Оқушылар жасаған жоба: ым тілін енді жасанды интеллект аударады

 magnific.com
Фото: magnific.com

Жасанды интеллект бүгінде тек мәтін жазып, сурет салумен шектелмейді. Енді ол адамдар арасындағы байланысты жеңілдетуге де көмектесе бастады. АҚШ-тағы екі мектеп оқушысы есту қабілеті нашар адамдарға арналған ерекше технология жасап шығарды. Олар әзірлеген жүйе ым тілін нақты уақытта аударып, қарапайым сөйлесуді әлдеқайда қолжетімді етпек.

Оқушылар жасаған ерекше жоба

АҚШ-тың Техас штатында тұратын жоғары сынып оқушылары Шивен Велагпуди мен Аади Сангви «Hand Wave» деп аталатын жобаны әзірледі. Бұл – ым тілін камера арқылы танып, оны мәтінге немесе дыбысқа аударатын жүйе.

Жасөспірімдер жобамен мектеп тапсырмасы ретінде емес, өз отбасындағы жағдайдан кейін айналыса бастаған. Аади Сангвидің ағасы ым тілі арқылы сөйлессе, Шивен Велагпудидің әкесі бір құлағынан кенет естімей қалған. Осыдан кейін олар адамдар арасындағы байланысты жеңілдететін технология жасау туралы ойлана бастаған.

«Hand Wave» қалай жұмыс істейді?

Жоба арнайы камерасы бар ақылды көзілдірік арқылы жұмыс істейді. Көзілдірік қарсы алдындағы адамның қол қимылдарын бақылап, оларды жасанды интеллект көмегімен талдайды. Алгоритм саусақтардың орналасуын, қолдың қозғалысын анықтап, оны алдын ала енгізілген белгілермен салыстырады.

Содан кейін жүйе ым тілін мәтінге немесе дыбысқа айналдырады. Әзірлеушілердің айтуынша, болашақта қолданушы аударманы сөйлесу барысында бірден ести алады.

Қазір оқушылар жобаны өз үйлеріндегі шағын зертханада дамытып жатыр. Бірнеше ай ішінде олар жүйені әріптер мен қарапайым сөз тіркестерін тануға үйреткен.

Идея жай қызығушылықтан басталған

Шивен Велагпудидің айтуынша, бастапқыда олар бұл жобаны жай қызық үшін бастаған. Бірақ кейін оның шын мәнінде көптеген адамға қажет технология екенін түсінген.

Оның сөзінше, ым тілі адамдарды біріктіреді, алайда оны бәрі бірдей түсіне бермейді. Сондықтан мұндай жүйелер есту қабілеті бұзылған адамдар мен қарапайым қолданушылар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетуі мүмкін.

Әлемде мұндай технологияларға сұраныс артып келеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір әлемде 430 миллионнан астам адам есту қабілетіне байланысты оңалту көмегіне мұқтаж. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 700 миллионнан асуы мүмкін.

Сонымен қатар Дүниежүзілік саңыраулар федерациясы әлемде 70 миллионнан астам адам ым тілі арқылы сөйлейтінін айтады. Бірақ әлемде ортақ бір ғана ым тілі жоқ. Қазір 200-ден астам ұлттық ым тілі бар және олардың әрқайсысының грамматикасы мен белгілері әртүрлі.

Сондықтан «Hand Wave» секілді жобаларды басқа елдерге бейімдеу оңай болмайды. Мысалы, америкалық ым тілі британдық немесе орыс ым тілінен айтарлықтай ерекшеленеді. Демек, әр тіл үшін бөлек деректер базасын жинап, жүйені қайта үйрету қажет.

Мұндай технологиялар не үшін маңызды?

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жүйелер білім беру мен жұмыс істеу кезінде үлкен көмек бере алады. Егер аударма жылдам әрі дәл жұмыс істесе, есту қабілеті нашар адамдар сабаққа, жиналысқа немесе күнделікті әңгімеге оңай араласа алады.

Әсіресе күнделікті өмірдегі қысқа әңгімелер кезінде мұндай технологиялардың көмегі көп болуы мүмкін. Мысалы, дүкенде сауда жасағанда, қоғамдық көлікте, қонақүйде немесе оқу орнында адамдардың бір-бірін түсінуі әлдеқайда жеңілдейді.

Айта кетейік, ым тілін автоматты түрде аудару идеясы бұған дейін де бірнеше рет қолға алынған. Мәселен, «SignAll» жобасы ым тілін камералар мен сенсорлар арқылы аударуға арналған жүйе әзірлеген. Ал 2026 жылы «Sorenson» компаниясы күнделікті қысқа сөйлесулерге арналған жаңа аударма жүйесін таныстырды.

Дегенмен «Hand Wave» жобасының ерекшелігі – оны кәсіби инженерлер емес, қарапайым мектеп оқушылары жасағаны. Қазір жоба әлі даму кезеңінде. Бірақ жасөспірімдер қаржылай қолдау болса, болашақта толыққанды прототип жасап, оны шынайы ортада сынап көруге болатынына сенімді.

Оқи отырыңыз