«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин 14 тамызда «Орталық стадионда» өтетін Канье Уэсттің концертіне қатысты пікір білдірді. Бапкердің сөзінше, қала үшін америкалық рэпердің концерті еурокубок матчынан маңыздырақ болып тұр.
Алматының «Қайраты» 29 шілде күні Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңі аясында «Омонияны» қабылдайды. Егер екі ойын нәтижесі бойынша жеңіске жетсе, келесі кезеңге өтеді. Үшінші айналым матчтары 12 тамызға тұспа-тұс келеді. Ал атақты әнші Канье Уэстің менеджері 14 тамыз күні «Орталық стадионда» америкалық рэпердің концерті өтетінін хабарлады.
Клуб басшылығы ұйымдастырушылардың ұжыммен ақылдаспағанын, «Қайрат» 8 және 15 тамыз күндері өз алаңында Қазақстан чемпионаты аясындағы матчты, 11-13 тамыз аралығында еурокубоктағы кездесін өткізуі керегін хабарлады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мұндай ауқымды концертті өткізу сахна мен техникалық жабдықтарды ұзақ уақыт бойы орнатуды және бөлшектеуді талап етеді. Сондай-ақ бұл футбол алаңы мен стадион инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіреді. Тығыз спорт күнтізбесі жағдайында мұның барлығы алаң сапасына, стадионды ресми матчтарға дайындау процесіне, белгіленген талаптарға сай ойындарды өткізу мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал, – деп мәлімдеген еді клубтың баспасөз орталығы.
Еурокубок ойыны Түркістанда өтеді
Десе де Канье Уэстің концерті ресми түрде 14 тамыз күні «Орталық стадионда» өтетін болды. Ал клуб еурокубок кездесуін Түркістанға ауыстырды.
Алдағы концертке байланысты «Қайрат» ФК-ның негізгі стадионы аталған кездесуді өткізуге қолжетімсіз болады. Қалыптасқан жағдай мен еурокубок күнтізбесінің тығыздығын ескере отырып, клуб УЕФА-ға үшінші іріктеу кезеңіндегі ықтимал өз алаңындағы матчтың өтетін орнын ауыстыру туралы өтініш жолдады. Өтініш қаралғаннан кейін кездесуді Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өткізуге келісім берілді, – деп мәлімдеді клуб.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Осы шешімге қатысты клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин де пікір білдіріп, қала үшін концерт бірінші орында тұрғанына қынжылды.
Еурокубок ойыны өтетін жердің ауысуына келсек, бізде Шымкент пен Астана нұсқасы болды. Бірақ Түркістанды таңдадық. Таңдайтын мүмкіндік болмады. Қала үшін концерт «Қайраттан» маңыздырақ екен. Ендеше Түркістанда ойнаймыз, – деді Уразбахтин Қазақстан чемпионатындағы «Ордабасымен» өткен матчтан кейін.
Ал Чемпиондар лигасы әнұраны Түркістанда әуелеуі үшін «Қайрат» «Омонияны» жеңуі керек. Алматылықтар Кипр жерінде өткен алғашқы ойында 1:0 есебімен жеңіліс тапты.
Иә, Омонияға қарсы матч қандай нәтижемен аяқталса да, «Қайрат» келесі кезеңнің ойынын Түркістанда өткізеді. «Омонияны» жеңе алса, «Левски София» не «Университатя Крайоваға» қарсы ойнайды. Еуропа лигасына түскен жағдайда гибралтарлық командамен Түркістанда кездеседі, – дейді спорт журналисі Әлім Динасылов.
«Бәрі қаржы мәселесіне келіп тіреледі»
Спорт сарапшысы Болат Есмағамбетовтің айтуынша, қала әкімдігі бюджетке көбірек пайда әкелетін нұсқаны таңдап отыр.
Бұл жерде «Орталық стадион» әкімдікке қарайтынын ұмытпайық. Меніңше, «Қайрат» стадионды жалға алғаны үшін ақша төлейді. Ал әкімдік Канье Уэст арқылы қалаға көбірек турист тартады, көбірек ақша табады. Билет бағасы удай қымбат болатыны белгілі. Оған қоса рэпердің кестесі осы уақытқа тура келген болар. Сондықтан мәселе қаржы жағына келіп тіреледі, – дейді сарапшы
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сарапшының айтуынша, бір жағынан «Қайрат» клубының ренішін түсінуге болады, екінші жағынан футбол командалары инфрақұрылымды жақсартуды қолға алуы керек.
Әр клубтың жеке стадионы болуы керегін айтқанымызға біраз жыл болды. Инфрақұрылымға ақша құйып, әрекет еткенде мынадай түсініспеушілік болмайды. Сонда меншігіңдегі дүниеге қатысты шешімді өзің қабылдайсың, – дейді спорт сарапшысы Болат Есмағамбетов.
Түркістанға жанкүйер жинала ма?
Спорт журналисі Әлім Динасыловтың айтуынша, Түркістанда жанкүйер жинау мәселесіне көңіл бөлу керек. Өйткені өткен жылы «Қайрат» еурокубок арасындағы екі кезедсуді Астанада өткізді. Алматылық жанкүйерлер матчқа келе алмаған соң, қолдау анау айтқандай болған жоқ.
Әрине, Алматыдағыдай қолдау болуы екіталай. Алайда, ҚПЛ-дың өткен турында «Ордабасы» жасағандай, «Қайрат» басшылығы да жанкүйерлеріне қолдау көрсетіп, Түркістанға дейінгі шаттл-бастарды ұйымдастырса, керемет болар еді. Клуб та қолдаусыз қалмайды, жанкүйерлер де өз командасының ойынын көре алады, – дейді спорт журналисі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оған қоса журналист матч бағасына қатысты пікір білдіріп, «Қайрат» өткен жылғыдай билет бағасын көтермесе, басқа қалада да жанкүйер жинай алатынын атап өтті.
Ал билет бағасына келсек, әрине, Түркістандағы бағалар неғұрылым төмен болса, көбірек жанкүйер келеді. Өйткені бейтарап жанкүйер «Қайраттың» ойынын көру үшін біраз қаржы жұмсамайтыны анық. Әзірше, билет бағасыы белгісіз, бірақ «Қайрат» жанкүйерлердің көбірек келгенін қаласа, баға саясаты да соған сай болуы керек, – деді Әлім Динасылов.
Айта кетейік, өткен маусымда «Қайрат» тарихи нәтижеге қол жеткізіп, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған еді. Сол маусымда Алматыға Мадридтің «Реалы» келіп, сенсация тіркелді. Сөйтіп, алматылық клуб Еуропаның ең беделді клубтық турнирінде сегіз матч өткізді.