Жаңалықтар

Абайтанушы: Абай әлемін бүгінгінің тынысымен зерделеу қажет

Абайтанушы: Абай әлемін бүгінгінің тынысымен зерделеу қажет
Фото: Жеке мұрағаттан 22.04.2025 13:15 1458

Бүгінгі қоғамда Абай мұрасы жайлы айтылмаған, жазылмаған дүние аз. Дегенмен, оны қазіргі заманмен, ғылыммен, қоғаммен байланыстыра ұғыну – уақыт талабы. Ұлы ойшылдың шығармашылық әлемі тек поэзия мен философияның емес, ұлттық сананың, өркениеттік ойдың өзегіне айналуы тиіс.

Осы орайда біз абайтану саласында ғылыми ізденістер жүргізіп жүрген зерттеуші, ұстаз, маман, филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің доценті Саламатова Рахат Маханбетжанқызы кең форматтағы мазмұнды сұхбат құрдық.
Сұхбат барысында Президент ұсынған халықаралық Абай институтының мүмкіндіктері мен миссиясы, «Толық адам» ілімінің бүгінгі қоғам үшін маңызы, ұлттық идеологиядағы Абайдың рөлі, сондай-ақ Абайды әлемдік деңгейдегі тұлға ретінде танытудың жаңа жолдары жайлы келелі әңгіме өрбіді.

El.kz: Президенттің ұлттық құрылтайда айтқан Абай институтын халықаралық мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру бастамасы туралы не ойлайсыз? Бұл институт қазақ мәдениеті мен тілін насихаттауда қандай рөл атқара алады.

Рахат Саламатова: Халықаралық ауқымдағы Абай институтын ашу мәселесін осыдан жиырма жыл алдын белгілі абайтанушы-ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы көтерген болатын. Абайтанудың бағыт бағдарын түбегейлі өзгерткен ғылымдағы жаңалықтарымен әйгілі ғалым аталған институтты Астананың төрінен ашу керектігін де қадап тұрып айтты. Ол зәруліктің ғылыми, идеологиялық, халықаралық ынтымақтастықтағы маңызын жеріне жеткізе дәлел-дәйегімен нақтылаған Мекемтас Мырзахметұлының мақаласы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» айқара бетінде тұтас жарияланған. Міне сол игі бастаманың сәті туып, жанданыс табуына Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы түрткі болып отыр.

Ендігі мәселенің жауапкершілігі зиялы қауымның еншісінде. Қазақ тілі мен халқымыздың мәдениетін насихаттау мәселесін жүзеге асырудың алгоритмі жүйелі түрде жүргізілгенде ғана оңды нәтижеге қол жеткізеріміз анық. «Істің басы ретін танымақтық» деп Абай ақылманның өз айтқанындай,  меніңше бұл мәселенің іргетасы - ұлттық сананы толыққанды түрде қалыптастырумен тікелей байланысты. Сол қажеттілікті Абайдың рухани-шығармашылық мұрасының өрісінде өрістетудің методологиясын айқындап, сол жүйеде жұмыла жұмыс жасауымыз бүгнгі күннің басты межесі. Ал қазақ тілі мен ұлттық мәдениетті насихаттау сол ұлттық сананың кемелділігінен туындайтын құбылыс.

El.kz: Қытайда – Конфуций институты. Германияда – Гете институты. Испанияда – Сервантес институты жұмыс істейді. Бұл ұйымдар сол елдердің тілін, мәдениетін, әдебиетін, жаһандық деңгейде дәріптеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етуде. Абай институты олардың қатарынан лайықты орын алуы үшін қандай ерекшеліктерге ие болуы керек?

