Жаңалықтар

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени кешені

Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени кешені
28.01.2015 10:56 6700

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени кешені

Ұлытау ауданында туристік кластерді дамыту мақсатында, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы республикалық мемлекеттік мекемесі, «Ұлы тағзым» Ұлытау аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірлесіп ұйымдастыруымен, жыл сайын әр-түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Атап айтсақ, жарнама-ақпарат басылымдарын шығару, туристік бағыттар құру,  кәдесыйлар дайындау, туристік көрмелерге және туристік іс-шараларға қатысу, демалушыларды қабылдауды ұйымдастыру, сонымен қатар, этнофестивальдер өткізу. 

Олардың ішінде қазақ тілін үйрену жөніндегі лагерь, облыстық туристік жастар форумы, журналистерге арналған ақпарат-тур және «Терісаққан  көктемі» этнофестивалі ерекше көзге түсіп, республикалық БАҚ-да кеңінен таралып келеді. 2012 жылы өткен «Терісаққан көктемі» этнофестиваліне 14 республикалық және облыстық БАҚ өкілдері қатысты. Ал, 2013 жылы осы фестивальге Ұлытау тарихында алғашқы рет  АҚШ, Франция, Ресей елдерінен шетелдік туристер қатысты.

«Терісаққан көктемі» этнофестивалі жыл сайын (демеушілер есебінен) Ұлытау ауданы орталығынан солтүстікке қарай 130 ш. жеде орналасқан Терісаққан ауылында 2 мамырда өткізіліп келеді. Бұл фестиваль – Еуразия даласы кеңістігінде ерекше құбылыс болып табылады және сақталып қалыптасқан.

Мақсаты: Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туризмді дамыту

Міндеті:

  • Отандық және шетелдік туроператорлармен және туристік агенттіктермен тығыз қарым-қатынас орнату;
  • Туроператорлар, турагенттіктер және БАҚ өкілдерінің Ұлытау ауданына келуін ұйымдастыру;
  • Тарихи-мәдени кешендерге туристтік бағыттар дайындау;
  • Облысқа қатысты елді-мекендерді фестивальге қатыстыру

Фестивальдің негізгі іс-шаралары:

  • «Бие байлау» көне дәстүрі
  • «Күбі ыстау»
  • Шебер-сыныптар: «Ши тоқу», «Киіз басу», «Бау тоқу»
  • Ұлттық ойындарға қатысу: «Асық ату», «Садақ ату», «Найза лақтыру»
  • Ауыл көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы
  • Құрт түрлерінің көрмесі(көшпелілердің дәстүрлі тағамы – кептірілген ірімшік)
  • Ат әбзелдерінің көрмесі
  • Көшпелілер ыдыстарының көрмесі
  • Асауды үйрету, жылқыны жығу, ат жарыс.

Терісаққан ауылында 600 тұрғын 50 түтін бар. Қалааралық байланыс орнатылған. Ұялы телефон байланысы – билайн. Автобустар қатынамайды. Ауылда және ауыл маңында өндіріс, өнеркәсіп орындары жоқ. Негізгі ауылшаруашылық кәсібі – мал өсіру. 2013 жылы жүк тасымалына арналған (Арқалық - Шұбаркөл) теміржолы жүргізілді. 

2014 жылы 2 мамырда өткізілген фестивалға шетелдік және отандық туристер қатысты. Фестивалдың қадырлі қонақтары:

  1. Оразымбетова Бақыт Камаловна

ЮНЕСКО комиссиясының мүшесі. Орталық Азияның жетекші экскурсоводы.

  1. Хорош Елена Христафоровна

ЮНЕСКО комиссиясының мүшесі. Архитектор

  1. Усманова Эмма Радиковна

ЮНЕСКО комиссиясының мүшесі. Археолог

  1. Юлия Фролова.  Бахрейн араб мемлекеті өкілі, ат маманы.

ЮНЕСКО өкілдерінің қатысу себебі, осы этнофестивалді ЮНЕСКО-ның «Халықтың материалдық емсес ескерткіші» номинациясына ұсынуды қарастыру.

«Терісаққан көктемі» этнофестивал өткізу тәртібімен танысуға көршілес ауыл өкілдері(Шеңбер, Сарлық, Қаракеңгір) келіп, киіз үйлерін тікті.

Этнофестивал сағат 9 да үйірлерді аралаудан басталды. Аудан әкімі Х.Н.Омаров үйір иелеріне алғыс айты, аудан тарапынан ұйымдастырған кәдесый, күнтізбе тапсырды. Сағат 12де салтанатты ашылу басталып аудан әкімі сөз сйледі. Келесі сөз кезегі ЮНЕСКО өкілдеріне берілді. Арнайы Араб өңіріндегі Бахрейн мемлекетінен келген ат маманы сөзінде «Бақыт аттың құлағында келеді. Сіздер жұмақта тұрып жатырсыздар» деп көз жасын алды. Ауыл ақсақалы Рахат Нашкенұлы бата берген соң ұлттық ойындар, көрме қызықтау басталды. Этнофестивал атжарыстан кейін ауыл ансамбілінің концертімен аяқталды.

 Терісаққан тұлпарлары  

Терісаққан ауылында жыл сайын 1 не 2 мамыр күндері үлкен мереке тойланады. Бұл әдеттегі Еңбекшілердің бірлік күні, болмаса Халықаралық ынтамастық  мейрамы емес. Осы бір көне ғұрыптық той тойлаудың түп-тамыры тым тереңде, бастауын өткен мыңжылдықтардан алса керек. Сірә, ол сонау бағзы қола дәуірінде пайда болған культ, молшылықтың, ұрпақ жалғастығының символы  болуы әбден мүмкін. «Бие байлау» немесе «айғыр салу» деп аталатын бұл көктемгі жоралғы Еуразия даласында  тек Терісаққанда ғана сақталғанға ұқсайды.

Бұл науқанға ауыл тұрғындары қыстан бастап дайындалады. Үйірлеп жылқы ұстайтындар алдын ала жараған айғыр іздестіре бастайды. Бар-жоғы 50 үйден тұратын шағын ауылда әрқайсысында 25 бастан кем емес 24  үйір жылқы бар. Әдетте айғыры арқыраған үйге құда түсушілер көбейеді: жиі-жиі қонаққа шақырады, сый-сияпат жасайды, айғырларын айырбастау жайында алдын ала келіседі.

Көктемнің келуін баршасы асыға күтеді. Дала ұзақ қысқы ұйқыдан оянғанда, жер-дүние құлпырып, бәйшешек гүл атқанда, көк жүзінде алуан құстар ән сала бастағанда осы мерекенің қызығы басталады. Бие  құлындап, желі тартылып, қыр-ойдың бар нәрін бойына сіңірген қымыз ашытылады.

«Үйірге айғыр салу» дегеніміз не? Жылқы иесі  екі жылда бір рет үйір айғырын ауыстырып отыруға мәжбүр, өйткені олар өздерінің енесіне, байталдарына, қандастарына шаппайды. Жылқы жануарының асыл қасиеттерінің бір де осында. Ат тұқымын аздырмас үшін айтулы айғырлар көрші ауылдардан, тіпті іргелес Торғай даласынан іздестіріледі. Бір сөзбен айтқанда, болашақ тұлпарлар қамын күйіттегендер бұл мерекеге  мұқият, тиянақты дайындалады.

Айғырларды айқындап алған соң, иелері таңдап алынған «жаңа үйір иесін» екi ай бойы жемдеп, баптап, жабық қорада ұстайды. Уақыты жетіп, айғырды үйірге қосар алдында орындалуы міндетті бірнеше жоралғы жасалады. Жылқылар үйірімен айдалып әкелінеді. Қалың жұртшылық бала-шағасымен, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін түгел ауыл шетіндегі төбеге жиналады. Жасыл алаңқайға дастархан жайылып, үсті сары май мен балқаймаққа, бауырсақ пен шелпекке, сүт пен айранға толады. Тойшы қауым мен қонақтар дәстүрлі дәмнен ауыз тиіп, ақсақалдар бата береді.

Құлындарды ноқталау рәсімі басталып, олар жерге темір қазықтармен бекітілген желіге байланады. Әдетте бір үйірде орташа есеппен 15 бас құлынға дейін болады. Әйел қауымы «Байлар көп болсын, ақ мол болсын!» деп, құлынның құйрығы мен желіні майлайды. Бұл көнеден келе жатқан жоралғы малсақ көшпелі қазақтың бар ырыс-байлығы – малының төлдеуі мен көбейіп өсуін, молшылық пен тоқшылықты тілеуінен қалған наным-сенімінің көрінісі.

Осыдан кейін құлындарды бір-бірлеп емізеді, құлынның құйрығының түбін қасып тұруды да ұмытпайды, бие сауу басталады.  Осылайша жаңа туған көктемнің алғашқы қымызы ашытылады.

Бірте-бірте мерекенің шырқау шыңы – айғырды үйірге қосуға да кезек келеді. Көзінен от шашып, шұрқырай кісінеп, жер тарпып, иіскелеп, екпіндей үйірге ұмтылады. Айғырдың арынынан «Міне, мен келдім, қабылдап, қадірме жетіңдер» дегендей паңдық сезіледі. Әдетте аттар да адам сияқты. Сылаңдаған сұлу биелер «күйеу жігітті» бірден бауырына тартпайды, тулап, тарпып, ретті көңілін табуды талап етеді. Осының бәрін бақылап тұрған жұртшылық өз малы үшін жаны ауыра, көңілі толқи ақырын күтеді. Өйткені терісаққандықтардың бар байлығы, өмірінің мәні – үйір-үйір жылқысы. Қашанда «ер қанаты - ат».

Әрине, жергілікті жылқыларды асыл тұқымды деуге келмейді. Бірақ арасында сұлу мүсіндісі де, ұшқыр жүйрігі де, тайпалған жорғасы да кездеседі.  Жергілікті жылқының түстері де сан алуан: жирен бурыл, теңбiл көк, жирен сары. Қара жалды сұр мен сұр жалды жирені көп-ақ. Ал теңбіл қара түсті қарагер ілуде бір ұшырасады.  Шамасы, мұндай түр алуандығы олардың табиғи шағылысуынан, тұқым өрбіту ісіне адам баласының араласпауынан болса керек.

Мереке үстінде көптеген жоралғылар жасалынады. Соның бірі – күбі ыстау. Ол да өсіп-өнуге, молшылыққа табыну магиясына байланысты қалыптасқан. Қымыз ашытатын күбіні қазы майын араластыра отырып майлайды. Ысталған күбінің қымызы ерекше дәмді, тіл үйіреді әрі ашуын бабына келтіреді.

Той салтанаты балалардың дәстүрлі  асық ойынымен аяқталады. Асық – тіршілік атаулының жандануын айғақтайтын көктемгі ойын, ол әрі қой малының нышан-белгісі. Асық ойнау мен жеңіске жету – қой отарының өсімін тілеу, молшылыққа кенелу. Билғы этнофестивалдің ерекшілігі ат жарыс ұйымдастырылды. Бас бәйгені Қостанай облысынан келген ат алды.

Кешқұрым, дәстүрлі концерт, сауық кешінен кейін ауыл тұрғындары «үйірге айғыр қосу» тойының өту барысын, сән-салтанатын, ең арынды айғыр кімдікі екендігін жамыраса талқылап тарасады.

Бабаларымыз аттан түспей, ат тұяғы жеткен жерге дейін жеткен. Аталарымыз найзасын сомдап, білегін білеп бар ғұмыры ат үстінде өткен. Тұлпарын туған ұлындай, атын асылындай бағалаған. Ақселеуі қыл құйрығына өрілген, дала желі жалын толқындатқан асыл жануар, шіркін, жылқы баласы, сайын сақара төсін дүбірлеткен жылқы үйірі жанымызды жадыратып, жарқын жақсы күндерге жеткізсін!


Б.Қожахметов

                                     «Ұлытау» ұлттық қорық мұражай директоры 

  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға