Қазақстанда электромобильдерге арналған арнайы мемлекеттік нөмірлер енгізіледі

Қазақстанда электромобильдерге арналған арнайы мемлекеттік нөмірлер енгізіледі
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда электромобильдерге арналған жеке мемлекеттік тіркеу нөмірлері пайда болуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігі жеңіл және жүк көліктеріне, электр автобустары мен мотоциклдерге арналған нөмірлердің жаңа үлгілерін әзірледі. Олар өңір коды көрсетілетін бөлігінің жасыл түспен безендірілуі арқылы ерекшеленеді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың меншігіндегі электромобильдерге бөлек нөмір түрлері қарастырылған. Олар көліктің санатына және нөмірдің орнатылатын орнына қарай ерекшеленеді.

ҚР ІІМ
ҚР ІІМ

Мәселен, жеңіл электромобильдерге алдыңғы және артқы нөмірлердің жеке үлгілері ұсынылған. Ал жүк көліктері мен электр автобустарына арналған нөмірлердің пішімі бөлек болады. Бұдан бөлек, электр мотоциклдері мен мотороллерлерге де арнайы мемлекеттік нөмір беріледі.

ҚР ІІМ
ҚР ІІМ

Жаңа нөмірлердің негізгі ерекшелігі – түсінде. Қарапайым электромобильдердің нөмірі ақ түсті фонда жасалып, өңір коды орналасқан бөлігі жасыл түспен белгіленеді. Ал әріптер, сандар және KZ таңбасы қара түсті болады.

Ішкі істер органдарының арнайы және жедел қызметтеріне тиесілі электромобильдерге де жеке үлгі қарастырылған. Олардың нөмірі көк түсті фонда орналасып, өңір кодының тұсы жасыл, ал әріптері мен сандары ақ түспен жазылады.

ҚР ІІМ
ҚР ІІМ

Өзгерістер дипломатиялық көліктерге де қатысты. Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің қызметтік және жеке электромобильдеріне, құрметті консулдарға, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтарға тиесілі көліктерге арналған жаңа нөмір үлгілері енгізіледі.

ҚР ІІМ
ҚР ІІМ

Бұл санаттағы көліктер үшін де әртүрлі түс үйлесімі белгіленген. Атап айтқанда, дипломатиялық нөмірлер қызыл фонда жасалады. Ал шетелдік көліктердің кейбір санаттарына сары түсті фон қарастырылған. Бұл жағдайда да өңір коды орналасқан бөлік жасыл түспен белгіленеді.

ҚР ІІМ
ҚР ІІМ

№831 бұйрыққа сәйкес, өзгерістердің негізгі бөлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Алайда мемлекеттік нөмірлердің жекелеген санаттарына қатысты кейбір нормалар құжат алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін электромобильдерге жасыл нөмір беру туралы ұсыныс арнайы мемлекеттік қызмет көліктерінің нөмірлерімен шатастыру қаупіне байланысты қолдау таппаған еді. Оның орнына электромобильдерді өзге көліктерден ажыратуға мүмкіндік беретін арнайы жапсырмалар жүйесі енгізілген болатын. Ол кезде нөмірлердің қолданыстағы жүйесін өзгертудің қажеті жоқ деп есептелген.

Оқи отырыңыз