Астанадағы LRT-нің іші қандай? Жаңа жүйенің толық мүмкіндігі

 El.kz
Фото: El.kz

Астанада көптен күткен LRT жобасы аяқталуға жақын. Қала көшелерінің үстімен жүйткіп өтетін жаңа жеңіл рельсті көлік жүйесі елордадағы қоғамдық көлік инфрақұрылымын мүлде жаңа деңгейге шығармақ. Қазірдің өзінде стансалар, турникеттер, билет жүйесі мен вагондардың ішкі жабдықтары толықтай дайындалып, сынақ жұмыстары жүріп жатыр. Жоба толық іске қосылғанда пойыздар жүргізушісіз қатынайды, ал жолаушылар жолақысын Face Pay, QR немесе банк картасы арқылы төлей алады.

LRT желісінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Бағыт әуежайдан басталып, Қабанбай батыр даңғылы, Mega Silk Way, Ботаникалық бақ, Abu Dhabi Plaza, Министрліктер үйі, Ұлттық музей және Нұрлы жол вокзалы сияқты елорданың негізгі нүктелерін байланыстырады. Толық маршрутты шамамен 40 минутта жүріп өтуге болады.

Жобаның басты ерекшелігінің бірі – GOA4 деңгейіндегі толық автоматтандырылған басқару жүйесі. Бұл дегеніміз – пойыздар машиниссіз қозғалады деген сөз. Жүйе пойыздың жылдамдығын, тоқтауын, есіктің ашылып-жабылуын және қозғалыс аралығын автоматты түрде басқарады. Қауіпсіздік үшін барлық станса платформалары арнайы шынымен қоршалған. Пойыз келген кезде есіктер синхронды түрде ашылады.

LRT құрамдары төрт секциядан тұрады. Әр пойыз 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады. Вагондардың іші жарық әрі кең. Қызғылт сары орындықтар мен заманауи интерьер ұлттық нақышпен үйлестірілген. Салонда LCD мониторлар, дауыстық хабарландыру жүйесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар мен қауіпсіздік құрылғылары орнатылған.

Жолақы құны – 200 теңге. Төлем жасаудың бірнеше тәсілі қарастырылған: Face Pay, QR-код, Apple Pay, Samsung Pay, банк картасы және арнайы көлік картасы. Билетті автоматтан немесе кассадан қолма-қол ақшаға да сатып алуға болады. Жеңілдік санатындағы жолаушылар автобус жүйесіндегі сияқты тегін жүреді.

LRT желісінде күніне 15 пойыз қатынайды, тағы төртеуі резервте болады. Қозғалыс интервалы – шамамен 5-6 минут. Пойыздардың ең жоғары жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетеді. Орташа жылдамдығы – 50-60 шақырым.

Жоба құны 2016 жылы бекітілген 1,8 миллиард АҚШ доллары көлемінде қалған. Осы уақыт ішінде техникалық сипаттамалар жетілдіріліп, вагондардың дизайны жаңартылған. Қазіргі таңда жүйеде мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның ішінде шамамен 300-і – шетелдік маман. 500-ге жуық қызметкер арнайы оқудан өткен. Алдағы уақытта кадрларды Астананың өзінде даярлау жоспарланып отыр.

Құрылыс кезінде бірқатар мәселе де туындаған. Қыс мезгілінде сырлау жұмыстары тоқтатылып, кейін қайта жалғасқан. Бірнеше жерде құрылыс қоқысының тұтануынан өрт шыққанымен, инфрақұрылымға зиян келмеген. Эстакадалардағы су ағу жүйесі де толықтай қайта іске қосылған. Шу деңгейін азайту үшін жіксіз рельстер қолданылып, вагон қабырғалары қалыңдатылған. Мамандардың айтуынша, жақын маңдағы тұрғын үйлерге діріл әсері болмайды.

LRT жобасы тек жаңа қоғамдық көлік емес, елорданың жаңа архитектуралық келбетін қалыптастыратын инфрақұрылым нысанына айналып отыр. Әйнекпен көмкерілген стансалар, заманауи турникеттер, жүргізушісіз пойыздар мен қала үстімен созылған эстакадалар Астананың технологиялық даму бағытын көрсететін символдардың біріне айналмақ.

Оқи отырыңыз