Жылыту маусымы басталды: бес өңірде жылу беріліп жатыр

Жылыту маусымы басталды: бес өңірде жылу беріліп жатыр
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жылу беруді белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау үшін қалған жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Премьер-министрдің айтуынша, жылыту маусымын бастау кезінде әлеуметтік нысандарға басымдық берілуі керек. Атап айтқанда, алдымен балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуі тиіс. Нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін қажетті құжаттарды тапсыру мерзімі де аяқталуға жақын.

5 өңірде жылу берілді

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметінше, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылыту маусымы басталып кеткен.

Ал аптаның соңына дейін орталық, батыс және шығыс өңірлерде жылу беру жүйесін іске қосу жоспарланып отыр, – дейді Қайырхан Тұтқышбаев.

Жылыту маусымына дайындық аясында энергия нысандарында 4,9 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут қоры жинақталған. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр беру желісі жөндеуден өткен. Төрт қосалқы стансадағы жұмыстар да аяқталуға жақын.

Семей жоспарды 82 пайыз орындаған

Жылу желілерінің жалпы дайындығы 99 пайызға жетті. Дегенмен кейбір өңірлерде жұмыс қарқыны төмен. Мәселен Семей қаласында жоспардың орындалуы 82 пайызды құрайды. Осыған байланысты қала ерекше бақылауға алынған.

Жылыту маусымының уақытында басталуы тек жылу желілерінің дайындығына емес, ғимараттардың техникалық жағдайына, отын қорының жеткіліктілігіне және жылу өндіруші нысандардың жұмысына да байланысты. Сондықтан әкімдіктер үшін қалған күндер дайындықтағы кемшіліктерді жоюдың соңғы кезеңі болып отыр.

Жұмыстарды үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Оқи отырыңыз