Жаңалықтар

"Қарқара" туралы аңыз

"Қарқара" атты өңірдің атауы қалай қалғаны туралы аңыздар бар.
29.06.2015 11:11 8713

"Қарқара" атты өңірдің атауы қалай қалғаны туралы аңыздар бар. Соның бірі "Бабалар сөзі" еңбегінде жазылған.

"Қарқара" туралы аңыз

Кезекті қанды қырғыннан кейін қолға түскен қалмақ қызы Қарқара сұлуға қазақ батырлары таласып, бірімен-бірі келісе алмай, алакөз бола бастайды.

Дулаттан шыққан Қарасай батыр, албаннан шыққан Таубұзар батыр өзара дүрдараз болып, сұлу қызды әркім өзі иемденіп, өзі құшпақшы болып, үлкен дау-дамай басталады. Сонда қалмақ қызы тұрып:

Өзі сұлу, өзі шешен
Қазақ еді менің шешем.
Қолымды егер босатсаңдар,

Тағдырымды өзім шешем,-дейді. Қолын шеш­кен соң, қыз ру басына апаруды өтінеді. Сонымен Сырымбет бабаға келеді. Қалтасынан үш түсті маржанды алып, қыз Сы­рымбет бабаның алдына қояды. Ақ, қызыл, қара маржанға қарап тұрып Сырымбет баба:

– Түсіндім, балам, қызыл маржаның-қанды қырғында қолды болыпсың. Қара маржаның – әке-шешеңнен айрылып, каралы болыпсың. Ақ маржаның-мені ақтаңыз дегенің ғой, балам. Айтарыңды айт,-дейді.

– Уа, Сырымбет бабамыз,
Біз де сіздің балаңыз.
Сенбесеңіз, айтайын,
Қазақ еді анамыз.
Қазақ, қалмақ соғысып,
Қанға бөкті даламыз.
Қайтсек тату боламыз?  
Қара қалмақ қол жиып,
Қару-жарақ мол жиып,
Қайта келсе қыруға,
Қарсы қарап тұруға
Келер ме еді шамаңыз?
Жау да дертпен бірдей ғой,
Бар ма табар дауаңыз?!
Сонда Сырымбет:

-Әкең-қалмақ, шешең-қазақ, көргені азап болса, еліңе барсаң, сенің де көргенің мазақ болады. Әйел заты болсаң да, ер-азаматпен тең екенсің, ақыл-ойға кең екенсің. Ел татулығын ойлаған қызым, өзіңде қандай шешім бар?-дейді.

– Рас, шешемнің менсіз көргені тозақ. Мен тұтқынға келіп өзім түскен едім. Анам: «Сенің атаң-қазақ. Тегім бұзылмасын десең, қазақ еліне барып, бір қазақтың етегінен ұста» де­ген. Менің шешемді алған қалмақтың атақты батырларының бірі Ақанас болатын. Ақанас үш ағайынды нояндар тұқымы. Бұлардың арғы тегі Шыңғыстың тұқымдары, Шағатайдың ұлдары. Олардың екеуін сіздер өлтірдіңіздер. Ал Ақанас болса үркіп, елімен көшіп, жерлеріңізді өздеріңізге тастап кетті. Ал маған жар болғысы келген жігіттің сауыты болсын басында, шоқпары болсын қолында, қылышы болсын белінде, арманы болсын жерінде. Мен сондай азаматқа тиемін.

– Белінде қылышы дегенің –
Жауға шабар ел болсын дегенің.
Басында сауыт болсын дегенің –
Ақылға кең болсын дегенің.
Қолында шоқпары болсын дегенің-
Жүректі болсын дегенің.
Жері арманда болсын дегенің –
Жерің елді болсын дегенің бола, қызым, –

деп түйген Сырымбет баба ақылды қыздың сөзіне дән риза бо­лыпты. Сөйтіп қызды атағы шығып жүрген албан батыры, мыңбасы Таубұзарға қосады. Бірақ батыр кедей екен.

-Қарағым, тақырға қар, батырға мал тұрмайды. Бөрі азығы мен ер азығы жолда деген. Мал жиып береміз, батыр жарлы болғанымен, арлы болады,-деп тоқтатыпты ру басы.

– Қалауымды берсеңіз, жер беріңіз. Өзгені өзіміз құрастырып алармыз, – дейді қыз.

– Қарағым-ау! Батыр қоныссыз ба еді?

– Сырымбет баба, атыңызды атағаным өзімді сіздің қызыңыз санағаным болсын. Қоныстың да қонысы бар Сонысы бар,  сорлысы бар. Оның да құласы бар, торысы бар. Малға жайсыз қоныс-дау мен ұрыс. Малға жайлы қоныс-бақ пен ырыс.

-Оның дұрыс. Бірақ қазақ ерге қыз бергенмен, жер берген емес.
-Жерсіз ел, елсіз ер болмайды.
Ер-елдің баласы, жер-елдің панасы.
Ер-елге ортақ, жер-ерге ортақ.
Батыр-елдің серкесі, сұлу-елдің еркесі.
Көсеусіз от жанбайды,
Көсемсіз ел оңбайды емес пе?
Қыздың бұл сөзіне тоқтаған Сырымбет:
-Анадан ұл тумаса да,
Қыз туған екен.
Ана жолын жоғалтпас,
Ақылы асқан із қалған екен.
Қалаған жеріңді ал,
Той жасап, тай соям,
Елді жиып алдында.
Сол жерге атыңды қоям, –

дейді. Қыз таудан құлап аққан өзен жағасын көрсетеді де, Сы­рымбет бабасына «осы жерге батырдың есімін қойсақ қайтеді» дейді. Сонда Таубұзар батыр сөзге араласады:

– Ердің аты екі қойылмайды. Бұл сенің еншің, сенің атың қойылсын. Елім де, жерім де, суым да, тауым да, жарым да «Қарқара» болсын. Мен ер болсам сол ел, сол жердің қорғаны болайын, – дейді.

Сол кезде Сырымбет баба:

-Ей, Қарқара,
Басыңнан базарың тарқамасын.
Көңілің ешқашан ортаймасын,
Бақ орнасын халқыңа.
Көркіңе арың сай,
Өзіңе жарың сай,
Малыңа жерің сай.
Бердім осы жерге «Қарқара» атын!
Жұптарың нық болсын,
Жақсымен орта толсын.
Алған жарың Қарқара,
Әулетіңе құт болсын! –

деп, сұлу қыз бен батыр жігітке кезек-кезек ақ тілек тілеп, батасын беріпті. Әлгі өңір содан бастап «Қарқара» атаныпты.


Әзірлеген: Айсұлтан Мейірбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға