«Тілімнің ұшында тұр»: адам неліктен кейде білетін сөзін де есіне түсіре алмай қалады

 ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды
Фото: ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Кейде адам белгілі бір ақпаратты жақсы білсе де, оны дәл сол сәтте есіне түсіре алмай жатады.

Мұндай жағдай жадтың жоғалуынан емес, мидағы белгілі бір күйдің әсерінен ақпаратқа қол жеткізудің уақытша қиындауынан болуы мүмкін. Бұл туралы Жапониядағы Нагоя қалалық университетінің профессоры Хироси Номура мәлімдеді.

Ғалымның айтуынша, бір ақпараттың кейде еске түсуі, ал кейде түспеуі мидың сол сәттегі белсенділігіне байланысты. Егер адам біраз уақыттан кейін әлгі мәліметті қайтадан есіне түсірсе немесе оған белгілі бір ишара, көмек қажет болса, онда ақпараттың өзі жоғалмаған деген сөз.

ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Бір естеліктің кейде қолжетімді болып, кейде еске түспеуі оның жойылып кеткенін білдірмейді. Керісінше, жадта сақталғанымен, оған қол жеткізу уақытша қиындауы мүмкін, – дейді профессор Номура.

Зерттеу барысында Нагоя қалалық университеті, Хоккайдо университеті және Кумамото университетінің ғалымдары мидағы гистамин нейрондарының белсенділігі жадыға қалай әсер ететінін зерттеген.

Тәжірибе кезінде зерттеушілер тышқандарға белгілі бір дыбысты қантты сумен байланыстыруды үйреткен. Кейін олар сол дыбысты естігенде сыйақы күтіп, су беретін құрылғыны жалауға кіріскен.

Ғалымдар гистамин нейрондарының белсенділігі тұрақты болмайтынын, белгілі бір уақыт аралығында өзгеріп тұратынын анықтады. Егер дыбыстық белгі нейрондардың белсенділігі жоғары кезде берілсе, тышқандардың есте сақталған әрекетті көрсету ықтималдығы шамамен 40 пайыз жоғары болған.

Профессор Номура бұл тұжырым күнделікті өмірде жиі кездесетін «тіл ұшында тұр, бірақ есіме түспей тұр» деген құбылысты түсіндіруі мүмкін екенін айтады. Дегенмен зерттеу нақты адам есімдерін еске түсіру механизмін қарастырмағандықтан, белгілі бір ұмытшақтықтың жадының жоғалуынан ба, әлде оған қол жеткізудің қиындауынан ба екенін дәл анықтауға әлі ерте екенін ескертті.

Қазіргі таңда бұл құбылысты жалпы қағида ретінде ғана түсіндіре аламыз. Адам миында дәл осы механизмнің жұмыс істейтіні әзірге толық дәлелденген жоқ, – деді ғалым.

Оның пікірінше, адамның жады қалай жұмыс істейтінін тереңірек түсіну үшін қосымша зерттеулер қажет. Әсіресе уақыт өте келе ақпаратты еске түсіру қабілетінің өзгеруі мен оның гистаминдік жүйемен байланысын анықтау маңызды.

ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Бұл үшін функционалдық магниттік-резонанстық томография, электроэнцефалография (ЭЭГ), фармакологиялық зерттеулер және басқа да заманауи әдістерді қатар қолдану қажет екенін атап өтті.

Осылайша, ғалымдардың пайымдауынша, кейде ұмытқандай көрінетін ақпарат шын мәнінде жоғалып кетпейді. Ол тек мидың белгілі бір күйіне байланысты уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз