Жасанды интеллект көмегімен жемқорлықты азайту мүмкін бе?

 ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Бүгінде жасанды интеллект білім беру, медицина, қаржы және басқа да көптеген салада кеңінен қолданылып жатыр. Технологияның мүмкіндігі артқан сайын оны мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу және жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында пайдалану мәселесі де жиі көтеріліп келеді. Осы орайда Қазақстанда биыл «Жасанды интеллект туралы» заң толық күшіне енді. Жаңа құжат жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық негізін қалыптастырып, оны түрлі салаға енгізуге жол ашты. Ал бұл технология жемқорлықпен күресте қаншалықты тиімді болуы мүмкін? Осы сауалды Мәжіліс депутаттарына қойып көрдік.

Жаңа заң нені көздейді?

2026 жылдан бастап толық қолданысқа енгізілген заң жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын айқындайды. Құжатта адам құқықтарының басымдығы, алгоритмдердің ашықтығы, деректердің қорғалуы, қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселелері қамтылған.

Заңға сәйкес, жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай төмен, орта және жоғары тәуекелді болып жіктеледі. Ал мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыруда немесе маңызды салаларда қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелерге ерекше талаптар қойылады.

Сондай-ақ азаматтар автоматтандырылған шешімдердің қалай қабылданғанын білуге, оның салдары туралы ақпарат алуға және өз құқықтарын қорғауға құқылы. Бұл мемлекеттік органдар қызметінің ашық болуына ықпал етеді.  

Оқи отырыңыз:

«Адами фактор азайса, жемқорлық та азаяды»

Мәжіліс депутаты Самат Нұртазаның пікірінше, жасанды интеллект ең алдымен адам факторын азайту арқылы жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етуі мүмкін.

Фото: ашық дереккөзден

Барлық салада қылмыс та, жетістік те болады. Мүмкіндік болса, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу керек деп ойлаймын. Әрине, оның кері әсері де бар. Кейбір жұмыс орындары қысқаруы мүмкін. Бірақ жемқорлық мәселесіне келсек, жасанды интеллект оны азайтуға көмектесе алады деп ойлаймын. Өйткені ол – робот. Оның эмоциясы, сезімі жоқ, – дейді депутат.

Шынында да, мемлекеттік қызмет көрсету барысында шешім қабылдау процесі автоматтандырылған сайын адамның субъективті ықпалы азая түседі. Ал бұл өз кезегінде заңсыз келісімдер жасау немесе қызметтік өкілеттікті жеке мақсатта пайдалану мүмкіндігін шектейді.

Мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуын бақылай ала ма?

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жасанды интеллекттің мүмкіндігі тек қызмет көрсетуді автоматтандырумен шектелмейтінін айтады. Оның пікірінше, бұл технология мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуын бақылауға көмектесе алады.

Біз жасанды интеллект туралы заң қабылдап, қолданысқа енгіздік. Оның басты мақсаты – мемлекетіміздің әрі қарай дамуына жағдай жасау. Қазір көптеген дамыған елдер өндірісін, экономикасын және қоғамын дамыту үшін жасанды интеллектіні пайдаланып жатыр. Сондықтан оны жемқорлыққа қарсы бағытта қолдануға толық мүмкіндік бар, – дейді депутат.

Фото: ашық дереккөзден

Оның айтуынша, жасанды интеллект мемлекеттік қолдау бағдарламаларының нәтижесін жан-жақты талдауға мүмкіндік береді.

Мысалы, бизнесті қолдауға бөлінген қаражатты кім алды, оның нәтижесінде қанша жұмыс орны ашылды, қандай өндіріс іске қосылды – осының бәрін сараптауға болады. Егер мұндай жұмыстарға жасанды интеллект қолданылса, мемлекеттен бөлінген қаржының қаншалықты тиімді жұмсалғанын анықтау әлдеқайда жеңілдейді, – дейді Нұртай Сабильянов.

Расында, жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректерді қысқа уақытта өңдеп, көзге бірден байқалмайтын заңдылықтарды анықтай алады. Бұл мемлекеттік сатып алулардағы күмәнді келісімдерді, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын немесе түрлі қаржылық тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

«ЖИ жемқорлықты толықтай жояды деп айта алмаймын»

Дегенмен технологияның мүмкіндігін асыра бағаламау керек. Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев жасанды интеллект жемқорлықты толық жояды деп айтуға әлі ерте екенін айтады.

Жасанды интеллект жемқорлықты толықтай жояды деп айта алмаймын. Өйткені бұл жүйелер әлі толық енгізілген жоқ. Оның нақты қалай жұмыс істейтінін көрген жоқпыз. Қазірдің өзінде интернет инфрақұрылымына қатысты мәселелер бар. Сондықтан дәл қазір оның жемқорлықты жүз пайыз жоятынын айту қиын. Мүмкін, алдағы жылдары нақты нәтижесін көрерміз, – дейді депутат.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Шынында да, кез келген технологияның тиімділігі оны қалай пайдалана алатынымызға байланысты. Егер жүйеге енгізілетін деректер сапасыз болса немесе бақылау тетіктері дұрыс жұмыс істемесе, жасанды интеллект те күткен нәтижені бере алмайды.

Әлемдік тәжірибе нені көрсетеді?

Әлемнің көптеген елі бүгінде жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне енгізуге күш салып жатыр. Мысалы, Еуроодақта жоғары тәуекелді жүйелерге бақылау күшейтілсе, АҚШ-та алгоритмдердің әділдігі мен ашықтығына басымдық беріледі. Ал Оңтүстік Кореяда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мен деректерді талдау үшін ЖИ мүмкіндіктері кеңінен қолданылып келеді.

Қазақстан да соңғы жылдары жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл күшіне енген «Жасанды интеллект туралы» заң технологияны түрлі салаға енгізудің құқықтық негізін қалыптастырды. Құжатта алгоритмдердің ашықтығы, деректер қауіпсіздігі және жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Әзірге жасанды интеллект жемқорлықты толық жояды деу қиын. Алайда ол мемлекеттік сатып алуларды бақылауға, бюджет қаржысының жұмсалуын талдауға және күмәнді операцияларды анықтауға көмектесе алады. Бұл өз кезегінде адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондықтан жасанды интеллект жемқорлық мәселесін түбегейлі шешпегенімен, оның алдын алуға және ашықтықты арттыруға ықпал ететін маңызды құралдардың біріне айналуы мүмкін. Ал бұл мүмкіндіктің қаншалықты тиімді пайдаланылатынын уақыт көрсетеді.

Оқи отырыңыз