ЛРТ іске қосылғанына бір айдан асты: нендей өзгеріс бар?

 Нұрдана Рамазан/ El.kz
Фото: Нұрдана Рамазан/ El.kz

Елордада ұзақ күткен LRT желісінің іске қосылғанынан бір айдан асты. Осы қысқа мерзім ішінде жеңіл рельсті көлік жүйесін 1 миллионнан астам жолаушы пайдаланып үлгерді. Жеңіл рельсті көліктің қала ішіндегі қозғалысты жеңілдетіп, уақытты айтарлықтай қысқартып жатқаны байқалады. Дегенмен, жобаның техникалық артықшылығымен қатар, оның экономикалық тиімділігі мен өзін-өзі ақтау мерзімі қоғамда әлі де қызу талқыланып жатыр. El.kz тілшісі рельс бойымен жүріп өтіп, жобаның алғашқы нәтижесі мен жолаушылардың шынайы пікірін біліп қайтты.

фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz
фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz

 Жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын жаңа LRT желісі әуежайдан бастау алып, Қабанбай батыр даңғылы, «Mega Silk Way», Ботаникалық бақ, «Abu Dhabi Plaza», Министрліктер үйі, Ұлттық музей және «Нұрлы жол» вокзалы сияқты елорданың ең негізгі нүктелерін өзара байланыстырып тұр. Маршрутты басынан аяғына дейін шамамен 40 минутта жүріп өтуге болады.

фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz
фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz

«Күн сайын Mega Silk Way маңынан отырып, Сығанақ аялдамасына дейін барамын. Қазір бұл жолға шамамен 8 минут қана кетеді. Бұрын автобуспен жүргенде 15 минуттай уақытымды жұмсайтынмын. Жұмысым Mega Silk Way маңында, ал үйім Сығанақ жақта болғандықтан, LRT мен үшін өте ыңғайлы көлікке айналды», – дейді елорда тұрғыны. 

фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz
фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz

Иә, елорда халқы жаңа желінің тиімді тұсына енді баға беріп жатыр. Өйткені Астанада мемлекеттік қабылдау, президент сапары жиі болады. Сондайда қаладағы негізгі көшелер жабылып,  кептеліс пайда болады. Осы жолы әуежай мен Нұрлы жол вокзалы арасында тұратын тұрғындар үйіне кептеліссіз жетті. 

фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz
фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz

Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметіне сүйенсек, қазір LRT-ны күніне шамамен 60-70 мың адам пайдаланады. Сенбі-жексенбі күндері 100 мың адам қатынайды. ЛРТ-да 06:00- 9:00 арасында адам қарасы көп. Одан кейін 12:00-14:00 арасында, содан кейін кешкі уақытта жолаушы көбейеді. 

фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz

Желіде тұрақты түрде 15 пойыз қатынайды, ал тағы 4 пойыз резервте тұр. Қозғалыс интервалы – 5-6 минут. Пойыздардың ең жоғары жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетсе, орташа жылдамдығы сағатына 50-60 шақырымды құрайды.

фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz
фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz

16 мамырдан басталған алғашқы екі аптаның өзінде-ақ жолаушы саны 1 миллионнан асып, жоба қазынаға 200 миллион теңгеден астам табыс әкелген.

фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz
фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz

Алайда, жобаның жалпы құны 900 миллиард теңгеден асатынын ескерсек, оның өзін-өзі ақтау мерзімі үлкен сауал тудырады. Қарапайым математикалық есепке салсақ: күніне 75 мың адамды 200 теңгелік жол ақысына көбейткенде, күндік табыс 15 миллион теңгені құрайды. Демек, бастапқы 900 миллиард теңгені қайтару үшін 61 200 күн, яғни тура 168 жыл керек.

фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz
фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz

Айта кетейік, 168 жылдық болжам – тек таза құрылыс шығыны. Бұдан бөлек, күнделікті тұтынылатын электр энергиясы, жүздеген қызметкерлердің жалақысы, вагондар мен инфрақұрылымды  жөндеу шығыны тағы бар. Бірақ алда ЛРТ-ның Сығанақ пен Шыңғыс Айтматов көшесіне қарай, елорда мен Қосшы қаласын жалғайтын жаңа рельсі ашылатынын ескерсек, пайда біз ойлағаннан көп болуы мүмкін. 

фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz
фото:Нұрдана Рамазан/ El.kz

                                                                                                                                                                                                                                                                           Бірлесіп орындаған: Нұрдана Рамазан

Оқи отырыңыз