Рахат Саламатова: Анығында ақындық Абайдың өнерпаздық тұлғасының бір қыры ғана. Абайды Хакім, ойшыл-ақын деп дәріптеуіміздің астарында өте кең мән-мазмұн жатыр. Өйткені Абайдың шығармашылығындағы ой-таным толқындары симбиоз. Сол себепті дәл қазіргі таңда Абай институты осы жағына басымдық беруі қажет деген ойдамын. Ондағы айтпағым, Абайдың танудың жайын ғылым тілінде талдап, тарқату. Мысалы жетінші қара сөзіндегі «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» дегендегі көрінбеген сырдың жайын физика, химия, кванттық физика, кванттық механика т.б жаратылыстану ғылым салаларының тілімен түсіндіруге толық негіз бар. Сол сияқты «Алла мықты жаратқан сегіз батыр» деп басталатын бас аяғы екі ақ шумақтан тұратын жұмбақ өлең бар Абайда. Өлеңнің бастапқы шумағы жұмбақ мазмұнын құрайды да, екінші шумағы соның жауабы мазмұнында жазылған. Енді осы шығармадағы өзекті ойдың ілмегін анықтаудың желісі математика, нумерология (сандар сыры) салаларымен сабақтастықта сараланса талдау да, тану да заманауи тұрпатта көрініс табары сөзсіз. Енді осы методологияны байыптап қарасақ бұл жердегі жаңашылдық – ғылымилық. Ал жер шарын мекендеген алуан түрлі ұлттардың, жалпыадамзаттың басын тоқайластыратын күш – ғылым. Ынтымақтастық деген нәрсе құрғақ насихат, қасаң қағидалармен жүзеге асатын нәрсе емес. Себебі халықтар тіл, діл, дүниетаным сынды ерекшеліктерімен бір бірінен айрықшаланатын болса, ал ғылым тілі, ғылыми ұғым – баршаға ортақ. Түптеп келгенде ғылыми тұрпатта шығармашылық мұрасын талдап тарқату арқылы  жалпыадамзат қауымына ортақ құндылықтық ұғым-түсініктер Абай дүниетанымының шеңберінен   қорытылып шығады.       

El.kz: Абайдың 180 жылдығында не мәселе баса ескерілуі керек?

Рахат Саламатова: Түп мәніне тереңінен бойлап, мағынасын толық аңдап түсінбесек те Абайдың туындыларын жатқа айтудан жарысқа түсу кеңінен үрдіске еніп кеткен. Бастысы «көппен дүрмекке» ілесіп жүлде алып, жүлдегер атанғанды жетістікке балап қатты қателесіп жүрміз. Ал негізінде Абайды оның өзі айтқан «сыншыл ақыл» тезінде танып-біліп, түсіне білуге бетбұрыс жасауымыз керек. Бұл орайда Абайдың поэтикалық әлеміне енудің заманауи форматтағы методологиясын жасауға көңіл бөлуіміз керек. Бұл жердегі «заманауи» деген зәруліктің неге айтып отырғанымның жайын «Заман, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез кезімен нәби келді, Қағида шариғаты өзгерсе де, Тағриф Алла еш жерде өзгермеді» деген ақынның өз сөзімен-ақ ұқтырса. Өйткені Абайдың айтқандары қай заманда да құты қашып, құны жоғалмайтын ренессанстық құбылыс болғанымен, оны тұтынатын ұрпақтар буынының ой-санасы өзгеріп, жаңаланып отыруы табиғи заңдылық. Мәселен советтік дәуірде материалистік-формалистік таным көзқарас жетекші мәнге ие болды. Өкінішке орай біз әлі сол өткеннің «өнегесінен» бой тарта алмай келеміз. Сосын біз көп диаспоралы елміз және қазақтардың өзін кезінде Мекемтас Мырзахметұлы «таза қазақ», «шала қазақ», «ада қазақ» деген категорияларға (таным-түсініктік, дүниетанымдық) бөліп қарастырған. Демек, Абайды таныту мәселесінде осы топтық ерекшеліктер жағына жете көңіл бөлінбей келеді. Абайда насихаттау көбінесе таза қазақтардың деңгейінде қалып қойған секілді көрінеді. Білім беру саласында ұсынылатын оқу материалдарының оқушының жас ерекшелігімен сәйкестігі деген бар. Абай мұрасын игеруде де әлгі атап көрсетілген топтық категориядағылардың әр деңгейіне арналған бағдарламалар даярлануы қажет-ақ  

El.kz: Философ, теолог, абайтанушы Досым Омаров Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында абайтану саласында ғылыми ізденіс жағынан алға жылжу болмады, керісінше құлдырау байқалғанын айтқан болатын. Сіз 180 жылдықта абайтанудан не күтесіз?

Рахат Саламатова: Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абайдың «Толық адам» ілімі» атты аса бағалы еңбегін жарыққа шығарды. Кітапты президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына ғалымның өзі арнайы түрде табыстап, бұл ілімінің қоғамды ізгілендіру мен дамытудағы маңызын жеріне жеткізе тарқатып, түсіндірген болатын. Жалпы бұл ілім ұлттық идеологиямыздың ұстыны, тұлға қалыптастырудың ұлттық модельдегі креативті теориясы. Осы ғылыми сипаттағы ілімнің жарыққа шығып, қоғамдық ой-санада насихатталуы ХХ ғасырдың соңғы ширегінен басталды. Оған жол салып берген - Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбегі. Содан бергі уақытта да бұл мәселені дамыта зерттеуден қол үзбеген ғалым ағамыз оның тарихи желілерін өткеніміздің ізінен, көпшіліктің назарынан көзтаса қалып қойған көне мұралардан іздеп тапты. Сөйтіп бұл ілімнің ұлттық колоритін айқындап көрсетті. Енді осындай табанды ізденістен туған теңдессіз еңбекті жоққа шығару ешқандай ақылға симайды.

 Сондай-ақ ғалым Тұрсын Жұртбайдың осы 175 жылдық қарсаңындағы жазған дүниелері де табысты екендігі көзі қарақты оқырмандарға тегіс мәлім. Бұдан басқа да сүбелі дүниелер жарыққа шығып, отандық ғылымның қоржынын байытты. Сондықтан «алға жылжу болмады» деп ауызды қу шөппен сүртуді құптамаймын. Ал енді 180 жылдықта не күтесіз дегенге мардымды жауабым жоқ. Өйткені біздер тарихи, халықтық тұлғалардың мерейтойы мұрынға тақалып, «міне, ертең басталады» деген кезде ғана қимылдаймыз. Ал дұрысы, алдын-ала жоспар құрып, нақты әрекет жасау. Мысалы Абайдың 175 жылдық мерейтойын қорытындылауда атқарған істердің есебімен қатар, алдағы болатын 180 жылдыққа қандай қадам жасаудың барысы айқындалып, ұзақ мерзімді жоспар құруда басы ашық тұрған мәселелердің барлығы қамтылып нақтылануы қажет деп ойлаймын. Сонда ғана нәтижелі тірлік болса керек еді. Міне сондай нақтылық болмаған соң сол бірсарынды «науқаншылық» үрдістің  жалғаса берері сөзсіз. Әйтпесе айтылмады емес, Президенттің өзі 175 жылдықтың қарсаңында жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында бағдарлы бастамаларға қозғау салынды. Соның ішіндегі ең өзектісі Абайдың интеллектуалды әдебиеттің негізін қалағандығына байланысты, енді ақындық мұраны игеруді интеллектуалды бағытпен ұштастыра қанаттандыруды қадап тұрып айтып өтті. Сондағы басты мақсат  интеллектуалды ұлт қалыптастыру екендігі де атап көрсетілді. Бұл деген Абай мұрасын игерудің мүлдем соны бағытқа ойысуын талап етеді. Өкінішке орай бұған жете мән беріп, бас қатырып жатқанымыз шамалы.     

El.kz: Абайды тек қазақ ойшылы емес, әлемдік деңгейдегі философ ретінде дәріптеу үшін оның мұрасын қалай жеткізу қажет? Батыс пен Шығыс оқырманына оны таныстырудың жаңа жолдары қандай болуы мүмкін?

Рахат Саламатова: Абайтану саласында «ақындық кітапхана» деген термин бар. Оны ең алғаш айтқан Әлихан Бөкейжаноов болатын. Соңыра бұл мәселенің де мән мазмұнын абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлының зерттеуінен танып түсіндік. Бұл деген Абаймен арадағы өзге білімдарлардың ой-таным іліктестігін танып-тарқатудың нақтылы дәлел, белгілерін ақындық мұраның ішкі арналарынан анықтап табумен байланысты екен. Мысалы Мекемтас Мырзахметұлы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде «Мұны айтқан білген құл, Ғұламаһи Дауани» деген дереккөзді негізге ала отырып, Абаймен арадағы үндестік сырының ғылыми негіздерін ашып көрсетеді. Қарап отырсақ мұнда нақтылық пен аргументтік негізділік бар.  

Ал енді дәл осы «Әлемдік деңгейдегі философ» ретінде Абайды сырт елдерге таныстыру дегенге қазіргі кездері белең алып кеткендей Батыс пен Шығыстың руханият өкілдері көзқарастарын немесе, олардың шығармашылық дүниелеріндегі беталбаты жатыстыра беруден ұтарымыз шамалы. Сондықтан бұл жерде де бізге керегі ғылымилық. Біз Абайды өзге халықтардың ғұламарымен жанастырып, салыстырып, ой жарыстыру арқылы әлемдік аренаға шығара алмаймыз. Мәселе Абайдың өзіндік, яғни ұлттық қалыптағы дүниетанымын өзінің табиғи тұрпатында талдап, танылып, насихатталуына байланысты. Басқаша айтқанда біз Абайды жалпының көлеңкесі емес, керісінше ешкімде қайталанбайтын, ешкімге ұқсамайын біртума болмыс-қырларын айшықтап, айқындау арқылы әлемдік масштабтағы тұғырына шығара аламыз.  

