Аптап ыстықтан бой тасалап, Есіл жағасына суға түсуге барған астаналықтардың видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Қаптаған халықтың көрінісін желі қолданушыларының бірі Мумбаймен, енді бірі Ганга өзенінің жағалауымен салыстыруда. Осыған байланысты El.kz интернет-порталы оқиға орнына барып, жағажайдағы ахуалды көзбен көріп, тұрғындар пікірін тыңдап қайтты.
Астанада шомылуға арналған 5 орын бар
Ең бірінші елорда әкімдігіне ресми сауал жолдап, Астанада қанша жағажай бар екенін білдік. Ресми мәлімет бойынша, қалада шомылуға рұқсат етілген 5 орын белгіленген. Олардың қатарында «Армина», «Столичный двор», «Три пескаря» демалыс аймақтары, Орталық қалалық жағажай және коммуналдық жағажай бар.
Ал желіде қызу талқыға түсіп жатқан жер – коммуналдық жағажай. Аты айтып тұрғандай бұл жер тұрғындар үшін қолжетімді. Кіру тегін. Есіл өзенінің Сарыарқа ауданы аумағындағы бөлігінде орналасқан.
Құрылыс жұмыстары аяқталмаған
Біз жұмыс күні сағаь 15:00 шамасында коммуналдық жағажайға жеттік. Адам аз болар деп ойлағанбыз. Бірақ дәл желідегі картина көз алдымызда қайталанды. Жағажайда ығы-жығы халықтан бос орын табу қиын. Өзен суы да біз ойлағандай таза емес. Шетінде балдырлар шығып жатыр. Бірақ тұрғындарды бұл мәселе алаңдатпайтын сияқты. Шамамен 200-300-ге жуық демалушы жүр. Еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін кездестіруге болады.
Біздің назарымызға бірден «суға түсуге болмайды!» деген ескерту белгісі ілікті. Бірақ жағажай ресми түрде жұмыс істеп тұр. Олай дейтін себебіміз шамамен 10 шақты Төтенше жағдай қызметкерлері мен құтқарушылар жүр. Олардан сұхбат алуға тырысқанымызбен, бірден бастартты. Ал жағажай аумағында автотиегіш жер қазып жатыр. Соған қарағандай коммуналдық жағажай ресми ашылуға дайындалып үлгермеген сияқты.
Қазіргі уақытта коммуналдық жағажай аумағында қажетті дайындық және жабдықтау жұмыстары аяқталу сатысында. Аумақ азаматтардың қауіпсіз әрі қолайлы демалуына қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. Атап айтқанда, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің модульдік бекеті орнатылып, шомылу аймағын белгілейтін буйлар қойылуда, сондай-ақ санитарлық талаптарды, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша ұйымдастыру шаралары жүргізілуде, – деп жауап берді қала әкімдігі.
Жарты литр су 600 теңге
Коммуналдық жағажайда бірнеше балмұздақ дүңгіршегі орналасыпты. Бағалары да арзан емес екен. Балмұздақ – 700 теңге болса, жүгері – 800 теңге. Ал 0,5 су 600 теңге.
Демалушылар үшін ақылы қызмет түрлері де қарастырылған. Мәселен, балаларға арналған үрлемелі баллондар 1000 теңге тұрса, шатырды кешкі сағат жетіге дейін жалға алу құны – 3000 теңге.
«Барлық адамның Бурабайға барып демалуға жағдайы жоқ»
Біз осы маңда тұрамыз. Мұнда екінші жыл қатарынан келіп жүрміз. Былтыр адам аздау болатын, биыл демалушылар көбейіп кеткен. Мен мұнда жұмыс күндері келемін, ал жексенбіде келмеймін, өйткені халық өте көп болады. Бұл жер жағажай деп аталады. Құмды сәл тазалап, жаңартып қойса жақсы болар еді. Халық үшін суды да аздап тазартса ғой. Жалпы, жағдайы көңіл көншітпейді. Өйткені барлық адамның Бурабайға немесе шетелге барып демалуға мүмкіндігі жоқ, – деді астана тұрғыны Дильяра.
Ол жағажай аумағынан дәретхана байқамағанын айтты. Үйі жақын болғандықтан, киімін ауыстыру үшін үйіне барып келетінін жеткізді. Дильяраның айтуынша, жағажайда полиция қызметкерлері мен құтқарушылар тұрақты түрде кезекшілік етеді. Кіру тегін, ал қоғамдық тәртіпті бұзғандарға айыппұл қарастырылған.
Небәрі екі киім ауыстыратын орын
Құтқарушылардың айтуынша, жағажай аумағында екі биоәжетхана бар. Алайда олар демалыс аймағынан біршама қашық орналасқан. Күніне мыңдаған адам келетін қоғамдық орын үшін мұндай инфрақұрылымның жеткіліксіз екені байқалады. Сонымен қатар жағажайда небәрі екі ғана киім ауыстыратын орын қарастырылған. Олардың жай-күйі мен жабдықталуы да заманауи талаптарға толық сәйкес келмейді.
17 күнде 9 мың адам келген
Жағдайды салыстыру үшін Орталық саябақта орналасқан ақылы жағажайға бардық. Мұнда салыстырмалы түрде жағдай жақсы жасалған. Кіру бағасы ересектерге – 1500 теңге, балаларға – 500 теңге екен. СЭС айына екі рет судың тазалығын тексереді. Жалпы саны 6 дәретхана бар. Суға түсу, киім ауыстыру, аяқ жуу аймақтары да жеке-жеке орналасқан.
Біз 6 маусым күні ашылдық. Бүгінге дейін 9 мыңға жуық адам келді. Оның жартысынан көбі әлеуметтік жеңілдікпен кірді. Яғни көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар жандарға кіру тегін. Мұнда 6 құтқарушы жұмыс істейді. Олар жағажайда да, суда да, биік мұнарада келушілерді бақылап отыр. Сезон күн суығанша, тамыздың ортасына дейін жалғасады. Биыл күн өте ыстық. Сондықтан келушілер де көп. Алдағы уақытта шатыр қою ойда бар. Жағажайдың жалпы сыйымдылығы 2500 адам,– дейді қалалық жағажайдың админстраторы Ерқадыр Сапарғалиев.
Дегенмен орталық жағажайдың мүмкіндігі келушілер санына сай емес. Көлеңкелі аймақтар мен шатырлар барлық демалушыға жете бермейді. Соның салдарынан жұрт өзіне қолайлы саялы орын іздеп, жағалаудың әр тұсына жайғасуға мәжбүр.
Аптап ыстықта салқын суға шомылып, сергігісі келетіндердің таңдауы көп емес. Бірі халыққа лық толған коммуналдық жағажайды таңдаса, енді бірі ақылы бассейндерге барады. Алайда елордадағы бассейндердің бағасы ересектер үшін 10 мың теңгеден басталады. Сондықтан қолжетімді әрі жайлы қоғамдық демалыс орындарын көбейту мәселесі жыл сайын өзектілігін жоғалтпай отыр.