1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің тәртібі өзгереді. Енді төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айдан аспайды, ал оның ең жоғары мөлшері 267 750 теңгемен шектеледі. Жаңа ереже 2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты төлем алуға құқығы пайда болған азаматтарға қатысты болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемді тағайындаудың жаңа механизмін 1 қазаннан бастап пилоттық жоба аясында іске қосуды жоспарлап отыр. Өзгеріс ең алдымен төлемнің мерзімі мен ең жоғары мөлшеріне қатысты.
Төлем қанша уақыт беріледі?
Жаңа тәртіп бойынша барлық жұмыссыз азаматқа төлем бірдей мерзімге тағайындалмайды. Оның ұзақтығы адамның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қанша уақыт қатысқанына байланысты болады:
- 6 айдан 12 айға дейін – 1 ай;
- 12 айдан 24 айға дейін – 2 ай;
- 24 ай және одан көп – 3 ай.
Осылайша, 1 қазаннан бастап жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі үш аймен шектеледі. Бұған дейін төлем алты айға дейін берілуі мүмкін еді.
Министрліктің мәліметінше, жаңа механизм әлеуметтік төлемді қысқарту үшін емес, азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетігін күшейту мақсатында енгізіліп отыр.
Ең жоғары төлем – 267 750 теңге
Төлемнің мерзімімен қатар оның ең жоғары мөлшері де өзгереді. Әлеуметтік төлемнің көлемі бұрынғыдай жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 24 айдағы табысқа байланысты есептеледі. Алайда 1 қазаннан бастап оның ең жоғары мөлшері 7 ең төменгі жалақының 45 пайызы деңгейінде белгіленеді.
2026 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болғандықтан, ең жоғары әлеуметтік төлем: 85 000 × 7 × 45% = 267 750 теңге. Яғни жаңа тәртіп бойынша жұмысынан айырылған азамат айына ең көбі 267 750 теңге ала алады.
Салыстыратын болсақ, қолданыстағы ереже бойынша 2026 жылы әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 348 075 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Үш жұмыс ұсынысынан бас тартса, төлем тоқтайды
Жұмыссыздық бойынша төлем алу үшін азаматтың жұмыссыз мәртебесі болуы және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы қажет.
Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін барлық талапқа сай келген жағдайда төлем азаматтың жеке өтінішінсіз автоматты түрде тағайындалуы мүмкін. Алайда жұмыссыз адам тиісті жұмыс ұсыныстарынан бас тартса, төлемнен айырылуы ықтимал.
Мансап орталығы азаматқа кәсібіне, біліктілігіне және жұмыс тәжірибесіне сәйкес келетін үш жұмыс орнын ұсынса, ал азамат олардың барлығынан бас тартса, ол жұмыссыз ретінде есептен шығарылады. Мұндай жағдайда әлеуметтік төлем тоқтатылады.
Бұл ретте азаматқа ұсынылатын жұмыс кез келген қызмет болмауы керек. Мансап орталығы адамның кәсібін, біліктілігін, тәжірибесін, денсаулық жағдайын, жұмыс режимін және көлікпен қатынау мүмкіндігін ескеруі тиіс. Ал басқа өңірге көшуді талап ететін жұмыс азаматтың келісімімен ғана ұсынылады.
Үш айда жұмыс табылмаса не болады?
Жаңа тәртіп бойынша азамат үш ай ішінде жұмыс таба алмаса да, әлеуметтік төлем мерзімі ұзартылмайды. Оның орнына жұмыссыз адамға жұмыспен қамтуға бағытталған басқа шаралар ұсынылуы мүмкін. Олардың қатарында:
- қайта даярлау курстары және шәкіртақы;
- қоғамдық жұмыстар;
- жастар практикасы;
- әлеуметтік жұмыс орындары;
- жеке кәсіп ашуға қолдау көрсету;
- мемлекеттік қолдаумен басқа өңірге ерікті түрде қоныс аудару.
Яғни төлем мерзімі аяқталғаннан кейін азаматты жұмысқа орналастыруға бағытталған шараларға басымдық беріледі.
Қазір қанша адам жұмыссыздық төлемін алып отыр?
2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 287 459 адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр. Олардың орташа төлем мөлшері – 102 384 теңге. Еңбек министрлігі жаңа өзгерістер бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында енгізілмейтінін атап өтті.
Ведомствоның мәліметінше, бұл төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржыландырылатын сақтандыру тетігі болып саналады. Сондықтан өзгерістердің негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына тезірек қайтару және жұмыспен қамту шараларын күшейту.
Айта кетейік, жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға құқығы пайда болған азаматтарға қолданылады.