Аударма – өз күнін өзі көріп келе жатқан сала – Шынар Әбілда
Бүгінде шетелдік әдебиет пен шығармаларды оқып, жан-жақты білім алуға мүмкіндік беретін аудармашылардың қоғамдағы рөлі зор. Себебі кез келген мәтінді өзге тілден дәлме-дәл аудару арқылы оқырмандарға түпкі мағынасын жеткізу оңай іс емес. Сондықтан да бұл саланың қыр-сыры жайлы сөз қозғау үшін білікті аудармашы әрі журналист Шынар Әбілдамен сұхбаттастық.
- Шынар ханым, сұхбатымызды алдымен мансап жолыңыздан бастасақ. Сіз журналистика саласына қалай келдіңіз?
- Мектеп бітіргенше аудармашы болам деп ойлайтынмын. Шығыстану факультетінде оқуды армандадым. Мектепті тәмамдап, Алматыға келіп, құжат өткізетін кезде шығыстануға тапсырып жатқан түлектер саны өте көп екенін көріп, көңілім қалды. Конкурс жоғары болды, түспей қалсам қайтем деп ойладым да, шығармашылыққа жақын не филология, не журналистиканы таңдағаным жөн болар деп, ақырында мұғалім болғым келмейді деген шешімге бекіп, журналистиканы таңдадым.
- Аудармашы ретінде қандай тілдерді меңгергенсіз?
- Білетінім екі тіл. Ана тілім және орыс тілі. Бала күннен қос тілді қатар меңгердім. Сондықтан қажетсінген сәтте екі тілге қатар аудара беремін. Бірақ өзіме орысшадан қазақшаға аударған ұнайды. Өйткені ойым бәрібір қазақша.
- Қазіргі таңда халықтың кейбір қазақша аударма кітаптарға көңілі толмай жататыны жасырын емес. Сол себепті де олар түпнұсқасын оқығанды жөн көреді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
- Себебі аударма оңай дүние емес, өте қиын сала. Тіл деген ұлттық құндылық. Оны терең зерттеп білгеннің өзінде басқа тілге мінсіз тәржіме жасау зор ыждаһаттылықты талап етеді. Аударма діттеген тереңдікке жетпесе, калька боп кетеді. Аудармашылар көбіне жаңа сөздер тудырып жатады. Олар әр тілдің сөздік қорын көбейтетіндер. Жаңа сөздер заманына сай туындайды, себебі, қазірдің өзінде адамзат төртінші технологиялық революцияның дәуірінде өмір сүріп жатыр. Еңбек нарығы, қоғам, саяси жүйелер, технологиялық қалып, адамның даралығы маңызды болған кез. Техникалық прогресті бастан кешкен сайын дүние дами береді. Өнертабыс көбейген сайын сөздік қор молаяды. Сондықтан ел мен ел арасындағы байланыс кезінде жаңа сөздер пайда болуы заңдылық. Әр тілді байытып отыратын заманға сай сөздер осы аударма саласымен тығыз байланысты. Бұл салада Терминкомның жұмысы қауырт та қарбалас болуы қалыпты. Өзге елдерден қалыспауымыз керек. Меніңше, Қазақстанның аударма саласы қатты кенжелеп қалған. Дұрыс көңіл бөлінбеген, өз күнін өзі көріп келе жатқан сала. Бірақ шын мәнінде стратегиялық тұрғыда маңызы зор. Біздегі аударма саласы бір ізге түспеген, жүйеленбеді, содан да оны қадағалау қиын.
- Аударма мәтінмен жұмыс істеген кезде нені ескеру керек?
- Аударма кітаптарға көңіл толмаушылық бар, ол бола береді. Себебі аудармашыдан кейін міндетті түрде мықты редактура қажет. Редактормен жұмыс аудармашыны өсіретін үдеріс. Осы жағы ақсаса, аудармашының еңбегі зая кетеді. Әр кітап ынталы аудармашының танымын өсіретін еңбекке айналады. Сондықтан аудармашыларға жан-жақты қолдау қажет, мықты редакторлардың ақылы, түзегені, екшегені өте маңызды. Сосын өзекті, заманға лайық ақпараттарды аударудың да мәні зор.
- «Әлемді өзгерткің келсе, әйелді сүй!» атты кітабыңыз көпшілік арасында кеңінен танымал. Оқырмандарға осы жинағыңыз жайлы айтып беріңізші.
- Менің аударма саласына келгеніме он шақты жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында мен көбіне психологиялық, мотивациялық мақалаларды аударуға екпін түсірдім. Бұл мақалалар тақырыптарға бөлініп, бірнеше жинақ болып шықты. Соның соңғысы осы «Әлемді өзгерткің келсе, әйелді сүй!» жинағы өткен күзде Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен басылып шықты. Жинаққа қарым-қатынас орнату психологиясы, өзгенің шекарасын аттамау, өзіңді құрметтеудің дұрыс жолы, өзгені сыйлаудың орнықты заңдылықтары, төрт құбыласы түгел отбасы құрудың нақты құндылықтары жөніндегі бірнеше шетелдік психологтың мақалаларын топтастырдым. Жинақ өте жеңіл оқылады. Жастарға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіретін кішігірім энциклопедия дер едім. Өз менін іздей бастаған, әлемге қызыға қарайтын жастарға таптырмас танымдық құрал ретінде құрастырдым.
- Жазбаларыңыздың көбісін махаббат, қарым-қатынас тақырыбына арнайды екенсіз. Неліктен бұл бағыттағы мәселелерге көбірек тоқталасыз?
- Ең әуелі сөз болған демекші, кез келген дүние махаббаттан басталады. Былайғы кезде бізге ата-анамыз да, бірде-бір мұғалім қарым-қатынас адам зердесін дамытатын, менін өсіретін ең үздік жол екенін айтып түсіндірмейді. Сондықтан өзін-өзі тану жолына түскен адам елдің айтқанынан шығып, өзінің менін тану үшін, өзінің менін жетілдіру үшін міндетті түрде қарым-қатынасқа мұқтаждығын сезеді. Себебі адамның эмоционалды интеллектісі дамымайынша, оның ақылынан көп пайда бола қоймайды. Бала үшін зият пен көңіл-күй толқынын қатар дамыту өте маңызды. Адамның ақылы бөлек дамыса, оның психикасы бөлек дамиды. Біз осыған көп мән бермей, уақытын өткізіп алсақ, баланың қоғамға толыққанды тұлға ретінде кірігуі қиындайды. Қоғамда бақытсыз жандар көбейеді. Сондықтан қазіргі жасөспірім жастан бастап адам өзінің қалауын іздеуге шықса, ата-ана ретінде біз баланың өз еркіндігін дұрыс қолдануына, саналы түрде адамгершілікті таңдап өмір сүруіне ықпал ететін эмоционалды интеллектісін дамытуға себепшіміз. «Аузыңды жап», «Үніңді өшір», «Мен саған қой дедім», «Мұндайды айтушы болма», «Саған болмайды» деген тыйыммен баланың эмоциясын өшіріп аламыз. Содан ол қай жерде қандай эмоция шығару қажетін білмей, жастайынан эмоциясы құлыптаулы қалады. Бұл психиканың дамуына зиянын тигізетін құбылыс. Кейде эмоциясын өмірде шығара алмайтын жандар кино көріп, кітап оқыса ғана жылап, күліп алады. Ол да жақсы, дегенмен шынайы өмірде баланы тыя бермей, эмоциясының неден шыққанын талқылап үйретсе, болмыс дұрыс қалыптасар еді. Ол үшін ең алдымен баланың отбасы аясындағы қарым-қатынас құру моделін дұрыс қалыптастыру қажет. Әр қарым-қатынас – махаббаттан басталады. Мейлі, ол ата-ананың махаббаты, бауырмалдық, достық, сүйіспеншілік болсын, бәрінің маңызы зор. Психологтардың айтуынша, бала отбасында қаншалықты мейірімге қанып өссе, оның өмірлік қиындықтарды жеңуі соғұрлым позитивті аспектіде дамиды екен. Яғни үйде болсын, көшеде болсын сіздің көрсеткен мейіріміңіз ешқашан далаға кетпейді. Әр тамшы махаббаттың қайыры шексіз. Ең алдымен сіздің жүрекке пайдалы. Сосын мейірім көрсеткен жан үшін де маңызды.
- Қазір қандай шығармашылықпен айналысып жатырсыз?
- Қазіргі таңда тапсырыспен келген кітаптарым бар. Авторлық кітаптар болғандықтан атап айтуға келмейді. Таза еңбек, тәжірибе үшін жасалатын аударма жұмыс. Ой өсіретін, жаңа дүниемен таныстыратын танымдық кітаптар.
- Сұхбатыңызға рахмет!