Голливуд жұлдыздары цифрлы көшірмесін жасатып жатыр: «Оскар» сыншылары неге алаңдаулы?

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Жасанды интеллект кино индустриясын түбегейлі өзгертіп жатыр. Виртуалды актерлер пайда болып, қайтыс болған жұлдыздардың цифрлық бейнесі экранға қайта оралуда. Осындай жағдайда Америкалық киноакадемия «Оскар» сыйлығының ережелерін жаңартып, басты талап ретінде адам шығармашылығын қорғауды таңдады.

Неліктен әлемдегі ең беделді кино сыйлық жасанды интеллектке шектеу қойды? El.kz интернет порталы бұл сұрақтың жауабын киносыншы Баубек Нөгербектен сұрады.

Оқи отырыңыз: 

Жақында Америкалық киноөнер және ғылым академиясы «Оскар» сыйлығына қатысты жаңа ережелерді бекітті. Енді фильмде жасанды интеллект қолданылуы туындының марапатқа ұсынылуына кедергі болмайды. Алайда академия жеңімпаздарды анықтау кезінде сценарий, режиссура және актерлік өнердегі адам еңбегі мен шығармашылық үлесіне басымдық беретінін мәлімдеді.

Жаңа талапқа сәйкес, актерлік номинацияларға тек нақты адамдар сомдаған рөлдер қатыса алады. Сондай-ақ сценарийдің негізгі авторы адам болуы шарт. Бұл шешім кездейсоқ қабылданған жоқ.

Фото: Marvel

Неліктен академия мұндай қадамға барды?

Соңғы бірнеше жылда Голливудта жасанды интеллект төңірегіндегі дау күшейді. 2023 жылы актерлер мен сценаристердің ірі ереуілдерінің басты себептерінің бірі де осы болды. Өнер адамдары студиялар өздерінің дауысын, бейнесін немесе шығармашылық еңбегін рұқсатсыз пайдалануы мүмкін деп алаңдады.

Бұған қоса, технология қайтыс болған актерлердің бейнесін қайта «тірілтуге» мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, актер Вал Килмердің цифрлық бейнесі жаңа жобаларда қолданылды. Мұндай тәжірибелер көбейген сайын авторлық құқық пен этика мәселесі талқылана бастады.

Фото: Mark Mainz

Киноакадемия жаңа ережелер арқылы технологиялық прогреске тосқауыл қоймай, адам еңбегінің құндылығын сақтап қалуға тырысып отыр.

Кинотанушы Баубек Нөгербектің айтуынша, жасанды интеллекттің киноға келуі өздігінен қауіпті құбылыс емес.

Жасанды интеллекттің киноға келуі өздігінен қауіпті емес, бұл табиғи құбылыс. ЖИ сценарий әзірлеу, монтаж, визуалды эффектілер, дыбысты қалпына келтіру сияқты көптеген техникалық процестерді жеңілдетеді. Қауіп ЖИ-дің өзінде емес, оны қолдану тәсілінде жатыр. Американдық киноакадемия жасанды интеллектке толық тыйым салған жоқ. Академия қабылдаған жаңа ережелер бойынша, фильмде ЖИ қолданылуы номинацияға қатысуға кедергі болмайды. Бірақ марапаттау кезінде шығармашылық жұмыстың негізгі авторы адам болуы тиіс. Бұл талап кино өнерінің басты құндылығы – адам шығармашылығын қорғауға бағытталғанын айқындайды, – дейді Баубек Нөгербек.

Әлемдегі виртуалды актерлер

Бүгінде жасанды интеллект негізінде жасалған кейіпкерлер тек тәжірибе деңгейінен асып, коммерциялық жобаларға еніп үлгерді.

Олардың қатарында Тилли Норвуд сияқты толықтай цифрлық образдар бар. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде миллиондаған оқырманы бар виртуалды инфлюенсерлер көбейді. Солардың бірі – Лил Микела. Ол сән брендтерімен жұмыс істеп, музыкалық жобаларға қатысады.

Фото: ЖИ актриса Лил Микела

Тағы бір танымал мысал – жапондық виртуалды әнші Хацунэ Мику. Ол концерттер өткізіп, жанкүйерлер алдында голограмма ретінде өнер көрсетеді.

Кино индустриясында да цифрлық адамдарды жасау технологиясы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары студиялар актерлердің жас кезін қайта көрсету, қайтыс болған өнер адамдарын экранға шығару немесе қауіпті көріністерді түсіру үшін цифрлық көшірмелерді жиі пайдалана бастады.

Жасанды интеллект актерді алмастыра ала ма?

Киносыншының пікірінше, жасанды интеллект актерлерді толықтай алмастыра алмайды.

Толықтай алмастырады деу қиын болар. Актерлік өнер – тек сыртқы келбет емес. Ол эмоция, импровизация, серіктеспен қарым-қатынас, өмірлік тәжірибе және көрерменмен эмоционалдық байланыс. ЖИ кейіпкерлерін жарнамада, анимацияда, фантастикалық фильмдерде немесе қосалқы рөлдерде кеңінен қолданылуы мүмкін және бұл үрдіс басталып жатыр,– дейді киносыншы Баубек Нөгербек.

Оның айтуынша, драмалық фильмдерде көрермен шынайы адамның сезіміне сенгісі келеді. Сондықтан болашақта актерлер жоғалмайды, тек ЖИ-мен бірге жұмыс істейтін жаңа формат қалыптасады

Голливуд жұлдыздары цифрлық бейнесін жасатуда

Соңғы жылдары көптеген актерлер өздерінің цифрлық көшірмесін жасауға келісім беріп келеді. Баубек Нөгербек бұған бірнеше себеп бар екенін айтты.

Біріншіден, бұл түсірілім процесін жеңілдетеді. Актердің қатысуынсыз-ақ қауіпті немесе техникалық тұрғыдан күрделі көріністерді жасауға мүмкіндік туады.

Екіншіден, франшизалар мен ұзақмерзімді жобаларда актердің жас кезін көрсету жеңілдейді. Мысалы, Голливудта «de-aging» технологиясы қазірдің өзінде кең қолданылады.

Үшіншіден, бұл жаңа табыс көзіне айналып отыр. Көптеген актер өз бейнесін лицензиялап, оның қолданылуы үшін қосымша қаламақы алады.

Фото: ЖИ актриса Тилли Норвуд

Алайда бұл үрдіс дау-дамайсыз емес. 2023 жылғы SAG-AFTRA ереуілі кезінде актерлер студиялардың олардың цифрлық көшірмесін келісімсіз пайдалануына қарсы шықты. Соның нәтижесінде жаңа келісімдерде цифрлық бейнені қолдану үшін актердің нақты келісімі мен өтемақы төлеу талабы енгізілді, – дейді киносыншы.

Адам эмоциясын алгоритм алмастыра ала ма?

Кино өндірісі алдағы жылдары бұрын-соңды болмаған өзгерістерді бастан кешіруі мүмкін. Жасанды интеллект монтажды жылдамдатады, визуалды эффектілерді арзандатады және виртуалды кейіпкерлерді өмірге әкеледі.

Әлбетте жасанды интеллект кино өндірісін түбегейлі өзгертеді, бірақ жақын уақытта шығармашылықтың негізгі қозғаушы күші адам болып қала береді. Киноның басты құндылығы – технология емес, адам эмоциясы мен авторлық көзқарас,– дейді киносыншы Баубек Нөгербек.

Дегенмен киноакадемияның жаңа ережелері көрсеткендей, әлемдік кино индустриясы технология қанша дамыса да шығармашылықтың басты иесі адам болуы керек деген ұстанымнан бас тартпай отыр.

Өйткені көрерменді экранға байлайтын нәрсе – мінсіз алгоритм емес, адам эмоциясы мен авторлық көзқарас.

Оқи отырыңыз