Қорылдаудың қандай қаупі бар? Дәрігер түсіндірді

Қорылдаудың қандай қаупі бар? Дәрігер түсіндірді

Мадина Асылбекова
Фото: AI көмегімен жасалды

Сегіз сағат ұйықтасаңыз да, таңертең шаршап оянуыңыз мүмкін. Себебі тынығу үшін ұйқының ұзақтығы ғана емес, оның сапасы да маңызды.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Ұйқы зертханасының маманы Альфия Абжанова сұхбатта ұйқының бұзылу себептері, түнгі қорыл мен күндізгі шаршаудың нені білдіруі мүмкін екені және ұйқы мәселелерін анықтап, емдеудің заманауи әдістері туралы әңгімелейді.

– Альфия Ермекқызы, қазір көп адам «күйзелістен дұрыс ұйықтай алмай жүрмін» деп жатады. Шынымен де, ұйқының бұзылуына көбіне күйзеліс себеп бола ма, әлде оның басқа да себептері бар ма?

– Күйзеліс ұйқыға әсер ететіні рас. Әсіресе адам күнделікті ақпараттан шаршап, эмоциялық тұрғыдан көп күш жұмсаса, ұйықтауы қиындауы мүмкін. Бірақ ұйқының бұзылуына тек күйзеліс себеп емес. Кейде бұған мазасыздық, күн тәртібінің бұзылуы, кейбір дәрілер, түрлі аурулар, ұйқы кезінде тыныстың уақытша тоқтауы немесе аяқтағы жайсыз сезімдер де әсер етеді.

Сондықтан адам уақытында жатса да, ұзақ уақыт ұйықтай алмай жүрсе немесе түнде қайта-қайта оянса, мұның бәрін күйзеліске жаба салуға болмайды. Ең алдымен, ұйқының бұзылуына не себеп болып жүргенін анықтау керек.

– Ұйқының бұзылғанын және маманға қаралу қажет екенін қалай түсінуге болады? Қандай белгілерге мән беру керек?

– Егер адам үнемі шаршап жүрсе, күндіз ұйқысы келіп, зейіні төмендесе, ашуланшақ болып, таңертең сергек оянбаса, бұл ұйқының бұзылғанын көрсетуі мүмкін. Әсіресе тұрақты шаршауды қалыпты жағдай деп қабылдауға болмайды.

Тағы бір маңызды белгі – қорылдау. Егер адам ұйықтап жатқанда тынысы тоқтап, түнде жиі оянса, таңертең басы ауырып, күндіз ұйқысы келсе, бұл ұйқы апноэсының белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралып, себебін анықтау қажет.

Оқи отырыңыз:

– Ұйқының бұзылғанын және маманға қаралу қажет екенін қалай түсінуге болады? Қандай белгілерге мән беру керек?

– Егер адам үнемі шаршап жүрсе, күндіз ұйқысы келіп, зейіні төмендесе, ашуланшақ болып, таңертең сергек оянбаса, бұл ұйқының бұзылғанын көрсетуі мүмкін. Әсіресе тұрақты шаршауды қалыпты жағдай деп қабылдауға болмайды.

Тағы бір маңызды белгі – қорылдау. Егер адам ұйықтап жатқанда тынысы тоқтап, түнде жиі оянса, таңертең басы ауырып, күндіз ұйқысы келсе, бұл ұйқы апноэсының белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралып, себебін анықтау қажет.

– Ұйқы зертханасына пациенттер көбіне қандай шағымдармен жүгінеді?

– Бізге көбіне қорылдайтын және ұйқы кезінде тынысы қайта-қайта тоқтап қалатын пациенттер келеді. Бұл обструктивті ұйқы апноэсының белгісі болуы мүмкін. Дегенмен ұйқының бұзылуы әртүрлі болады. Мысалы, адам ұйықтай алмай қиналуы мүмкін, бірақ қорылдамайды әрі тынысы тоқтамайды. Мұндай жағдайда мәселенің себебін анықтау үшін басқа тексерулер қажет.

– Адам 8 сағат ұйықтаса да, неліктен таңертең шаршап оянуы мүмкін?

