Қазақстандықтар мүлік салығын төлеу қажеттігі туралы хабарламаларды ала бастады. Салық сомасы қалай есептеледі, оны қашан төлеу қажет және қандай жағдайда декларация тапсыру міндеттеледі? Осы мәселелерге тоқталайық.
Қандай мүлікке салық салынады?
Мүлік салығы мынадай жылжымайтын мүлік объектілеріне төленеді:
- тұрғын үйлер;
- ғимараттар;
- саяжай құрылыстары;
- гараждар;
- автотұрақ орындары;
- көпқабатты үйлердегі қойма бөлмелері;
- жылытылмайтын жапсарлас құрылыстар (веранда, терраса және т.б.);
- шаруашылық және қызметтік құрылыстар;
- жертөле қабаттары;
- жертөлелер;
- жер учаскелері.
Мүлік салығы қалай есептеледі?
Жер учаскесіне салынатын салық оның ауданына қарай есептеледі. Әрбір шаршы метрге белгіленген мөлшерлеме қолданылады. Бұл мөлшерлемелер Салық кодексінің 602-бабында көрсетілген. Сонымен қатар, жергілікті мәслихаттардың шешімімен кей өңірлерде олар ұлғайтылуы мүмкін.
Ал басқа жылжымайтын мүлік нысандары бойынша салық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы анықтайтын бағалау құнына қарай есептеледі. Бұл нарықтық емес, кадастрлық (бағалау) құн болғандықтан, әдетте нарықтағы бағадан төмен болады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, мүлік салығының мөлшерлемесі объектінің бағасына қарай 0,05 пайыздан 2 пайызға дейін өзгереді.
Мүлік салығының мөлшерлемелері:
- 2 млн теңгеге дейін – 0,05%;
- 2-4 млн теңге – 1 000 теңге + 2 млн теңгеден асқан соманың 0,08%-ы;
- 4-6 млн теңге – 2 600 теңге + 4 млн теңгеден асқан соманың 0,1%-ы;
- 6-8 млн теңге – 4 600 теңге + 6 млн теңгеден асқан соманың 0,15%-ы;
- 8-10 млн теңге – 7 600 теңге + 8 млн теңгеден асқан соманың 0,2%-ы;
- 10-12 млн теңге – 11 600 теңге + 10 млн теңгеден асқан соманың 0,25%-ы;
- 12-14 млнтеңге – 16 600 теңге + 12 млн теңгеден асқан соманың 0,3%-ы;
- 14-16 млн теңге – 22 600 теңге + 14 млн теңгеден асқан соманың 0,35%-ы;
- 16-18 млн теңге – 29 600 теңге + 16 млн теңгеден асқан соманың 0,4%-ы;
- 18-20 млн теңге – 37 600 теңге + 18 млн теңгеден асқан соманың 0,45%-ы;
- 20-75 млн теңге – 46 600 теңге + 20 млн теңгеден асқан соманың 0,5%-ы;
- 75-100 млн теңге – 321 600 теңге + 75 млн теңгеден асқан соманың 0,6%-ы;
- 100-150 млн теңге – 471 600 теңге + 100 млн теңгеден асқан соманың 0,65%-ы;
- 150-350 млн теңге – 796 600 теңге + 150 млн теңгеден асқан соманың 0,7%-ы;
- 350-450 млн теңге – 2 196 600 теңге + 350 млн теңгеден асқан соманың 0,75%-ы;
- 450 млн теңгеден жоғары – 2 946 600 теңге + 450 млн теңгеден асқан соманың 2%-ы.
Мысалы егер азаматтың екі пәтері болса, Астанадағы пәтердің бағалау құны – 11 840 000 теңге, ал Көкшетаудағы пәтердің бағалау құны – 5 432 080 теңге болады.
Бұл жағдайда Астанадағы пәтер үшін салық – 16 200 теңге, ал Көкшетаудағы пәтер үшін 4 032 теңге салық төленеді.
Мүлік салығын қашан төлеу керек?
Мүлік салығы жыл сайын 1 шілдеге дейін есептеледі. Ал оны есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 қазанына дейін төлеу қажет.
Салық сомасы мүлікке иелік еткен мерзімге қарай есептеледі. Мысалы, егер тұрғын үйге тек жарты жыл иелік етсеңіз, салық та сол кезеңге ғана есептеледі.
Хабарламалар салық төлеушінің жеке кабинетіне, электрондық үкімет порталына және басқа да мемлекеттік сервистер арқылы жіберіледі.
Төлемді eGov.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, банк бөлімшелері, Қазпошта бөлімшелері және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы жасауға болады.
Уақытында төлемесе не болады?
Кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл есептеледі. 2026 жылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 17 пайызды құрайды. Соған сәйкес өсімпұл мөлшері – 21,25 пайыз.
Алдымен борышкерге қарызды 30 жұмыс күні ішінде өтеу туралы хабарлама жіберіледі.
Егер осы мерзімде қарыз өтелмесе және оның көлемі 1 АЕК-тен (2026 жылы – 4 325 теңге) асса, бес жұмыс күні ішінде орындауға тиіс салық бұйрығы шығарылады.
Қарыз өтелмеген жағдайда іс әділет органдарына немесе жеке сот орындаушыларына жолданады.
Олар борышкердің мүлкіне және шоттарына тыйым сала алады, жылжымалы мүлкін тәркілей алады және Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу қоя алады.
Кімдер декларация тапсырады?
270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларация мына жағдайларда ұсынылады:
- егер өткен жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша шетелде тіркелген жылжымайтын мүлікке меншік құқығы болса;
- немесе өткен жылы жалпы құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлік сатып алынса.
2025 жылы 20 000 АЕК шамамен 78,6 миллион теңгені құрады.
Декларацияны есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет.
Қазақстанда тіркелген жылжымайтын мүлік декларацияда көрсетілмейді. Ерекшелік – жаңадан сатып алынған мүліктің жалпы құны 20 000 АЕК-тен асқан жағдайда ғана.
Жалған мәлімет бергені үшін жауапкершілік
Декларацияда толық емес немесе жалған мәлімет алғаш рет көрсетілсе, азаматқа ескерту беріледі. Бір жыл ішінде қайталанса, 3 АЕК (11 796 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Ал салық салынатын мүлікті әдейі жасырған жағдайда төленбеген салықтың 200 пайызы көлемінде айыппұл қарастырылған. Осындай құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл 300 пайызға дейін өседі.