Жаңалықтар

Қазығұрт аңызы

Қазығұрт – діни аңыздың қазақы нұсқасы бойынша жержүзілік топансу тасқыны кезінде Нұх пайғамбар кемесі қайырлаған қасиетті тау, адамзат атаулы мен жан-жануар тараған киелі жер.
29.06.2015 10:26 44075

Қазығұрт – діни аңыздың қазақы нұсқасы бойынша жержүзілік топансу тасқыны кезінде Нұх пайғамбар кемесі қайырлаған қасиетті тау, адамзат атаулы мен жан-жануар тараған киелі жер.

Қазығұрт аңызы

«Киелі тау», «жержүзілік топансу», «Нұх пайғамбардың кемесі» жөнінде әлемдік мифологияда көптеген діни аңыз-әпсана бар. Олар негізінен иудейлік, христиандық, исламдық параллельдерден тараған. Исламдық параллель негізіндегі «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген қазақы мифологиялық нұсқаның атап айтарлықтай өзіндік ерекшеліктері бар.

Қазақтар, біріншіден, Нұх кемесін көкпен тілдіскен заңғар тауларға қайырлатпайды. Өйткені, ислам қағидаты бойынша, «мен бәріңнен биікпін» деген өркеуделік болмау керек. Өзі аласа болса да, жер бетіндегі таулардың қасиеттісі.

Екіншіден, топансудан аман қалған кемедегі төрттүліктің төлдері топансудан кейін Қазығұрттың басынан өсіп- өніп, көбейіп тарағаны айтылады. Бұл жерде қазақтардың малшылық кәсібіне тән төрттүлік культі айқын аңғарылады.

Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып,
Ойсылқара жануар содан қалған,
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Бір қатпа тай үстінде жатып қалып,
Жылқышы Ата жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Жалғыз тана үстінде жатып қалып,
Зеңгі баба жануар содан қалған.
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Жұрын тоқты үстінде жатып қалып,
 Шопан Ата жануар содан қалған, –

деп халық жырында төрттүліктің бәрі, түйе, жылқы, қой- ешкі, сиыр атап айтылады және осылар төрттүліктің пірі болған дегенді меңзейді.

Үшіншіден, бір назар аударатын жайт – кеменің, Нұх пайғамбардың, оның қасындағы адамдардың микротопонимдер арқылы Қазығұртта «локальдануы». Қазығұрт тауының басында күн батыс жағында азырақ тегіс жер бар. Ол жер «кеме қалған» деп аталады, «Нұх пайғамбарының кемесінің ізі», топансу тасқыны қайтқаннан кейін «Нұх пайғамбардың және оның жанындағы адамдар мекендеген үңгірі», «Пайғамбардың намаз оқыған жері», үңгірдегі «бес саусағының ізі», «су ішкен бұлағы» деп аталатын топонимдер бар.

Төртінші, қазақ мифінде «Құдай баста жерді көкті жаратқанда Қазығұрт тауы да бірге жаралған», – дейді.

«Нұх кемесі» қайырлағанға дейін де Қазығұртқа әулиелер аяқ басқан, сондықтан «киелі тау» деп түсіндіріледі. Жырдың «Ол әулие болмаса неге қалған?» деген жолдары Қазығұрттың әуелден қасиетті, Әулиелі тау екенің көрсетіп тұр. Сондай-ақ, бақсылар сарынында Қазығұрт ата әулиелер қатарында айтылған.

С.Сейфуллин келтірген деректе «Қазығұрттың басындағы үңгір – Қазығұрт атаның моласы. Оның белгісі – шаншулы ағаш көпке шейін тұрып келіпті. Жұрт Қазығұртқа шығып, сол молаға зиярат қылатын еді. Басқа жерлерді бұлт басса, Қазығұрт басын бұлт баспайды. Егер де Қазығұрттың басына бұлт шығып, басы көрінбей қалса, қариялар: «Қазығұрт қарасын киді» деп, қатындар күпарасын киеді дейді екен, Қазығұрттың басындағы бұлт жаумай кетпейді деп, малдарын жинап, шашылған дүниелері болса, үйлеріне кіргізетін еді», – дейді.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға