2026 жылы жұрттың сынына ең көп ұшыраған бес автокөлік

2026 жылы жұрттың сынына ең көп ұшыраған бес автокөлік
Фото: AI көмегімен өңделді

2026 жыл автомобиль әлемінде жаңа модельдер мен батыл шешімдер аз болған жоқ.

Бірақ жаңаның бәрі жақсы дегенді аңғартпайтынындай, кейбір көліктердің сыртқы келбеті, электр қозғалтқышы мен салонына қатысты өзгерістер әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Осы орайда Autonews.ru басылымы биыл таныстырылған, көпшіліктің сынына ұшыраған бес модельге назар аударды.

Кейінгі жылдары автомобиль өндірушілері электрлендіруге, цифрлық технологияларға және бұрынғыдан өзгеше дизайнға басымдық беріп келеді. Бірақ мұндай өзгерістерді дәстүрлі қозғалтқыштардың қуаты мен дыбысына үйренген жүргізушілердің бәрі бірдей жақсы қабылдады деп айта алмайсың.

Әсіресе тарихы терең, өзіндік стилі қалыптасқан брендтердің жаңа бағытқа бет бұруы көптеген пікірталас тудырды. Бірі көліктің сыртқы келбетін ұнатпаса, енді бірі салондағы үйреншікті батырмалардың жоғалғанына наразы. Ал кейбір жанкүйерлер үшін басты мәселе – әйгілі спорттық көліктердің электр қозғалтқышына ауысуы.

Jaguar Type 01: жанкүйерлер күтпеген өзгеріс

Биыл көп сынға ұшыраған көліктердің бірі – Jaguar Type 01 электрлі фастбэгі. Оның сыртқы келбеті бұған дейін таныстырылған Type 00 концептінің дизайнына ұқсас. Негізі алғашқы прототиптің өзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын.

Жанкүйерлердің бір бөлігі жаңа Jaguar-дың бұрынғы модельдерге мүлде ұқсамайтынын сынға алды. Әлеуметтік желі қолданушылары көліктің пішінін табытқа теңеп, оны бала сызған суретке ұқсатқандар да болды.

Jaguar Type 01 / Jaguar
Jaguar Type 01 / Jaguar

Сондай-ақ төмен клиренс, шағын терезелер мен ұзын капот жүргізушінің айналаны көруіне кедергі келтіруі мүмкін деген пікірлер айтылды.

Көлік салоны да сыннан тыс қалған жоқ. Жүргізушілердің физикалық батырмалар мен дәстүрлі басқару тетіктерінің аздығына, шамадан тыс қарапайым интерьерге және жүксалғыштың көлеміне көңілі толмаған.

Оқи отырыңыз:

Дегенмен ең үлкен дау Jaguar-дың электр қозғалтқышына көшуіне байланысты туындады. Кейбір жанкүйерлер осылайша бренд өз болмысынан алыстап жатыр деген пікірде.

Компания мәліметіне сәйкес, Type 01 жаңа JEA электр платформасына негізделген. Үш электр қозғалтқышының жиынтық қуаты 1030 ат күшіне жетеді. Көлік сағатына 100 шақырым жылдамдықты 3,2 секундта бағындырады, ал бір қуаттаумен 720 шақырымға дейін жүре алады.

Яғни техникалық сипаттамалары жағынан жаңа Jaguar қуатты спорттық көліктердің қатарында. Бірақ жанкүйерлер пікіріне қарағанда, жоғары көрсеткіштердің өзі олардың жаңа дизайн мен электр қозғалтқышына қатысты күмәнін сейілте алмаған.

Ferrari Luce: жанкүйерлерге электрлі Ferrari қажет пе?

Ferrari-дің алғашқы сериялық электрлі көлігі Luce де әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

Италиялық брендтің жанкүйерлері жаңа модельдің сыртқы келбетіне көңілі толмайтынын ашық білдірді. Кейбірі оның дизайнын тым оғаш деп бағаласа, енді бірі Ferrari-ге тән айқын спорттық сипат жоғалғанын айтты.

Ferrari Luce /<strong> </strong>topgir.com.ua
Ferrari Luce / topgir.com.ua

Компанияның бұрынғы басшысы Лука Кордеро ди Монтедземоло да жаңа модельдің дизайнына қатысты өткір пікір білдірген. Ол көліктің сыртқы келбетінің сәтсіз шыққаны соншалық, тіпті қытайлық өндірушілердің өзі оны қайталауға құлықты еместігін жазған еді. Ол Ferrari басшылығына Luce моделінен әйгілі шауып келе жатқан аттың эмблемасын алып тастауды да ұсынған.

Көпшіліктің шағымы тек дизаймен шектелмейді. Ferrari жанкүйерлерінің бір бөлігі бұл брендті қуатты бензин қозғалтқыштарымен, әсіресе V12 моторының ерекше дыбысымен байланыстырады. Сондықтан электрлі модельдің пайда болуы олардың арасында түрлі пікір туғызды.

Көліктің 650 мың доллар деп көрсетілген бағасы да сынға ұшырады. Әлеуметтік желідегі кейбір қолданушылар мұндай автомобильдің құны 100-150 мың доллардан аспауы тиіс деген пікір білдірген.

Осылайша, Ferrari Luce төңірегіндегі дау автомобильдің техникалық мүмкіндіктерінен гөрі брендтің дәстүрлі болмысы мен болашағына қатысты туындағанын байқадық.

Bentley Torcal: сән-салтанат пен электр қозғалтқышы үйлесе ме?

Bentley-дің алғашқы электрлі кроссовері Torcal да жанкүйерлердің бәріне бірдей ұнай қойған жоқ.

Британ бренді бұрыннан сән-салтанатымен, ерекше жайлылығымен және қуатты қозғалтқыштарымен танымал. Ал жаңа модельдің дизайны кейбір жүргізушілерге тым қарапайым болып көрінген.

Bentley Torcal / Bentley
Bentley Torcal / Bentley

Әсіресе радиатор торы мен алдыңғы шамдардың пішіні көп сыналды. Жанкүйерлердің бір бөлігі көліктің сыртқы келбетінен Bentley-ге тән айрықша сипат байқалмайтынын айтқан.

Салондағы иілген үлкен дисплей де пікірталас тудырды. Кейбір қолданушылар оның интерфейсін қолайсыз деп санайды екен.

Бұдан бөлек, жанкүйерлер электр қозғалтқышының орнына Bentley-дің дәстүрлі W12 бензин моторы болғанын қалайтындарын жасырмады.

Көліктің қозғалтқыш дыбысын жасанды түрде шығаратын функциясы да сынға ілікті. Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, мұндай мүмкіндік нағыз мотордың дыбысын алмастыра алмайды.

BMW M Concept Neue Klasse: әйгілі M сериясы өзгере ме?

BMW көліктерінің дизайны соңғы жылдары жиі талқыланып жүр. Әсіресе радиатор торының көлемі мен жаңа модельдердің сыртқы пішініне қатысты пікір екіге бөлінген.

Бұл жолы сынға электрлі BMW M Concept Neue Klasse ұшырады. Болашақ M3 моделінің қандай бағытта дамитынын көрсететін концепт жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туғызды.

BMW M Concept Neue Klasse / press.bmwgroup.com
BMW M Concept Neue Klasse / press.bmwgroup.com

Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі жаңа BMW дизайнын сәтсіз деп бағалады. Тіпті кейбірі ондаған жыл бұрын шығарылған модельдердің сыртқы келбеті әлдеқайда тартымды болғанын жазған.

Салондағы өзгерістер де көңілден шықпады. Жанкүйерлер физикалық батырмалардың азаюын және рульдегі сенсорлық басқару элементтерін сынға алды.

Сөйте тұра пікірталастың басым бөлігі электр қозғалтқышына қатысты екенін ескермеске болмас. BMW M сериясы ұзақ жылдар бойы қуатты бензин қозғалтқыштарымен, жүргізу ерекшелігімен және спорттық мінезімен танылған. Сондықтан кейбір жанкүйерлер M белгісі тек іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерде сақталуы керек деп есептейді.

Mercedes-AMG GT: қозғалтқыштың жасанды дыбысы сынға ұшырады

Mercedes-AMG GT 4-Door Coupe моделі де әлеуметтік желілердегі сыннан құтыла алмады. Көпшіліктің назары алдымен автомобильдің сыртқы келбетіне ауды. Кейбір қолданушылар алдыңғы бөлігінің дизайнын ұнатпай, оны баланың суретіне немесе үйректің тұмсығына ұқсатқан. Тіпті көліктің дизайнына жауапты маманды қызметінен босатуды талап еткен пікірлер де кездескен.

Mercedes-AMG GT / Mercedes-Benz
Mercedes-AMG GT / Mercedes-Benz

Дегенмен Mercedes жанкүйерлерін жаңа модельдің электрлі болуы көбірек алаңдатып отыр. AMG атауы көпшілік үшін қуатты қозғалтқышпен, ерекше дыбыспен және спорттық жүргізу әсерімен байланысты. Ал электрлі көлікте мұндай сезімді толық қайталау мүмкін емес деп санайтындар аз емес. Әсіресе қозғалтқыштың жасанды дыбысы сынға ұшырады. Кейбір жүргізушілер мұны автомобиль мәдениетіне жат құбылыс деп бағалаған. Тіпті электрлі AMG-ді кәдімгі еттің орнына ұсынылатын өсімдік негізіндегі өніммен салыстырған пікірлер де айтылған.

Жанкүйерлер неге жаңа көліктерді қабылдай алмай жатыр?

Биылғы автомобиль премьераларына қатысты пікірлерден ортақ бір мәселені байқауға болады. Өндірушілер технологиялық жаңалық енгізуге ұмтылған сайын, дәстүрлі брендтердің жанкүйерлері үйреншікті ерекшеліктерінен айырылып қалудан қауіптенеді.

Jaguar, Ferrari, Bentley, BMW және Mercedes-AMG – әрқайсысының өз тарихы, қалыптасқан стилі мен тұрақты аудиториясы бар компаниялар. Олардың көліктерін сатып алатын адамдар үшін жылдамдық пен техникалық көрсеткіштер ғана емес, қозғалтқыштың дыбысы, басқару сезімі және сыртқы келбеті де маңызды.

Ал электрлі модельдерге көшу автомобиль жасаушыларды осы ерекшеліктерді қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Дегенмен әлеуметтік желідегі сын жаңа көліктердің нарықта сәтсіздікке ұшырайтынын білдірмейді, кейбір батыл дизайнерлік шешімдер бастапқыда қарсылық туғызғанымен, уақыт өте келе қалыпты құбылысқа айналуы мүмкін.

Оқи отырыңыз