– Ұйқының сапасы оның ұзақтығына ғана байланысты емес. Ұйқының тұрақты болуы, түнде жиі бөлінбеуі және ағзаның толық тынығуы да маңызды. Сонымен қатар ұйқының терең кезеңдері мен түс көретін REM-кезеңі қалыпты өтуі керек. Сондықтан адам сегіз сағат ұйықтаса да, таңертең өзін сергек сезінбеуі мүмкін.

– Ұйқының қанбауы ұзақ уақытқа созылса, денсаулыққа қалай әсер етеді? Есте сақтау қабілеті, көңіл күйі мен жүрек жұмысына қандай зияны бар?

– Ұйқының қанбауы мидың жұмысына да, жалпы денсаулыққа да әсер етеді. Зейін қою, есте сақтау, тез әрекет ету және дұрыс шешім қабылдау қиындайды. Адам ашуланшақ болып, күйзеліске төзімділігі төмендеуі мүмкін.

Ұзақ уақыт ұйқы қанбау жүрек-қан тамырлары аурулары мен зат алмасу бұзылыстарының даму қаупін де арттырады. Себебі ұйқы қан қысымын, қандағы глюкоза деңгейін, тәбетті және ағзаның қалпына келу үдерістерін реттеуге қатысады.

Сондықтан ұйқыны уақыт жоғалту деп емес, денсаулықты сақтаудың маңызды бөлігі деп қарау керек.

– Ұйқы зертханасында тексеру қалай жүргізіледі? Қандай әдістер қолданылады?

– Ұйқы бұзылыстарын анықтау үшін біз респираторлық мониторинг пен полисомнография әдістерін қолданамыз. Респираторлық мониторинг ұйқы кезінде тыныс алуды бақылауға мүмкіндік береді. Бір түнде 20 мыңға дейін өлшем жүргізіліп, обструктивті ұйқы апноэсы синдромын дәл анықтауға көмектеседі.

Ал полисомнография кезінде мидың белсенділігі ЭЭГ арқылы тіркеліп, жүрек ырғағы, тыныс алу, көз бен аяқ-қол қозғалыстары қатар бақыланады. Бұл зерттеу ұйқы апноэсін, ұйқысыздықты, мазасыз аяқ синдромын, нарколепсияны және басқа да ұйқы бұзылыстарын анықтауға көмектеседі.

– Қорылдан бөлек, ұйқы апноэсының қандай белгілері болады?

– Ұйқы кезінде тыныстың тоқтап қалуы, мазасыз ұйқы, таңертең бас ауруы, күндіз ұйқышылдық, қан қысымының жоғарылауы, артық салмақ, есте сақтау мен зейіннің төмендеуі ұйқы апноэсының белгілері болуы мүмкін.

Әсіресе қатты қорылдап, ұйқы кезінде тынысы тоқтап қалатын жағдайларға мән беру керек. Егер өзіңізден немесе жақыныңыздан осындай белгілерді байқасаңыз, Ұйқы зертханасының мамандарына қаралған жөн.

– Сонда ұйқы бұзылыстарын емдейтін нақты әдістер бар ма? Олар қалай жүзеге асады?

– Ұйқы кезінде тыныс алу бұзылған жағдайда СИПАП-терапиясы қолданылады. Бұл әдіс обструктивті ұйқы апноэсін емдеуге көмектеседі. Терапия кезінде қандағы оттегі деңгейі қалыпқа келіп, ұйқының сапасы мен адамның жалпы жағдайы жақсарады.

Ұйқы зертханасында БИПАП-терапиясы да жүргізіледі. Ол өкпенің обструктивті аурулары, бронх демікпесі және кейбір жүйке-бұлшықет аурулары кезінде тыныс алуды жақсарту үшін қолданылады.

Емдеу әдісі тексеру нәтижелері мен қойылған диагнозға қарай таңдалады. Сондықтан алдымен ұйқының бұзылу себебін анықтап, содан кейін тиісті емді бастау маңызды.

Бұған дейін мелатонин мен магнийдің қайсысы ұйқыға пайдалырақ екені туралы жазғанбыз. Сонымен қатар ұйқы арқылы өмірді ұзартудың әдісін де бөлістік. 

Оқи отырыңыз

{