Жас техниктер арасында жарыс өтті
Қостанайда жас техниктердің арасында «Отан» кубогы сарапқа салынды.
Балғын инженерлер дайындаған кішкентай көліктер, күрделі бұрылыстарға толы жолдармен жүйткіп, қиын тапсырмаларды орындады. Қостанайдағы техникалық шығармашылық мектебіне келуші саны аз емес. Мектеп үйірмелеріне 350-ге тарта бала жазылған. Сол балғындардың бірі – Константин Картавый. Оның мақсаты – білікті инженер болу. Техникалық шығармашылық мектеп оның қиялын ұштап, арманына бір табан жақындатты. Жеткіншек бүгінде бөлшектерді бір-біріне оңай жалғай алады. Үйірмеге жазылған 5 жылда үйренгені көп.
Константин КАРТАВЫЙ, Қостанай қаласы Техникалық шығармашылық мектеп оқушысы:
- Мен үйірмелердің бәрін көріп, ішінен қолайыма жаққанын таңдағым келді. Осында бірнеше рет жарыстарға қатыстым. Ақыры меңгеріп алдым. Өзімнің қолдан құрастырған көліктерім де бар. Оларды трассаларда жүргіземіз, бұл – таптырмайтын спорт. Болашақта мен жүргізуші көлігін алғанда қиналмаймын деп ойлаймын.
Бір сәтте алға ұмтылған «көліктерді» алдынан қиын сынақтар күтіп тұрды. Бұрылыс-қалтарысы көп айналма жолды жүріп өтуге 5 минут уақыт берілген. Қазылар қатысушылардың қырағылығын, көлігін қаншалықты шебер игергендігін басты назарға алды.
Олег ЦЫГАНОВ, Қостанай қаласы Техникалық шығармашылық мектеп директоры:
- Кішкентай көліктердің үлкен көліктерден айырмашылығы шамалы. Оны қалай жөндеуге болады, қалай басқару қажет, қайтсе жетіле түседі деген сұрақтарға жауап іздеген оқушылардың біліктілігі жетіле түспек. Жарыс кезінде тәжірибенің көмегі көп. Қатысушылардың қабілеті шыңдалады.
Қостанайдағы жас техниктердің сайысына Астана, Ақтөбе қалаларынан да қатысты. Оқушылардың ұпайын есептей келгенде, жергілікті команда бәсекелестерінен озық шықты.
Ерлан ҚАБДУЛЛИН, Қостанай қаласы Техникалық шығармашылық мектеп оқушысы:
- Бұл көлік «БАГИ-2» деп аталады. Бұл жарысқа қатысып, 1-орын алдым. 2-жарыста тағы 1-орын алдым. Мектепке келіп жүргеніме 3 жыл болды. Мұнда әртүрлі құралдармен үйренесің. Өте қызықты. Болашақта инженер болғым келеді.
Жалпы Қостанай қаласы Техникалық шығармашылық мектебі республикада үздіктер қатарында. Оларға түрлі жарыстардан шақыру көп түседі. Бірақ ұжым басшылығы соның бәріне қатысуға қаржы жағы қол байлау екенін айтты.
Авторлар: Абылай Мауданов, Сергей Трахтанберг