Бұрын жазғы демалыс балалар үшін тек ойын мен серуеннің уақыты болса, бүгінде көп жасөспірім үшін бұл – алғашқы еңбек маусымы. Курьер сөмкесін асынып, кафеде тапсырыс қабылдап жүрген оқушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бірақ жазғы жұмыс сырттай қызық көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік пен заң талаптары тұрғанын бәрі бірдей біле бермейді. Осыған байланысты El.kz тілшісі жасөспірімдердің жазғы жұмысына қатысты заң талаптарын, ата-аналардың алаңдаушылығын және оқушылардың алғашқы еңбек тәжірибесін саралап көрді.
Оқи отырыңыз:
- Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейстер қашан ашылады?
- Бандо, сатин, органза: мектеп бітіру кешінде қандай образ трендте?
- Sen Sulu брендіне бойкот: Валя Карнавал қазақстандықтар жайлы не деді?
«Балама сенімді орта іздедім»
Биыл кейіпкеріміз Айнұр Алпысбайдың қызы 15 жасқа толды. Ол жаз басталмай жатып қызына лайықты жұмыс іздей бастағанын айтады. Оның сөзінше, жасөспірімдерге арналған бос жұмыс орындарын табу оңай емес. Көп жағдайда тек курьер, даяршы немесе ыдыс жуушы секілді жұмыстар ұсынылады.
Қазір 14 жастан асқан жасөспірімдерге жұмыс істеуге рұқсат берілгенін білсем де, нақты әрі сенімді ақпарат табу оңай болмады. Кей жерлерде жасы кіші болғандықтан еңбекақыны толық төлемеу немесе еңбегін бағаламау жағдайлары да кездеседі екен. Сондықтан қызымды ондай ортаға жібергіміз келмеді. Оның өзі де мұндай жұмыстарға қызықпады, – дейді ол.
Айнұрдың айтуынша, ата-ана үшін ең маңыздысы – баласының қауіпсіз әрі сенімді ортада жұмыс істеуі. Ұзақ ізденістен кейін қызына өзіне ұнайтын әрі ыңғайлы жұмыс табылған.
Дегенмен көп ізденістің арқасында қызыма өзіне ұнайтын жақсы жұмыс таптым. Ең бастысы – жұмысы қазіргі жастардың қызығушылығына сай әрі қауіпсіз. Күнделікті табысы да көңілден шығады. Ата-ана ретінде баламның алғашқы еңбек жолын сенімді ортада бастағанына қуандым. Менің ойымша, жасөспірімдердің жұмыс істеуі олардың тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер етеді, – дейді Айнұр Алпысбай.
Жасөспірімдер неше жастан бастап жұмыс істей алады?
Қостанай облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Талант Ермановтың айтуынша, Қазақстанда толық еңбек шартын жасауға 16 жастан бастап рұқсат етіледі. Ал 14-15 жастағы жасөспірімдер ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі арқылы ғана жұмыс істей алады.
Жұмыс міндетті түрде оқудан бос уақытта атқарылуы керек және денсаулыққа зиян келтірмейтін жеңіл еңбек санатына жатуы тиіс. Сонымен қатар 14 жасқа дейінгі балалар тек шығармашылық бағыттағы салаларда – театр, кино, концерт ұйымдары немесе цирк секілді жерлерде жұмыс істей алады. Бұл жерде ең бастысы – баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі, – дейді еңбек инспекторы.
Маманның сөзінше, заңда жасөспірімдердің жұмыс уақытына да нақты шектеу қойылған.
14 пен 16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Ал 16-18 жас аралығындағылар үшін шекті уақыт – 36 сағат. Сонымен қатар оларды түнгі уақытта жұмысқа тартуға, үстеме жұмысқа қалдыруға немесе мереке күндері жұмыс істетуге тыйым салынған, – дейді Талант Ерманов.
Қандай жұмыстарға тыйым салынады?
Еңбек заңнамасына сәйкес, жасөспірімдерге ауыр және денсаулыққа зиян келтіретін жұмыстарды істеуге болмайды. Мысалы, химикаттармен жұмыс істеу, ауыр жүк көтеру, алкоголь мен темекі өнімдерін сату немесе қауіпті өндіріс орындарында еңбек ету заңмен шектелген.
Толық материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтерге де жасөспірімдерді алуға болмайды. Мысалы, кассир немесе қойма меңгерушісі секілді жұмыстар. Сонымен қатар 16 жасқа дейінгі балалар үшін 7 келіден ауыр зат көтеруге тыйым салынған. Мұндай талаптардың барлығы балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін енгізілген, – дейді маман.
«Жасөспірімдер ата-анасына салмақ салғысы келмейді»
Бүгінде жасөспірімдердің арасында ең танымал жұмыстардың бірі – курьерлік қызмет. Анонимді түрде пікір білдірген жасөспірімнің айтуынша, көптеген бала бұл жұмысқа тек ақша үшін емес, өзін ересек сезіну үшін де барады.
Қазір көп бала ата-анасынан ақша сұрағысы келмейді. 15-16 жасқа келген кезде өзін үлкен адам сияқты сезінеді, өздігінен ақша таба алатынын көрсеткісі келеді. Меніңше, бұл – өзін дәлелдеудің бір жолы. Өзім де досым арқылы курьер болып жұмыс істеп көрдім, – дейді ол.
Кейіпкердің сөзінше, курьерлік жұмыс сырттай қарағанда жеңіл көрінгенімен, іс жүзінде өте шаршататын жұмыс. Оның үстіне табыстың бәрі өзіңе қалмайды.
Тіркелу үшін 18 жас керек болғандықтан, әкемнің атына рәсімдедік. Басында бәрі оңай сияқты көрінді. Бірақ күнұзақ жүріп қатты шаршайсың. Тапқан ақшаңның біразы жол мен тамаққа кетеді. Оның үстіне бұл жұмысты бәрі бірдей бағалай бермейді. Сондықтан ұзақ істемедім, – дейді жасөспірім.
Оның айтуынша, әсіресе жаздың ыстығында күні бойы қала ішінде жүру оңай емес. Кейде тапсырысты уақытында жеткізу үшін асығуға тура келеді. Сондықтан мұндай жұмыстардың сырттай көрінгендей жеңіл еместігін айтады.
Ең бастысы – еңбек шарты
Мамандардың айтуынша, жазғы демалыста жұмыс істейтін жасөспірімдер үшін ең маңызды мәселе – қауіпсіздік пен заңдылық. Көп жағдайда балалар еңбек шартынсыз жұмыс істеп, кейін жалақысын ала алмай немесе еңбек құқығы бұзылып жатады.
Ешқандай ауызша келісім болмауы керек. Міндетті түрде еңбек шарты жасалуы тиіс. Бұл баланың құқықтарын қорғайды әрі еңбек өтілінің есептелуіне мүмкіндік береді. Қазір Enbek.kz платформасында арнайы «Менің жазғы каникулым» бөлімі жұмыс істейді. Жүйе заңға қайшы келетін вакансияларды автоматты түрде бұғаттайды, – дейді Талант Ерманов.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда 14 пен 18 жас аралығындағы 15 мыңнан астам жасөспірім ресми түрде еңбек еткен. Ал бүгінде бірыңғай еңбек жүйесінде 6294 электрондық еңбек шарты тіркелген. Бұл елде жазғы демалыс кезінде жұмыс істейтін оқушылар саны аз емес екенін көрсетеді.
Мамандар ата-аналарға баласының қайда және қандай жағдайда жұмыс істейтінін мұқият бақылауға кеңес береді.