай роботтар қонақ үйлерде, зауыттарда, қоймаларда, тіпті үй шаруасында да қолданылуы мүмкін екенін айтады.

Роботтар адам секілді ойлап, әрекет ете ала ма

Сарапшылар пікірінше, қазіргі робототехника саласы генеративті жасанды интеллект жолымен дамып келеді. Бұрын роботтар тек бір ғана әрекетке бейімделсе, қазір компаниялар түрлі жағдайда жұмыс істей алатын әмбебап жүйе жасауға тырысып жатыр.

Бұл бағытта ірі технологиялық компаниялар да белсенді жұмыс істеп келеді. Мысалы, Google DeepMind Open X-Embodiment жобасы аясында 22 түрлі роботтан жиналған мәліметтерді пайдаланып, роботтардың бір-бірінен тәжірибе үйренуін зерттеп жатыр.

Ал NVIDIA ұсынған Project GR00T платформасы гуманоид роботтарды тіл, видео және адамның әрекеті арқылы оқытуға бағытталған.

Сондай-ақ Boston Dynamics пен Toyota Research Institute мамандары Atlas роботын күрделірек тапсырмаларға үйретіп жатыр. Мысалы, робот енді тек бір қимылды қайталап қана қоймай, затты өзі тауып, қолына алып, керек жерге апарып қоя алады.

Оңтүстік Корея неге бұл салаға сенім артып отыр

Оңтүстік Корея робототехника саласында бұрыннан көшбасшы елдердің бірі саналады. Халықаралық робототехника федерациясының мәліметінше, 2024 жылы ел өндірістегі робот саны бойынша әлемде бірінші орын алған. Қазір Кореяда әр 10 мың өндіріс қызметкеріне шамамен 1220 роботтан келеді.

Сарапшылардың айтуынша, дәл осы тәжірибе Кореяға физикалық жасанды интеллект бағытында артықшылық беруі мүмкін. Өйткені елде зауыттар, инженерлік база және автоматтандыру тәжірибесі бұрыннан қалыптасқан.

Егер мұндай жобалар сәтті іске асса, Оңтүстік Корея өндіріс, логистика және сервис салаларында жасанды интеллектіні іс жүзінде қолдану бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз