1 қазаннан бастап не өзгереді? Жәрдемақы, су тарифі және үш күн демалыс

1 қазаннан бастап не өзгереді? Жәрдемақы, су тарифі және үш күн демалыс
Фото: El.kz архиві

Қазан айында қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді, Алматыда су тарифі қымбаттайды, шаруалар 5 пайыздық несиеге өтінім бере алады. Сонымен қатар мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталып, оқушылар күзгі демалысқа шығады. 1 қазаннан бастап ел өміріндегі негізгі өзгерістерге шолу ұсынамыз.

Жұмыссыздарға әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгереді

2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа тәртібі енгізіледі.

Жаңа жүйеге сәйкес, төлемнің ең ұзақ мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай төлем:

  • 6 айдан 12 айға дейін қатысқандарға – 1 ай;
  • 12 айдан 24 айға дейін қатысқандарға – 2 ай;
  • 24 айдан көп қатысқандарға – 3 ай төленеді.

Төлем мөлшері азаматтың орташа табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты есептеледі. Оның ай сайынғы ең жоғары мөлшері 267 750 теңгеден аспайды.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Әлеуметтік төлемді алу үшін азамат алдымен Мансап орталығында, eGov.kz немесе Enbek.kz арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек.

Сонымен бірге жұмыссыз мәртебесін сақтау маңызды. Егер Мансап орталығы азаматқа лайықты үш жұмыс орнын ұсынып, ол олардың барлығынан негізсіз бас тартса, жұмыссыз мәртебесі тоқтатылып, әлеуметтік төлем де тоқтатылуы мүмкін.

Жұмыссыз мәртебесін алу

1 қазаннан бастап жұмыссыз мәртебесін беру алдындағы қолайлы жұмыс іздеу мерзімі екі күннен 13 күнге дейін ұзарады.

Осы кезеңде Мансап орталығының мамандары азаматтың еңбек тәжірибесін, білімі мен кәсіби дағдыларын зерттеп, сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен де байланысады.

Егер лайықты жұмыс 13 күнге дейін табылса, белгіленген мерзімнің аяқталуын күтудің қажеті жоқ.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Валюталық депозиттердің шекті мөлшерлемесі өседі

1 қазаннан бастап 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын жинақ депозиттері бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі өзгереді.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, шекті мөлшерлеме жылдық 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін көтеріледі.

Жаңа талап 1 қазаннан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын депозиттерге қолданылады. Бұған дейін ашылған салымдар бұрынғы шарттар бойынша сақталады.

Бұл мөлшерлеме банктер үшін міндетті емес. Яғни әр банк өз депозиттері бойынша нақты сыйақы мөлшерлемесін дербес белгілейді.

Мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады

Қазақстанда жеке тұлғалардың 2025 жыл үшін мүлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 қазанда аяқталады.

Салық тұрғын үй, пәтер, саяжай, гараж, автотұрақ және басқа да жылжымайтын мүлік нысандарының иелеріне қатысты. Салық сомасын банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, сол жерден төлеуге болады.

2 қазаннан бастап салық бойынша берешегі бар азаматтарға хабарламалар жіберіле бастайды. Берешек уақытында өтелмеген жағдайда заңнамада көзделген өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.

Сондықтан салық туралы хабарлама келген жағдайда көрсетілген соманы есептелген салық мөлшерімен және төлем құжаттарымен салыстырып тексерген жөн.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Алматыда су қымбаттайды

1 қазаннан бастап Алматыда сумен жабдықтау және су бұру тарифтері өзгереді. Тұрғындар үшін ҚҚС-ты қоса есептегенде бір текше метр ауыз судың тарифі 178,06 теңге, ал су бұру қызметінің тарифі 119,46 теңге болады.

Бизнес субъектілері үшін:

  • су – 362,18 теңге;
  • су бұру – 264,75 теңге.

Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар үшін:

  • су – 649,60 теңге;
  • су бұру – 189,14 теңге.

Су есептегіші жоқ тұрғындар үшін төлем белгіленген тұтыну нормасы бойынша есептеледі.

Бақша, көгал, гүлзар және ағаштарды суару үшін бір сотыққа ай сайын 1780,60 теңге тариф белгіленген. Суару маусымы 15 сәуірден 15 қазанға дейін жалғасады.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Шаруаларға 5 пайыздық несие беріледі

1 қазаннан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қаржы алуға өтініш бере алады. Бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды.

Қаражатты шаруалар жаңа маусымға дайындалуға, қажетті ресурстарды сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және алдағы шығындарды жоспарлауға пайдалана алады.

Өтінімдер екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қабылданады.

Маңдайша орнатуға қатысты талаптар өзгереді

Қазан айынан бастап кәсіпкерлер үшін маңдайша орнатуға қатысты жаңа талаптар қолданылады. Енді ғимараттар мен нысандарға маңдайша орнатпас бұрын оның эскизін жергілікті атқарушы органмен алдын ала келісу қажет болады.

Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі. Өтінішті жергілікті атқарушы органның кеңсесі арқылы немесе eGov порталы арқылы беруге болады. Қызмет көрсету мерзімі құжаттар қабылданған күннен бастап төрт жұмыс күнін құрайды.

Вакциналарды сақтау цифрлық бақылауға көшеді

1 қазаннан бастап вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайларын автоматты түрде бақылауға арналған «Суық тізбек» жүйесін ел бойынша кезең-кезеңімен енгізу басталады.

Жүйе вакциналарды қоймадан медициналық ұйымға дейін жеткізу кезінде температуралық режимді бақылауға мүмкіндік береді.

Жоба бұған дейін пилоттық режимде Қарағанды облысында жүзеге асырылған. Енді оны еліміздің басқа өңірлеріне енгізу жоспарланған.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда жылу беру маусымы басталады

Қазан айында еліміздің бірқатар өңірінде жылу беру маусымы басталады.

Шығыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бастап тұрғын үйлерге, әкімшілік және өндірістік ғимараттарға жылу беріле бастайды.

Солтүстік Қазақстан облысында жылу беру қыркүйек айының соңында басталып, қалған аудандар жылу жүйесіне қазан айының басында қосылады.

Елордада жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылу беру маусымының қазан айының ортасында басталуы мүмкін.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Республика күніне орай үш күн демалыс болады

25 қазан — Республика күні. 2026 жылы бұл мереке жексенбіге түседі. Осыған байланысты бес күндік жұмыс аптасында демалыс күні 26 қазан, дүйсенбіге ауыстырылады.

Осылайша бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар 24, 25 және 26 қазан күндері қатарынан үш күн демалады.

Алты күндік жұмыс аптасында 24 және 25 қазан демалыс күндері болады.

Оқушылар күзгі демалысқа шығады

Қазан айында мектеп оқушылары бірінші тоқсанды аяқтап, күзгі каникулға шығады.

2026-2027 оқу жылындағы күзгі демалыс 26 қазаннан 1 қарашаны қоса алғанға дейін жалғасады. Оқушылар барлығы жеті күн демалады.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

1 қазан – Қарттар күні

1 қазанда Қазақстанда Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Бұл күн 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен белгіленген.

Қазақстанда да бұл күн жыл сайын аталып өтіп, аға буын өкілдерінің еңбегін құрметтеуге және олардың қоғамға қосқан үлесін бағалауға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылады.

5 қазан – Мұғалімдер күні

Қазақстанда Мұғалімдер күні 5 қазанда аталып өтеді. 2023 жылдан бастап кәсіби мерекенің датасы өзгертіліп, ол қазан айының бірінші жексенбісінің орнына 5 қазанға белгіленді.

Бұл күн білім беру саласының барлық қызметкерлеріне ортақ кәсіби мереке саналады.

Қазанда басқа да кәсіби мерекелер бар

Қазан айында бірқатар мамандық иелерінің кәсіби мерекелері аталып өтеді. Олардың қатарында:

  • 1 қазан – Радио күні;
  • 6 қазан – Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні;
  • 10 қазан – Қазақстан кәсіптік одақтарының күні;
  • 19 қазан – Құтқарушы күні;
  • қазанның үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкері күні;
  • 24 қазан – Кітапханашы күні;
  • қазанның соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні;
  • 29 қазан – Күзет ұйымдары қызметкерлерінің күні.
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазан айында басқа қандай маңызды оқиғалар бар?

Қазан айында елде бірқатар қоғамдық және мәдени шаралар өтеді. Сондай-ақ Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы күтіледі. Онда елдің алдағы даму бағыттарына қатысты басымдықтар таныстырылуы мүмкін.

Ал Алматыда 7-10 қазан аралығында мәнерлеп сырғанаудан халықаралық «Денис Тен мемориалы» турнирі өтеді. Жарысқа әлемнің 25 елінен спортшылар қатысады.

Бұдан бөлек, әуе қатынасында да өзгерістер бар. Air Astana 1 қазаннан бастап Алматы – Дубай бағыты бойынша рейстерді қайта бастайды. Астана – Дубай бағыты бойынша рейстер 2 қазаннан бастап орындалады.

Осылайша қазан айында қазақстандықтарды әлеуметтік төлемдерге қатысты жаңа тәртіп, салық төлеу мерзімі, коммуналдық тарифтердің өзгеруі, жаңа несие мүмкіндіктері және бірнеше демалыс күні күтіп тұр.

Оқи отырыңыз