El.kz: Қазіргі қазақ қоғамында материалдық құндылықтар рухани байлықтан басым түскен сияқты. Абай мұрасы бұл үрдісті өзгерте ала ма? Егер өзгерте алса, қандай тәсілдер арқылы?

Рахат Саламатова: Материалдық құндылықтардың культке айналуы бір бүгін ғана емес, бұл әуелден орнықты құбылыс. Алайда дәл қазіргі жағдайдағыдай рухани құндылықтық көзқарас тым жадағайланып, құндылықтық салмағы тым құлдыраған емес.  Бұның себептері көп. Соның ішіндегі ең бастысы ұлттық санамыздың солқылдақтығы дер едім. Оны жасайтын күш – ойлау дағдымыз. Шындығында бұл бағытта ізденіс жоқ емес бар. Бірақ біз ол нәрсені өзіміз жасап қалыптастырудың орнына әркімнің етегіне жармасқанды жөн көріп отырмыз. Мәселен білім беруде біресе Кембридждің, біресе Финдердің білім беру моделіне қол артып жатқандығымыз жасырын емес. Ал негізінде әр ұлт, әрбір халықтың өзіндік болмысына, табиғи ерекшелігіне, өткені мен бүгінгі жай-жағдаяттарының орайында шаруа жасалуы қажет. Бұл деген өркениеті озық елдерден тәжірибе алудан түбегейлі бас арту деген емес. Керісінше өзгенің озық тәжірибесінен сабақ ала отырып, өзіміздің ойлау жүйемізді заманауи сападағы ұлттық мазмұнда қалыптастырып дамыту. Бұл жауапкершіліктің бастауында еліміздегі білім беру саласының тұрғандығы айтпасақ та түсінікті. Міне осындай жәйттердің барлығын ескере келе білім берудің бағытын да, мазмұнын да, технологияларын да тыңнан түлетіп шығару тығырықтан шығудың түп тетігі екендігіне өз басым толық сенімдімін. Сонда ғана Абай мұрасы өзінің деңгейіндегі рухани ықпалды күш ретіндегі нәтижесін таныта алары айдан анық. 

El.kz: Абайдың «Толық адам» концепциясы қазақ қоғамының қазіргі дамуында қандай рөл атқара алады? Ол ілімді ұлттық идеологияға айналдыруға бола ма?

