Қазақ сән индустриясында кейнгі уақытта ұлттық нақышқа жаңа көзқараспен қарайтын жас дизайнерлер көбейіп келеді. Бірақ солардың ішінде көкпаршылардың эстетикасын, мінезін және рухын заманауи сәнмен ұштастырып, халықаралық подиумға алып шыққан 19 жастағы Ақбота Қасымбек ерекше көзге түсті.
«Көкпардың айналасындағы бүкіл атмосфера мені шабыттандырды»
Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті алғаш рет көкпаршыларға арналған киім топтамасын әзірлеп, оны халықаралық Visa Fashion Week аясында таныстырды. Ақбота – Next Designer Award empowered by Visa финалисі әрі Gazhaiyip брендінің негізін қалаушы. Оның жұмысы сән әлеміне тек жаңа образ емес, ұлттық кодты жаңаша танудың үлгісі ретінде қабылданды.
Жас дизайнердің айтуынша, көкпар тақырыбы бастапқыда университеттегі қарапайым тапсырмадан басталған. Бірақ уақыт өте келе ол үлкен шығармашылық зерттеуге айналып кеткен.
Көп суретшілердің жұмыстарын қарадым. Солар маған үлкен шабыт берді. Бірте-бірте бұл тақырыпты өзіме жақын тартып кеттім. Өзіме де көкпардың айналасы қатты қызық болды. Бұл – өте ауқымды тақырып. Оны зерттей беруге болады. Тек киімдері ғана емес, көкпар алаңындағы бүкіл элементтер маған шабыт сыйлады, – дейді Ақбота.
Ол өз топтамасында көкпардың динамикасын, қатал мінезін және қозғалысын киім арқылы жеткізуге тырысқан.
Ол өз топтамасында көкпардың динамикасын, қатал мінезін және қозғалысын киім арқылы жеткізуге тырысқан.
Ақботаның сөзінше, топтамадағы көлемді детальдар, ауыр фактуралар мен ерекше аксессуарлардың барлығы қозғалыс пен күштің символына айналған. Тіпті ол көкпар атмосферасынан шабыт алып, шина элементінен сөмке де жасаған.
Киімде көлемді детальдар арқылы сол рухты көрсеткім келді. Шинадан жасалған сөмке де бар. Оның барлығы драйв, қозғалыс, қуат сияқты әсер береді деп ойлаймын, – дейді жас дизайнер.
«Мен елестеткен мінез шын өмірде де бар екен»
Топтаманы дайындау барысында Ақбота алғаш рет шынайы көкпар ойынын өз көзімен көрген. Оның айтуынша, дәл сол сәт коллекцияның тағдырын өзгерткен.
Топтаманы әзірлеу кезінде алғаш рет шын көкпарға бардым. Көкпарды өз көзіммен көрдім. Көкпаршылармен сөйлестім. Оларға өз идеямды айттым. Мені қолдады. Көкпардан өте қатты әсер алдым. Мен елестеткендей олардың мінезі шын өмірде де сондай екен. Сол себепті бұл менің топтама әзірлеуіме үлкен септігін тигізді, – дейді ол.
Ол көкпаршылардың батылдығы, тәуекелі мен ішкі рухы коллекциядағы басты образдарға айналғанын айтады.
400 қатысушының ішінен суырылып шықты
Ақбота бұл жобаны жасағанда оның халықаралық деңгейдегі сән көрсетіліміне өтетініне бастапқыда сенбегенін жасырмады.
Дегенмен жас дизайнер қатысқан байқауға 400-ге жуық адам өтініш берген. Соның ішінен тек 16 қатысушы финалға жолдама алып, төрт дизайнер ғана Visa Fashion Week подиумына шығу мүмкіндігіне ие болған.
Көкпар топтамасын жасағанда қатты толқыдым әрі ерекше шабыттандым. Бірақ іріктеуден өтемін деп ойламадым, – дейді.
«Ұлттық киім дегенде тек оюлы шапанды елестетпеуіміз керек»
Ақботаның айтуынша, оның басты мақсаты – ұлттық сән туралы қалыптасқан стереотипті өзгерту.
Шынымды айтсам, біз ұлттық киім дегенде көбіне оюы бар шапанды ғана елестетеміз. Бірақ қазақы код тек шапанда емес. Көкпаршылардың киімінде де ұлттық код бар. Сол элементті күнделікті өмірге енгізуге болады деген ой айтқым келді, – дейді ол.
Дизайнер ұлттық спорт пен сән бір-біріне алыс дүние болып көрінгенімен, екеуін байланыстыратын ортақ рух бар екенін айтады.
Ұлттық ойын мен спорт сәнмен қатты сәйкес келмейтін дүние сияқты көрінеді. Бірақ менде сондай идея туды. Сол арқылы адамдарға қазақы стильдің басқа қырын көрсеткім келді, – дейді дизайнер.
«Visa Fashion Week бала күнгі арманым еді»
Жас дизайнер үшін халықаралық подиумға шығу – бала күннен келе жатқан үлкен арманы. Бүгінде сол арманы орындалып, төбесі көкке жеткендей.
Visa Fashion Week сахнасына алғаш шыққанда өте ерекше сезімде болдым. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл менің кішкентай кезімнен келе жатқан арманым еді, – дейді ол.
Сол күнгі бір сөз оның есінде ерекше қалыпты.
Көрсетілім алдында бір адам маған: «Осы бес секундты есіңде сақтап қал» деді. Сол сәттен кейін бәрі тіпті ерекше сезілді, – деп еске алды.
Подиумдағы бірнеше минуттық көрсетілімнің артында үлкен еңбек тұрғанын Ақбота жасырмады. Ол осындай кезде әрі студент, әрі дизайнер ретінде жұмыс істеудің қиын болғанын айтады.
Негізгі қиындықтың бірі оқумен қатар алып жүру болды. Мен аптасына алты күн университетте оқимын. Бос уақытым өте аз болды. Жексенбі күндері күні бойы тігінмен айналыстым, – дейді ол.
Коллекцияның барлық киімі Қарағандыда, ата-анасының тігін цехында дайындалған. Көрсетілімге дейінгі соңғы екі-үш ай демалыссыз өткенін тілге тиек етті.
«Ғажайыпқа сенемін»
Ақботаның бренді – Gazhaiyip. Дизайнер бұл атаудың артында үлкен философия жатқанын айтады.
Кішкентай кезімнен ғажайыпқа қатты сенемін. Бұл өмірде ғажайып бар деп ойлаймын. Мектеп кезінде «Magic Shop» деп аталатын шағын дүкен аштым. Кейін сол идея қазақша сипат алып, бренд атауына айналды. Бұл жерде екі мағына бар. Біріншісі – «ғажайып ол сен». Екіншісі – «ғажайыпқа сен» деген ой, – дейді дизайнер.
Ол сән мен өнерді бір-бірінен бөліп жармайтынын айтады.
Менің ойымша, сән мен өнердің айырмашылығы жоқ. Сән – өнердің бір түрі. Дизайнерлер киім арқылы түрлі тақырыптарды қозғайды. Көрсетілім арқылы үлкен көрініс жасайды. Ең алдымен өзімді дизайнер ретінде қабылдаймын. Дизайнерлер де суретші. Өйткені біз алдымен сурет саламыз, кейін оны өмірге әкелеміз, – дейді.
Жас дизайнер қазіргі жастардың ұлттық стильге деген қызығушылығы артып келе жатқанын айтады.
Бұрын ұлттық киімді көбіне үлкен буын киетін. Қазір жастар да киіп жүр. Десе де, көбісі тек Наурыз кезінде киеді. Осы бағытты жандандыра берсек, ұлттық стильді барлық адам күнделікті өмірде киеді деп ойлаймын, – дейді дизайнер.
Соған қарамастан, Ақбота болашақта қазақы стиль күнделікті сәннің бір бөлігіне айналатынына сенеді.
«Менің ішімде үлкен рух бар сияқты»
Ақботаның жұмыстары туралы айтқанда көрермендер көбіне әйел нәзіктігі мен спорттық рухтың қатар сезілетінін айтады. Бірақ дизайнер мұны арнайы жасалған контраст деп есептемейді.
Бәрі солай айтып жатады. Өзім қыз болғандықтан шығар, сондай контраст көрінеді екен. Менің ойымша, менің ішімде үлкен рух бар. Осы топтаманы әзірлеу барысында ерекше шабыт пен қуатты сезіндім, – дейді ол.
«Қазақ сәнін әлем білуі тиіс»
Бүгінде ол жас болса да, үлкен мақсатқа ұмтылып келеді. Ақбота болашақта өз брендін әлемдік деңгейде көрсетпек ойда.
Қазақ сәнінің әлемдік деңгейде болғанын қалаймын. Әлем біздің өнерімізді, ұлттық ерекшелігімізді білуі тиіс, – деді Ақбота.
Дизайнер келешекте шетелдің сән көрсетілімдерінде өнер көрсетуді армандайды. Ал оның бүгінгі жұмысына қарап, бұл арманның шындыққа айналуы әбден мүмкін екенін аңғаруға болады.