Астанада жыл сайынғы тілдер фестивалі басталады
Астанада 28 тамыз - 20 қыркүйек аралығында Қазақстан халқы тілдерінің жыл сайынғы фестивалі өтеді. Бұл туралы Қазақстан халқы тілдерінің XV фестиваліне арналған баспасөз маслихаты барысында Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов.
«Бүгін Қазақстан халқы тілдерінің жыл сайынғы дәстүрлі фестивалі ашылады. 28 тамызда сағат 17.00 К.Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында фестивалдің салтанатты ашылу рәсімі болады. 5 қыркүйекте сағат 11.00 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде қазақ тілін оқыту жөніндегі жаңа технологияларға арналған Инновациялар күні өтеді»,- деді Басқарма басшысы.
Оның айтуынша, биыл фестиваль бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Орыс сыныптарында оқитын қазақ балаларының арасында конкурс өткізіледі.
«Қазақ мектептерінде оқитын орыс, қазақ және басқа тілдерді білетін орыс және өзге ұлт өкілдерінің арасында конкурстар, түрлі олимпиадалар ұйымдастырылады. Бірақ орыс тілінде білім алатын қазақ балалары ұмыт қалғандықтан биыл біраз жаңашылдық енгізіліп отыр. 11-12 қыркүйекте сағат 11.00 №56 мектеп базасында орыс сыныптарында оқитын қазақ балаларының арасында қалалық тілдер олимпиадасы өтеді»,- деді Е. Тілешов.
Бұдан басқа, 17-18 қыркүйекте №4 мектеп базасында сағат 10.00 «Тіл - халық жанын танудың кілті» қалалық байқауы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай Астанада қалалық байқаулар, кездесулер, кештер мен олимпиадалар өтеді.
20 қыркүйекте сағат 17.00 К.Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында Қазақстан халқы тілдерінің XV қалалық фестивалі салтанатты түрде жабылады.
Еске салайық, 1998 жылғы 20 қаңтардағы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының үшінші жексенбісі Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды.
Бұл күні жыл сайын тілдер фестивалі ұйымдастырылады.