Рахат Саламатова: Әлбетте Абайдың «Толық адам» ілімі біздің халықтың ұлттық идеологиясының бірегей форматтағы теориялық нұсқасы деп айтар едім. Мәселе сол құндылығымызды өзінің қалып-деңгейінде игеруде болып отырған жоқ па? Жоғарыда айтып өткенімдей, Мекемтас Мырзахметұлының «Абайдың «Толық адам» ілімі» еңбегінде бұл мәселенің барысы тиянақты түрде байыпталып, нанымды деректермен ғылыми-теориялық тұрғыда нақтыланған. Енді соны әрмен қарата өрістетіп, қоғамдық ой-санада насихаттап, игерудің механизмдерін қалыптастырып қажетімізге асыру ғылым-білім саласы өкілдері, яғни біздердің міндетіміз дегенді қайталап айтуға тура келіп отыр. Мысалы мен өз басым жоғарғы оқу орнындағы оқытушылық қызметімнің барысында тек абайтану ғана емес, мамандыққа қатысты «Әдебиеттің теориясы», «Әдебиеттің сыны», «Әдебиет тануға кіріспе», «Ңылыми зерттеу жұмыстары» т.б пәндерден дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргіземін. Осы пәндердің барлығында тегіс  Абайдың ой-толғамдары, ғылыми мазмұндағы тұжырымдарымен орайластықта ой сабақтап отыру өздігінен орын алып жататын құбылыс. Әлбетте, алысқа бармай-ақ өзімнің айналамдағы бір терінің пұшпағын илесіп жүрген әріптестерімнің өздері осы жәйтты әр түрлі көзқараста қабылдайды. Бірі мені абайтанудан ғылыми диссертация қорғап шыққандықтан айтарының барлығын соған қарай ыңғайлайды деп түсінсе, басқа бірі Абайдан басқа айтары, әдебиеттің басқа тақырыптарына шорқақтықтан деген ұйғарым шығарып жатады. Ал енді біреулердің Абайды кез келген жерге кіріктіре беру әдетке айналып кеткендіктен т.б деп топшылайды. Әрине мұндай терісқақапай пікір көзқарастар ағынын сөз қылудың өзі басы артық. Десек те, менің бұл жердегі айтпағым, Абайды біздің ұлттық идеологиямыздың ұстыны деп қаншалықты қайталап айтып жатқанымызбен оны игерудің жолына бөгесін болатын да түптеп келгенде өзіміз екендігіміз. Ал шынтуайтына келгенде,  ұғына білген адамға Абайдың ой сілемдері кез келген салада бой тартып жатыр. Абайдың алып дүниетанымынан қоғамдық ғылым пәндері былай тұрсын, математика, физика, физкультура, химия, география т.б жаратылыстану салаларының барлығына тегіс қатысы бар ғылыми сипаттағы ой тамызығын тауып қолдануымызға негіз бар. Сонда ғана қоғамдық ой-санада орнығып қалған «Абай мұрасы тек әдебиетшілерге ғана тиесілі, ол тек ақын деген атүсті түсініктен арыла алмақпыз. Ал енді осылардың барлығын көріп, біліп тұрып оны айтпай қоя салу руханиятқа қиянат деп санаймын.

Бұл орайда біз өткен социалистік қоғамның идеология майданындағы тәжірибесінен тәлім алғанымыз аса қажет деп білемін. Социалстік құрылыстың тарих сахнасындағы ғұмыры небәрі жетпіс-ақ жылға созылды. Жер шарындағы мемлекеттердің тарихымен салыстырғанда бұл деген қамшының сабындай ғана өошем болып қалады. Алайда, сол бас «аяғы бір  тұтам» дерлік дәуренінде социалистік қоғам идеологиялық тәлім-тәрбиенің озық технологияларымен танылды деп айтуға толық негіз бар. Советтік идеологияның  қаншалықты пәрменді, жүйелі, әрі ықпалды болғандығына қазіргі таңдағы алдыңғы және орта буын өкілдері тегіс куә болып өстік. Сондағы басты ерекшелік қай сала, қайбір тақырыпта болмасын социализмнің «бас кейіпкері» – Лениннің еңбектері, пікір көзқарастары мен идеяларының алдыға тартылып, басшылыққа алынуы, әйтеуір қисынын келтіріп әрбір бастамашыл идея, бағанлы көзқарастармен жатыстырылып, жанастырылып отыруы. Сол социалистік тәрбиенің әсерімен сталиндік зардапты көзбен көріп, көңілмен түйсінгенімен өткен заманның жалпы көпшілігі өз заманың прицциптеріне құлай беріліп, қалтқысыз жүзеге асыруға атсалысқандығы. Міндетті түрде Лениннің сөзінен цитаталар келтіру, соның ойларымен орайластықта сөз саптау сол кездің айнымас әдет-салты болғандығы қазіргі жас буынға болмаса да, орта жастағы бізлерге мәлім. Және мектептің бастауыш сыныбында оқытылатын әліппе мен ана тілінен басталатын сол пинцип, үлкен өмірдегі «партия мектептері» бағдарламалары, қоғамдық салалардағы ұжымдарда үзбей өткізіліп тұратын «партия дәрістері» арқылы қалтқысыз жүзеге асырылып келді. Абайды ұлттық идеология көсеміне айналдыруда біз осы жағынан сабақ алуымыз керек шығар.   

El.kz: Абайдың «Бес дұшпаннан қашық бол» деген өсиеті қазіргі қоғам үшін қаншалықты маңызды? Бүгінгі қазақ қоғамы сол бес дұшпаннан алыстай алды ма, әлде керісінше, олармен бірге өмір сүріп жатыр ма?

