Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейстер қашан ашылады?

 ©El.kz/Артем Чурсинов
Фото: ©El.kz/Артем Чурсинов

Қазақстан қалалық аэротакси және азаматтық авиация инфрақұрылымын цифрландыру жобаларын жүзеге асыруға кіріседі. Озық технологиялар мен биометриялық бақылауды енгізу туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндады.

Елімізде жаңа аэротакси сегментін дамыту шеңберінде отандық компаниялар пилотсыз сынақ ұшақтарын сатып алуда, сондай-ақ қону алаңдары мен операциялық орталықтың құрылысын бастады.

Бұдан басқа, әуежайларда Q-Gate цифрлық жүйесі кең ауқымда енгізіліп, бақылау уақыты 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқарады: биыл Астана мен Алматыдағы 16 терминалға Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларындағы тағы 16 терминал қосылады. Келесі қадам – Астана – Шымкент бағыты бойынша ішкі рейстерде биометрияны енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу.

Цифрлық технологиялар жүк сегментінде де қарқынды енгізілуде. E-Freight ақпараттық жүйесін іске қосу процестерді электрондық форматқа толығымен ауыстыруға және авиажүктерді өңдеу уақытын бір күннен бір сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді, – деді Нұрлан Сауранбаев.

Сонымен қатар көлік министрі қазақстандық авиакомпаниялардың жолаушылар ағыны төрт айда 4 млн адамнан асқанын тілге тиек етті.

Оның айтуынша, елімізде қажетті институционалдық база толығымен қалыптасқан. Бүгінгі таңда Қазақстан әуежайларының авиациялық қауіпсіздік деңгейі – 95,7%, ал авиакомпаниялардың қауіпсіздік деңгейі – 82%. Бұл елімізге Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) нұсқасы бойынша әлемнің үздік 20 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік берді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық авиакомпаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады, ал әуежайлар 32 млн адамға қызмет көрсетіп, 173 мың тонна жүк өңдеді. Биылғы алғашқы 4 айда ішкі жолаушылар ағыны өзгеріссіз қалып, 4 млн адамнан асты, алайда жүк тасымалы сегментінде Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты төмендеу тіркеліп отыр. Бұл аптасына 80-ге жуық рейсті, яғни жалпы көлемнің 10%-дан астамын уақытша тоқтатуға әкеп соқтырды.

Рейстердің қысқаруы халықаралық жолаушыларға, жүк тасымалына және әуежайлардың жұмысына тікелей әсер етті. Осыған қарамастан, қауіпсіздікті одан әрі арттыру мақсатында Әуе апаттарын тергеу орталығы құрылды, авиациялық әкімшілікке халықаралық деңгейдегі сарапшылар тартылды. ICAO-мен бірлесіп 2050 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленуде, оны осы жылдың соңына дейін қабылдаймыз, – деп атап өтті министр.

Ал премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігінің назарын Астанадан қатынайтын әуе рейстерін уақтылы іске қосу мәселесіне аударды.

Нью-Йоркке, Токиоға басқа да бағыттар бойынша тікелей жаңа рейс ашамыз деп көптен бері әңгіме қозғап жатырмыз, әлі нәтиже жоқ. Қандай шаралар қабылдап жатсыздар? – деді Олжас Бектенов.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, бүгінде Астанадан әлемнің түрлі елдеріне 34 халықаралық әуе бағыты бойынша рейстер қатынайды. Жыл соңына дейін тағы 5 бағыт ашу жоспарлануда. Токиомен тікелей әуе қатынасын іске қосу осы жылдың IV тоқсанында, АҚШ-пен тікелей рейстерді ашу келесі жылдың II тоқсанына жоспарланған.

Оқи отырыңыз