«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды

«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды
Фото: видеодан скрин

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында 17 жастағы Сезім Қорғанбаева ерекше өнерімен көпшіліктің назарын аударды. Нарынның таулы аймағында өскен бойжеткен қасқырдың ұлуын айнытпай салып, мыңдаған көрерменді таңғалдырды. Кейін оның видеосы әлеуметтік желіде тарап, жас өнерпазды «Маугли қыз» деп атай бастады.

Қой бағуға көмектесу үшін иттің дауысын салған

Сезімнің бұл қабілетінің артында ерекше бір оқиға жатыр. Ол жануарлардың үнін арнайы үйірмеде немесе сахнаға дайындалу кезінде емес, ата-анасына көмектесіп, жайлауда қой бағып жүргенде үйренген.

Сезім Қорғанбаева Нарын облысы Жұмғал ауданының Байзақ ауылында тұрады. Ол бес бала тәрбиеленіп отырған отбасында өскен. Әкесі мал бағумен айналысатындықтан, отбасы жылдың көп бөлігін тауда өткізеді. Сезім демалған уақытында ата-анасына көмектесіп, мал шаруасына араласқан. Дәл осы жайлаудағы күндері оның ерекше қабілетінің қалыптасуына себеп болған.

Сезімнің айтуынша, қой бағуға шыққанда оған иттер көмектескен. Бір күні ол иттің үрген дауысын өзі қайталап көруге шешім қабылдайды. Уақыт өте келе оны жақсы меңгеріп алғаны соншалық, қасында ит болмаған кезде қойды айдау үшін өзі үріп жүрген.

Фото: видеодан скрин 
Фото: видеодан скрин 

Бір күні өзім де иттер сияқты үріп көрейін деп шештім. Осылайша үйреніп алдым. Иттер жанымда болмаған кезде өзім үріп, қойларды тезірек айдай аламын, – дейді Сезім.

Кейін ол тек иттің үргенін ғана емес, қасқырдың ұлуын да дәл салуды меңгерген. Сондай-ақ Сезім кішкентай баланың жылаған дауысын да айнытпай сала алады. 

Сезімнің өнеріне Садыр Жапаров та назар аударды

Сезімнің ерекше қабілеті «Ты супер! Кыргызстан» музыкалық жобасына қатысқаннан кейін кеңінен таныла бастады. Жоба командасы Қаракөл, Нарын, Талас, Баткен, Манас, Ош және Бішкек қалаларында кастинг өткізген.

Ұйымдастырушыларға елдің түкпір-түкпірінен шамамен 1500 өтінім түсіп, кәсіби қазылар 700-ден астам баланы тыңдаған. Нәтижесінде негізгі шоуға 40 қатысушы таңдалып, олардың қатарына Сезім де енді.

Оның жоба кезінде көрсеткен өнері Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың да назарына іліккен. Қырғыз БАҚ-тарының хабарлауынша, президент Сезімнің өнер көрсеткен видеосын көріп, оның ерекше қабілетіне тәнті болған. Кейін видеоны Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында көрсетуді тапсырған.

Осылайша жайлауда қой бағып жүріп жануарлардың үнін салуды үйренген қыз 31 тамызда «Бішкек Аренадағы» VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуында көпшілікке танылды. Салтанатқа әлемнің 104 елінен келген 3 мыңнан астам спортшы қатысқан.

видеодан кадр 
видеодан кадр 

Таланты бір қырмен шектелмейді

Сезімнің өнері мұнымен шектелмейді. Ол мектепке бармай тұрып-ақ ән айта бастаған. Бесінші сыныптан бері қомыз тартады, сондай-ақ сурет салумен және актерлік шеберлікпен айналысқан. Оның кәсіби музыкалық білімі жоқ.

Қомызда ойнаудан алғашқы жетістіктері де бар. 2025 жылы Нарын облысында ұйымдастырылған фестиваль аясындағы таланттар байқауында Байзақ ауылының атынан қатысқан Сезім қомыз тартудан үшінші орын иеленген.

Ол актерлік өнерде де өзін сынап көрген. 2025 жылы Жұмғалда жас актерлер сахналаған «Күтүү» драмасында Сезім Қорғанбаева да рөл сомдаған. Бұл қойылым жас актрисалардың кең аудитория алдындағы алғашқы өнер көрсетуі болған.

Осылайша Сезімнің бойында ән айту, қомыз тарту, актерлік өнер, сурет салу және түрлі дыбыстарды қайталау секілді бірнеше қабілет қатар тоғысқан.

Фото: видеодан скрин 
Фото: видеодан скрин 

Көшпенділер ойындарының ашылуынан кейін Сезім жабылу салтанатында да сахнаға шыққан. Бұл жолы оның өнерін анасы Нұржан Шаршенова да көрермендер арасынан тамашалаған. Nomad TV таратқан ақпарат бойынша, анасы қызының ашылу салтанатындағы өнерін бұған дейін теледидардан көрген, ал жабылу рәсіміне Нарыннан арнайы келген.

Сезім биыл 11-сыныпты аяқтап, білімін әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр.

Арманы – елін өнерімен таныту

17 жастағы Сезім үшін «Ты супер! Кыргызстан» жобасы мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үлкен сахнаға бастар алғашқы қадамдардың біріне айналды.

Оның арманы – өнерін дамытып, туған елін таныту. Қырғыз БАҚ-тарына берген мәліметінде Сезім болашақта нағыз «кыргыздын кызы» болып, адамдардың жүрегін жылытатын әндер айтқысы келетінін жеткізген.

Кезінде Нарынның тауларында қой айдау үшін иттің дауысын салған Сезімнің өнерін бүгінде мыңдаған адам біледі. Қарапайым ауылдағы күнделікті тіршіліктен басталған ерекше қабілет оны үлкен сахнаға алып шықты.

Оқи отырыңыз