Рахат Саламатова: Керісінше, «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ» деп Абайдың өзі атын атап, түсін түстеп тұрып айтқан кісілік кемелділікке кереғар салдарларға бұрынғыдан бетер бой жеңдіріп алғандаймыз. Ел аумағында қарқындап тұрған «той индустриясы» және сол төңіректегі шектен тыс дарақылықтың барлығы түптеп келгенде сол мақтансүйгіштіктің дәл өзі? О дүниелік болғандардың басына бейіт-қорған тұрғызудағы астамшылықтың астарында да осы мақтангершіліктің жатқандығы анық. Осылай не өзімізге, не өзгеге пайдасы жоқ «сырт көз» дейтін виртуалды «құндылықтың» құлына айналып кеткенімізді аңғарар емеспіз. Ал енді осы қалың нөпірдің арасынан Мекемтас Мырзахметұлы, Елен Әлімжан, жас ақын Ерлан Жүніс сияқты ілуде бір көзге шалынатын «көркем мінезділерді» кезіктіруден қиын нәрсе жоқ шығар-ау бүгінгі күнде. Анығында, «Мініңді ұрлап жасырып, майданға түспей бәйге алмаға» керісінше әрекеттің әлегіндеміз. Бұл тек батыс пен шығыстың мидай шатысуынан ұлттық атаулыны тықсыра бастаған жаһандық үрдістертің ғана жемісі емес, ұлттық рухымызды жаншып, тарихи жадымызды жапырып өткен өткеніміздің де үлесі өлшеусіз.

Мысалы өсек дегеннің өзі қос кейіпкерден бас құрап шығатын келеңсіз туынды. Ал енді ондағы кейіпкерлерді Абайдағы «айтушы» және «тыңдаушы» категорясындағы типтерге жіктеуге болады. Түптеп келгенде өсек - «айтушының» субъективті таным-түсінігі, өзіндік көзқарасы мен соған қатысты эмоцияларының жиынтығанан келіп туындайды. Онда «айтушы» позициясы қозғаушы күш. Ал енді  «тыңдаушы» солардың барлығын ескеріп, яғни өсек-әңгімеге қатысты сыртқы және ішкі детальдарға көңіл аударып, өзінің ақыл тезінде саралайтын болса онда әлгі «өсек бүодіргінің» жолы кесілер еді. Демек бұл өсек деген адам бойындағы Абай айтқан «сыншыл ақылдың» кенделігінен таралатын құбылыс екен. Себебі «тыңдаушы» өзіне берілген ақпараттан бұрын соны баяндап тұрған «айтушы» туралы ой түйіп алып, содан кейін басқа детальдарға көүіл аударса міне осы «сыншыл ақылдың» әрекеті болып шығар еді. Ондай жағдайда өсекті таратушының әңігме қылып тұрған кейіпкерін емес, ең бастысы өзін-өзі құрметтей алмайтын адам екендігін ұғынып, соның ығына түспес еді. Осылай өсек дегенді Абайдың неліктен дұшпанға балауының сырына бойлауысызға болады екен.   Одан кейінгі адамдықтың қас «дұшпаны» - өтірік. Бұл деген адамның өзіне деген сенімсіздіктен, дәрменсіздіктен, ең бастысы өзіне деген құрметсіздіктен туындайтын құбылыс. Ал «мақтаншақтық» адамның тек өзіне ғана мәлім ішкі әлеміндегі олқылық, әлсіздік пен сенімнің солқылдақтығынан болатын нәрсе. Осылардың барлығы адамның өзін өзі тәрбиелеп, дамытып, қадағалап, ізденуге деген еріншектігінің салдары. Өзін-өзі үздіксіз қамшылап ізденіп, сұранып, тырбанып, алдыға қарай ұмтылмаудың басында еріншектік тұр. Ал енді осы зәруліктер, яғни адамның өзін-өзі дамытуында өнер-білім, ғылымға  «мал түгілі, тұтас өмірді арнауға» әркім міндетті.  Міне осылардың жайы Абай шығармашылығының шеңберінде қорытылып шыққан. Қорыта айтқанда, адамның алтын басын қор қылатын «бес дұшпаннан» қорғайтын да, оған қарсы күресте қолдайтын да  өнер, білім, ғылым.              

El.kz: Қазақ қоғамында Абайды тек өткеннің тұлғасы ғана емес, бүгінгі өмірге бағыт-бағдар беретін ойшыл ретінде таныту үшін қандай тың бастамалар қажет деп ойлайсыз?

Рахат Саламатова: Ол үшін Абай рухани әлемінің ренессанстық табиғатын танытып, насихаттауды бүгінгі ғылыми-техногендік заманның тілімен, тынысымен зерделей білуіміз қажет.

El.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға