Бүгiн, 12:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікБүгінде әйгілі сән үйлерінің спорт брендтерімен, мейрамханалармен, тіпті жаппай нарыққа арналған маркалармен бірлескен жобалары таңсық емес. Алайда сән мен автомобиль әлемінің байланысы әлдеқайда тереңде жатыр.
Кейінгі бірнеше онжылдықта атақты дизайнерлер көлік құрастыру ісіне де араласып, автокөліктердің сыртқы келбеті мен ішкі әрлеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді.
Мұндай серіктестіктердің мақсаты – көлікті жай ғана жүріп-тұру құралы емес, талғам мен талғампаздықтың белгісіне айналдыру. Жақында Porsche көліктерін қалпына келтірумен айналысатын Singer Vehicle Design компаниясы Louis Vuitton сән үйімен бірлесіп, екі бірегей Porsche 911 моделін таныстырды. Автокөліктердің салоны әйгілі сән үйінің мұрағатындағы шафран, кобальт көгі мен сары түстерге, сондай-ақ яхталар әлемінің эстетикасына негізделген.
Оқи отырыңыз:
Осы орайда сән мен автомобиль индустриясын тоғыстырған есте қаларлық бес жобаны назарларыңызға ұсынамыз.
Mercedes-Benz CLK 500 Cabrio by Giorgio Armani
Джорджо Армани сән әлеміндегі талғамымен ғана емес, автокөлікке деген ерекше ықыласымен де танылған. Ол сирек кездесетін көліктерді жинап қана қоймай, Ferrari-дің «Формула-1» командасына да демеушілік жасаған.
2004 жылы әйгілі дизайнер Mercedes-Benz компаниясымен бірлесіп, CLK 500 Class Cabriolet моделінің арнайы нұсқасын әзірледі. Көліктің дизайнын жасауға Армани төрт ай уақыт жұмсаған. Бұл жобада дизайнер өткен ғасырдың 40-жылдарындағы көне стильге басымдық берді.
Салонды әрлеу кезінде сол кезеңде кеңінен қолданылған Cuoio түсті өңделген былғары пайдаланылды. Ал хром бөлшектерге әдейі ескі реңк беріліп, көлік ретро сипат алды.
Автокөліктің сыртқы келбеті де ерекше шешіммен жасалды. Mercedes-Benz-тің designo бөлімі арнайы топтамаға арнап құм түстес күңгірт бояу әзірледі. Тіпті көліктің төбесінің түсі де жалпы дизайнмен үйлесуі үшін жеке таңдалған.
BMW 7 Series by Karl Lagerfeld
Карл Лагерфельдтің талғамы мен мінезін оның жасаған дүниелерінен жазбай тануға болады. 1990-жылдары әйгілі кутюрье BMW 7 Series моделінің өз нұсқасын ұсынды. Бұл жолы дизайнер көлікті көпшілікке емес, өзіне арнап жабдықтағандай әсер қалдырды.
Автокөліктің стандартты техникалық мүмкіндіктеріне Лагерфельд бірқатар қосымша құрылғы енгізді. Мәселен, жүргізуші орындығының астына факс орнатылды. Соның арқасында көлік қозғалыста келе жатқанда да хабарламаларды қабылдауға мүмкіндік болған. Бұған қоса, салонға VHS бейнемагнитофоны, шағын тоңазытқыш және шағын сейф қойылды.
Модельдің сыртқы келбеті екі түсті үйлесіммен ерекшеленсе, салонында шоколад реңкті былғары мен ағаш бөлшектер қолданылды. Осылайша Лагерфельд заманауи технология мен классикалық сәнділікті бір арнаға тоғыстырды.
Fiat 500 by Gucci
2011 жылы Италияның бірігуіне 150 жыл және Gucci сән үйінің құрылғанына 90 жыл толуына орай Fiat пен Gucci бірлескен арнайы жоба ұсынды. Fiat 500 моделінің жаңартылған нұсқасы Нью-Йорктегі сән апталығының ашылуында көпшілікке таныстырылды.
Көліктің дизайнында Gucci-дің көпшілікке жақсы таныс фирмалық белгілері пайдаланылды. Атап айтқанда, қызыл-жасыл жолақ пен сән үйінің монограммасы автокөліктің сыртқы бөлігіне де, ішкі салонына да енгізілді. Бұл белгілер орындықтар мен қауіпсіздік белдіктерінен де көрініс тапты.
Альдо Гуччи өткен ғасырдың ортасында қалыптастырған фирмалық нақыш шағын Fiat 500 моделіне жаңа сипат берді. Нәтижесінде күнделікті қала ішінде жүруге арналған көлік сән әлемінің танымал символдарымен толықты.
Maserati Quattroporte by Ermenegildo Zegna
2013 жылы италиялық Maserati автокөлік маркасы мен Ermenegildo Zegna сән үйі Quattroporte моделінің шектеулі топтамасын шығарды. Бұл жобада басты назар көліктің салонына аударылды.
Maserati-ге тән былғары әрлеуге Zegna сән үйі ерлердің классикалық костюмдерінен шабыт алған жүн матадан жасалған бөлшектер қосты. Арнайы топтамаға арналған мата Италияның Триверо қаласындағы Zegna мануфактурасында дайындалды. Мұндай әрлеу бар болғаны 100 автокөлікке ғана қолданылды.
Көліктің сыртына жағылған бояу да осы серіктестік үшін арнайы әзірленді. Оның құрамындағы алюминий пигментінің арқасында кузов жарық түскенде құбылып, металға тән ерекше жылтыр реңк беретін болған.
Lamborghini Murciélago LP640 by Versace
Шамамен 20 жыл бұрын Versace сән үйі Lamborghini-дің әйгілі Murciélago LP640 моделіне жаңа сипат берді. Әдетте қанық түстері мен көзге бірден түсетін өрнектерімен танылған сән үйі бұл жолы әлдеқайда ұстамды, минималистік дизайнға басымдық жасады.
Ақ түсті автокөліктің сыртқы келбетін Versace-нің басты белгілерінің бірі – грек меандр өрнегі толықтырды. Бұл ою алдыңғы есіктерге түсіріліп, салондағы былғары орындықтарға да бедерленді.
Модельдің тағы бір ерекшелігі – қара мен ақ түстің үйлесіміне құрылған салоны. Орындықтарды әрлеу үшін жұмсақ Nappa былғарысы пайдаланылды. Ал капоттың мөлдір қақпағы көліктің техникалық бөлшектерін сырт көзге көрсетіп, оның өзгеше келбетін айқындай түсті.
Бұған дейін 2026 жылы жұрттың сынына ең көп ұшыраған бес автокөлік туралы жазғанбыз.
Бүгiн, 12:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер