Елімізде қозғалтқышы бар велосипедтерге қатысты талаптар өзгереді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оларды мопедтер санатына енгізетін заңға қол қойды. Соған сәйкес электр велосипедтер мемлекеттік тіркеуден өтіп, нөмірлік белгі алуы тиіс. Жаңа талаптар ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді.
Енді қандай талаптар қолданылады?
«Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мопед ұғымына «қозғалтқышы бар велосипедтер» деген тармақ қосылды. Бұл электр велосипедтердің құқықтық мәртебесін нақтылап, оларды мопедтермен теңестірді.
Осыған байланысты мұндай көлік құралдары мемлекеттік есепке қойылып, тіркеу нөмірін алуға міндетті болады. Сонымен қатар жүргізушілеріне мопед иелеріне арналған жол қозғалысы ережелері қолданылады.
Оқи отырыңыз:
- Голливуд жұлдыздары цифрлы көшірмесін жасатып жатыр: «Оскар» сыншылары неге алаңдаулы?
- Айына 1,5 млн теңге табатын курьерлер қайда жұмыс істейді?
- Жасанды интеллект көмегімен жемқорлықты азайту мүмкін бе?
Атап айтқанда, қозғалтқышы бар велосипед жүргізушілеріне велосипед жолымен, велосипед жолағымен, жол жиегімен, тротуармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Олар енді қарапайым велосипедшілер сияқты емес, мопед жүргізушілері сияқты жол қозғалысы талаптарын сақтауы тиіс.
Өзгерістің себебі неде?
Бұл бастама кейінгі уақытта электр велосипедтердің тротуарларда жоғары жылдамдықпен жүруіне қатысты тұрғындардың шағымдары жиілегеннен кейін қолға алынды. Мамандардың айтуынша, мұндай көліктердің жаяу жүргіншілер арасында жүруі жол қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан заңдағы өзгерістер ең алдымен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар жаңа заңда электр көліктерінің басқа түрлеріне қатысты талаптар да нақтыланды. Гироскутерлер, сигвейлер, монодөңгелектер және электрлі мотоскейтбордтар шағын электр көліктері ретінде жеке санатқа енгізілді. Оларға велосипед жолдарымен жүруге рұқсат берілгенімен, автомобиль жүретін жолға шығуға тыйым салынады.
Заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.