Жаңалықтар

Авторлық құқық туралы не білеміз?

2021 жылы ҚР ҚК 198-бабы бойынша авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу туралы 15 қылмыстық іс тіркелген.
Авторлық құқық туралы не білеміз?
Фото: forbes.ru 02.09.2022 17:28 4336

Авторлық құқық деген не? Ол туралы не білеміз? Авторлық құқық бұзылса қандай шаралар қолданылады? Бұл тақырыпта мәселелер жиі айтылады. Осыған қатысты құқықтанушы сарапшылар мен авторлық құқығы жиі бұзылатын шығармашылық адамдар не айтады, саралап көрелік.

Бүгінде автордың құқығын бұзғаны үшін қатаң жазаға қарамастан, істер сотқа жетпейтін көрінеді. Өткен жылдың статистикалық мәліметтеріне сүйенер болсақ, авторлық және сабақтас құқықтар саласында 15 қылмыстық іс өндірісте жатыр, оның ішінде 8-і ғана тіркелген. Іс жүргізудегі істердің ішінен біреуі тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Екі істің қарау мерзімі уақытша тоқтатылса,12-сі тергеуде.

Нұр-Сұлтан қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Әсел Сибағатованың айтуынша, тоқсан сайын республика аумағында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды анықтауға, жолын кесуге және ашуға, сондай-ақ еркін айналымға тыйым салынған өнімді заңсыз тарататын адамдарды анықтауға бағытталған жедел алдын алу іс-шаралары жүргізіледі.

Бұл саладағы ең көп таралған заң бұзушылықтар - шығарманы заңсыз пайдалану, көшіру және тарату. Біреудің зияткерлік меншігін заңсыз пайдаланған адам заң бойынша авторға шығындарды өтеу керек.

Авторлық құқық ғылымның, әдебиеттің және өнердің жаңа түпнұсқалық туындыларын жасауға ықпал етіп қана қоймай, қоғамда шығармашылықпен белсенді адамдар тобын кеңейтеді.

Өнерде жүрген Динара Жаңаберген авторлық құқық мәселесіне бір кездері тап болғанын айтты.

«Бала кезімде Ақбота Керімбекова, Алтынай Жорабаева сынды танымал қазақстандық әншілердің әндерін орындап жүрдім. Бірде өзбек әншісінің әнін автордың рұқсатынсыз шырқаған кезім болды. Кейін мен осы әннің авторын белгілеп, әлеуметтік желіге арнайы жазба қалдырдым. Артынша ән авторы өзінің рұқсатын берді. Дегенмен, авторлық әндерді көбірек орындауға тырысамын», - дейді өнер иесі.

Айта кетсек, авторлық құқық туралы Заң 1996 жылы қабылданды, ал 2015 жылы осы заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілді.

Адвокат Айтжан Исабеков авторлық құқық туралы заңда бұзушылықтар аз еместігін және әртүрлі салаларға қатысты екендігін айтады.

«Бұл жерде тек авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы Заң ғана емес, сонымен қатар осы бұзушылықтар үшін жауапкершілік біздің еліміздің Қылмыстық кодексінде де қарастырылған. Қылмыстық кодексте меншікке қарсы құқық бұзушылыққа арналған 6-тарау бар. Зияткерлік меншік объектілері де осы тараудың қорғауына түседі. Мәселен, ҚК-тің 198-бабында бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған», - деді ол.

Күн сайын жүз мыңдаған адам туындыларды қолданудың түрлі саласында авторлық құқық мәселелерімен айналысады. Біздің еліміздегі сияқты әлемнің көптеген елінде де автордың құқықтарын қорғайтын ұлттық заңдар бар.

Заң фирмасының басқарушы серіктесі Шыңғыс Темір автор екенін анықтайтын балама тәсілдердің бар кенін айтады. Әсіресе, мұны Ресей жиі қолданады екен.

«Қазақстанда Ұжымдық құқықтармен айналысатын органдар бар, олар әдетте авторлар немесе орындаушылар. Олардың музыкасын кафеде немесе караокеде үнемі қолданады. Бірақ олар өз туындыларын пайдаланғандардан ақша алмайды. Негізі әндер тізімін әзірлеген кезде караоке мекемелері автормен келісіп, оларға ай сайын қаламақы төлеу керек. Алайда мұны көбісі орындамайды», - дейді заң фирмасының басқарушысы.

Осы саладағы құқықтанушы сарапшылардың айтуынша, авторлық құқық айналасындағы олқылықтарды жою үшін қолданыстағы заңнамалық базаны әлі де дамыту қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға