Италиялық люкс автокөлік өндірушісі Ferrari-дің алғашқы электромобилі аукционда рекордтық бағаға сатылды. Жеке тапсырыспен жасалған Ferrari Luce АҚШ-та өткен қайырымдылық аукционында $40 млн-ға (34,5 млн еуро) бағаланды.
RM Sotheby’s аукцион үйінің мәліметінше, бұл – аукционда жаңа автокөлік үшін төленген ең жоғары сома. Сауда алдында автомобильдің бағасы $1,1 млн-нан (950 мың еуро) жоғары болады деп болжанған еді.
Аукцион Ferrari компаниясы өзінің алғашқы толық электрлі моделін таныстырғаннан кейін шамамен үш ай өткен соң ұйымдастырылды. Бағасы 550 мың еуроны құрайтын көлік таныстырылымнан кейін қоғамның сынына да ұшыраған. Әсіресе автомобиль дизайнына қатысты пікірлер көп айтылды. Оның дизайнын сэр Джони Айв пен Марк Ньюсон негізін қалаған LoveFrom шығармашылық ұжымы әзірлеген.
1050 ат күшіне ие
Ferrari Luce төрт электр қозғалтқышымен жабдықталған. Әр қозғалтқыш бір дөңгелекке орнатылған. Олардың жалпы максималды қуаты 1050 ат күшіне жетеді.
Электромобиль 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 2,5 секундта жетеді. Максималды жылдамдығы – 310 км/сағ.
Өндірушінің мәліметінше, сыйымдылығы 122 кВт⋅сағ аккумулятор көлікке бір қуатта 530 шақырымнан астам жол жүруге мүмкіндік береді.
Ferrari акциялары да қымбаттады
Luce таныстырылғаннан кейін Ferrari акцияларының бағасы біршама төмендегенімен, кейін компания жоғалтқан позицияларын қайта қалпына келтірді.
Компания өткен айда жылдық болжамын көтеріп, қаржылық нәтижелерінің жоғары болғанын жариялады. Сонымен қатар Luce моделіне берілген тапсырыстар күтілген деңгейде екенін хабарлады.
25 мамырдағы сауда жабылғаннан бері, яғни Luce таныстырылғаннан кейінгі алғашқы сауда күнінен бастап Ferrari акциялары шамамен 27%-ға өсіп, 284,05 еуродан жоғарылады.
Алғашқы шасси коллекциялық көлікке айналды
Калифорнияда өткен Monterey Car Week аясында сатылған автомобиль «Chassis 0» деп белгіленген. Бұл – Luce бағдарламасындағы алғашқы сериялық шасси.
Көлік арнайы қайта жабдықталып, бірегей коллекциялық үлгі ретінде жасалған.
Ferrari бұған дейін де аукционда жаңа автомобильдер бойынша рекорд орнатқан. 2025 жылы жеке тапсырыспен жасалған Ferrari Daytona SP3 $26 млн-ға сатылған еді. Luce-дің $40 млн-ға сатылуы бұл көрсеткіштен айтарлықтай жоғары.
Аукцион үйінің мәліметінше, соңғы сатылымнан түскен қаражаттың барлығы Ferrari қорына аударылып, компанияның білім беру жобаларын қолдауға жұмсалады.