Сұлулық жолында құрбан болғандар: қай кезде пластикалық операция қауіпті

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Сұлулыққа ұмтылудың соңы кейде қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Алматылық блогер Сәуле Ермаханованың липосакциядан кейін қайтыс болуы пластикалық хирургияның қауіпсіздігі туралы мәселені қайта еске салды. Қазақстанда мұндай қайғылы жағдайлар бұған дейін де тіркелген.

Липосакция қаншалықты қауіпті және пациент нені білуі керек? El.kz тілшісі хирургтан сұрап көрді.

Сәуле Ермаханова кім?

53 жастағы кәсіпкер Сәуле Ермаханова әлеуметтік желіде «Базархан» есімімен танымал болған. Оның Instagram парақшасында 1,1 миллионнан астам оқырманы бар. Сондай-ақ ол Dental Clinic Dr.Naimanbayev стоматологиялық орталығының басқарушы директоры қызметін атқарған.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, блогер «Муз Премия-2023» жобасында бизнес-леди атанса, «MUZA-2025» байқауында «үздік кәсіпкер блогер» номинациясын иеленген.

Ол шоу-бизнес өкілдерімен де тығыз араласқан. Әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова марқұмның жақын құрбысы болғанын айтқан.

Фото: Сәуле Ермаханова парақшасынан

Қайғылы оқиға қалай болды?

Марқұмның қызының айтуынша, 15 мамыр күні Сәуле Ермаханова Алматыдағы жекеменшік клиникалардың біріне липосакция жасатуға барған. Операция жергілікті анестезиямен жасалуы тиіс болған. Алайда бірнеше сағат өткен соң туыстарына оның қайтыс болғаны хабарланған.

Кейін Алматы полициясы Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын растады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Қазақстанда мұндай жағдайлар бұрын да болған

Пластикалық хирург Висал Мамедовтың айтуынша, дәл осындай қайғылы оқиға бұрын да тіркелген. Атап айтсақ, 2020 жылы Алматыда 36 жастағы Жәмила Жылқайдарова липосакциядан кейін көз жұмған. Туыстары дәрігерлер әйелдің қайтыс болғанын кеш хабарлағанын айтқан. Марқұм төрт баланың анасы болған.

Ал 2018 жылы Алматыда пластикалық хирургияға қатысты тағы бір резонансты іс қоғам талқысына түскен. Ол кезде операциядан кейінгі өлімге байланысты дәрігер үстінен іс қозғалған болатын.

Фото: psychologies

Қандай жағдайда операция жасалмайды?

Сондықтан хирург денсаулықта мәселе болса, пластикалық операция жасауға болмайтынын айтты.

Біріншіден, науқастың созылмалы аурулары ескеріледі. Міндетті түрде анализдер тапсырылады. Анализдердің жарамдылық мерзімі шамамен 10-14 күннен аспауы керек. Егер ағзада қабыну немесе асқынған созылмалы ауру анықталса, операция кейінге шегеріледі, – дейді Висал Мамедов.

Сонымен қатар пластикалық операция жасауға мүлде болмайтын бірқатар созылмалы аурулар бар.

Қазір пластикалық операцияларға сұраныс жоғары. Әсіресе, омырауды көтерту, дене пішінін түзету секілді операциялар жиі жасалады. Бұрын көбіне кеуде үлкейтуге сұраныс көп болса, қазір жүктілік пен босанудан кейін дене пішінін қалпына келтіргісі келетін әйелдер көбейген. Олар көбіне липосакция, абдоминопластика немесе кеуде мен іш аймағын бірге түзету операцияларын жасатады, – дейді хирург.

Фото: Висал Мамедов парақшасынан

Липосакция – артық майдан арылу жолы

Липосакция – дененің белгілі бір бөлігіндегі артық майды хирургиялық жолмен алу операциясы. Көбіне іш, бел, сан, арқа, қол немесе иек аймағындағы май қабатын азайту үшін жасалады.

Висал Мамедовтың айтуынша, бұл әдіс арықтау тәсілі емес, дене пішінін түзетуге арналған эстетикалық операция саналады. Операция кезінде арнайы құрал арқылы май сорылып алынады.

Жалпы, операциялардың барлығы қауіпсіз деуге болады, егер науқаста ауыр аурулар болмаса және үлкен операциялар жергілікті анестезиямен жасалмаса. Кейде үлкен көлемдегі липосакция немесе бет тарту операциялары жергілікті анестезиямен жасалады. Өз тәжірибемде мен бұған жол бермеймін, себебі бұл дұрыс емес деп есептеймін, – дейді хирург.

Оның пікірінше, жергілікті анестезияға көп мөлшерде дәрі қолдану жүрек аритмиясын тудыруы немесе аллергиялық реакция беруі мүмкін. Сондықтан көлемді операциялар міндетті түрде толық наркозбен жасалуы керек.

Ал егер бұл қабаққа жасалатын блефаропластика сияқты шағын операция болса, онда жергілікті анестезия қолдануға болады. Бірақ мен липосакцияны жергілікті анестезиямен жасауға үзілді-кесілді қарсымын, – дейді Висал Мамедов.

Сондықтан дәрігер пациенттерге клиника мен хирург таңдауда барынша мұқият болуға кеңес береді. Себебі эстетикалық операция кей жағдайда ауыр асқынуға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Оқи отырыңыз