Cәкен мұражайы экспозициясының тарихы
С.Сейфуллин мұражайы 1988 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесінің 21 қаңтардағы жарғысымен және төрағасы Н.Назарбаевтың қол қоюуымен ашылған болатын. Құрылысты жөндеу жұмыстарын Ақмола қаласының мәдени-демалыс саябағының қалпына келтіру шеберханасы жасаған. Директоры Роза Иманғалиқызы Асылбекова болды.
Алғашқы экспозицияның құрылымының кіріспе залында Ақмола аймағының өлкетану, тың игеру жөнінде құжаттар, осы өлкенің жазушылары, С.Сейфуллин ісін жалғастырушы, дәріптеушілер ретінде Нұрғожа Ораз, Мадхат Төрежанов, Алдан Смаиловтардың материалдары қойылды. Келесі залдар – балалық шағы, педагогикалық қызметі, әдебиет саласындағы еңбектері болып бөлінді. Бұл кезеңде жәдігер жағы енді жиналып жатқандықтан, көретін залдар да мазмұны жағынан аз болды. Осы залдың ішіндегі бір бөлмеде мұражай қызметкерлері отырды. Өйткені ол кезде екінші ғимарат берілмеген. Бір-екі жыл өткен соң кәсіподақ төрағасы Қасым Таукеновтың қажырлы еңбегінің арқасында екінші ғимарат қолданысқа берілді.
Екінші мазмұны жағынан толықтырылып, толық өзгертілген экспозиция 1994 жылы С.Сейфуллиннің 100 жылдығына жасалды. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайынан уақытша қолдануға 11 жәдігер берілді. Осы мерейтой қарсаңында мұражай қызметкерлері Ресей мұрағаттарында, оның ішінде Красногорск қаласының кино-фото-құжат бөлімінде жинақтау жұмысын жүргізіп, мұражай қоры біраз құжаттармен толықты. Онда Жазушылар Одағының 1 съезі, С.Сейфуллиннің шығармашылығына 20 жыл толуына байланысты 1936 жылғы марапаттау құжаттары, фотосуреттер бар. Екі ғимаратқа түбегейлі қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кіріспе залындағы жазушылар экспозициясы өзгертіліп, тек С.Сейфуллинге қатысты материалдар қойылды; балалық шағынан басталып, педагогикалық қызметі, революциялық кезеңдегі еңбектері. Мұражай қызметкерлерінің жинақтау жұмысының нәтижесі болуына байланысты, әдебиет саласындағы еңбектерінен көп материалдар жинақталып, әдебиетке арналған залдың мазмұны толық өзгертілді. Экспозицияның бір бөлмесінде отырған мұражай қызметкерлері екінші ғимаратқа көшіріліп, тағы бір мазмұнды зал қосылды. Ол залда С.Сейфуллиннің соңғы өмір сүрген жылдарынан құжаттар, туғанына 70 жыл, 80 жыл, 90 жылдығының жәдігерлері, театрлардағы қойылымдардың материалдары қойылып, «Ер есімі - ел есінде» деп аталды. Театрдағы С.Сейфуллин туралы қойылымдардың бас кейіпкерлерінің фотосуреттерімен толықты.
Одан кейін реэкспозиция жұмыстары 1998 жылы Астана қаласының тұсаукесеріне орай өзгертілді. Түбегейлі жәдігер қоятын тұғыр, сөрелер жаңартылды. Кіріспе залына С.Сейфуллиннің тағдырынан сыр шертетін үлкен гобелен қойылды. Сол жылдары мұражай қоры Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатынан алынған көп материалдармен толықты. Қорға бейнелеу өнері туындылары, Алматыдан суретшілер Әубәкір Ысмаилов, Әмен Қайдар жинағы әкелінді. Гүлфайрус Ысмаилова Евгений Сидоркиннің коллекциясын сыйға тартты. Бастапқыда бейнелеу туындылары кіріспе залында орналастырылды.Кейін бөлек зал ретінде жасалды.Одан кейін педагогика залы жаңартылды. Экспозицияға белгілі ғалым Қапия Камалиеваның 1960 жылы С.Сейфуллин туралы шыққан кітаптары, авторефераттары қойылды. С.Сейфуллиннің әріптесі ұстаз Давид Гобузов естеліктері мен оқыту барысындағы көрнекі құрал ретінде қолданған, өзі салған суреттері экспозициядан орын алды. «Тар жол тайғақ кешу» залы
С.Сейфуллиннің туғанына 100 толған мерейтойына қарсы Әмина Сейфуллинаның тапсырған 1927 жылы жазылған «Тар жол тайғақ кешу» түпнұсқа кітабымен толықты.
2009 жылы Мәжіліс залы кеңейтілді. С.Сейфуллиннің балалық шағына байланысты құжаттық-заттай жәдігерлер жеке залға қойылды.
2011 жылы екі ғимаратқа да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Толығымен витриналар құрылымы өзгертіліп, кіріспе бөлімінен бастап, барлық залға реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Жеке мемориалдық заттарынан кабинеті мен жеке отбасы бөлмесі жасақталды. «Әдебиет және журналистика» залы «Ұшқынннан- Егемен Қазақстанға дейін» құжаттық-хронологиялық көрсеткіші, ҚазАПП мүшелерінің толық мүшелері, С.Сейфуллин редакциялығымен жиналған Ы.Алтынсарин, Ақан сері, Ш,Құдайберді таңдамалы жинақтарының көшірмесімен толықты.
Қор жылдан жылға заттар жәдігермен толыға түсуде. Оның ішінде Гүлбаһрам Сейфуллина тапсырған С.Сейфуллинннің тақиясы, шапаны, сағаты, Рымжан Сейфуллина сақтаған тігін машинасын, София Абдұлқызы дастарханын берді. Осы құнды жәдігерлердің барлығы бүгінгі таңда мұражай экспозициясы төрінде өз орнын алып, кейінгі ұрпаққа үлкен тарихи мәні бар көненің көзі болып тұр.
Гүлнәзия Ибраева,
С.Сейфуллин мұражайының бөлім меңгерушісі