Астанада Сығанақ көшесі бойындағы Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінде өрт болды. Бұл туралы елордалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, алдымен электрмен жабдықтау желісі кернеуден ажыратылып, содан кейін өрт сөндірушілер Vario Carbon автономды ранцтық өрт сөндіргішінің көмегімен жалынды ауыздықтаған. Өрттің аумағы 1 погон метр болған. Қазіргі уақытта өрт толықтай сөндірілді.
Кейінірек Төтенше жағдайлар министрлігі өртті сөндіру сәтінен түсірілген бейнежазбаны жариялады.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы Astana LRT жеңіл рельсті көлік жүйесі ресми түрде Tarlan Astana болып қайта аталған еді. Тиісті қаулыға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қол қойды.
Астанада көптен күткен LRT жобасы бір ай бұрын іске қосылған еді. Қала көшелерінің үстімен жүйткіп өтетін жаңа жеңіл рельсті көлік жүйесі елордадағы қоғамдық көлік инфрақұрылымын мүлде жаңа деңгейге шықты.
Tarlan Astana желісінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Бағыт әуежайдан басталып, Қабанбай батыр даңғылы, Mega Silk Way, Ботаникалық бақ, Abu Dhabi Plaza, Министрліктер үйі, Ұлттық музей және Нұрлы жол вокзалы сияқты елорданың негізгі нүктелерін байланыстырады. Толық маршрутты шамамен 40 минутта жүріп өтуге болады.
Жобаның басты ерекшелігінің бірі – GOA4 деңгейіндегі толық автоматтандырылған басқару жүйесі. Бұл дегеніміз – пойыздар машиниссіз қозғалады деген сөз. Жүйе пойыздың жылдамдығын, тоқтауын, есіктің ашылып-жабылуын және қозғалыс аралығын автоматты түрде басқарады. Қауіпсіздік үшін барлық станса платформалары арнайы шынымен қоршалған. Пойыз келген кезде есіктер синхронды түрде ашылады.
Оқи отырыңыздар: