Норвегия, Исландия немесе Фарер аралдары: елде тегін тұрып, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бар

Норвегия, Исландия немесе Фарер аралдары: елде тегін тұрып, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бар

Мадина Асылбекова
Фото: © pixabay.com

Солтүстік табиғатының ортасында өмір сүріп, сүйікті ісіңізбен айналысып, баспана ақысын төлемей тұруға қалай қарайсыз?

Arctic Digital Nomads бағдарламасы қашықтан жұмыс істейтін адамдарға Норвегия, Исландия және Фарер аралдарындағы шағын елді мекендерде бір айдан үш айға дейін тұруға мүмкіндік береді. Бағдарламаның кімдерге арналғанын, қандай мүмкіндіктер ұсынатынын және қатысушылар қандай шығындарды өздері өтеуі мүмкін екенін түсіндіріп көрейік.

Бағдарлама қандай және кімдер қатыса алады?

Arctic Digital Nomads – қашықтан жұмыс істейтін адамдарға күнделікті ортасын уақытша өзгертіп, солтүстіктегі шағын елді мекендердің өмірімен танысуға арналған бағдарлама.

Қатысушылар мына елді мекендердің бірінде бір айдан үш айға дейін тұра алады:

Норвегия: Гейрангер, Норддал және Эйдсдал;

Исландия: Тингейри;

Фарер аралдары: Вагур.

Ұйымдастырушылардың мақсаты – қатысушыларды солтүстік өңірлердің табиғатымен ғана емес, жергілікті халықтың тұрмысымен, мәдениетімен және күнделікті дәстүрлерімен таныстыру.

Бағдарлама цифрлық көшпенділерге, суретшілерге, шығармашылық мамандарға және жұмысын әлемнің кез келген нүктесінен атқара алатын адамдарға арналған. Дегенмен мұнда тек табиғатты тамашалап, тыныш жерде жұмыс істеуге қызығатындар ғана емес, жергілікті тұрғындармен араласуға, өз тәжірибесін бөлісуге және қауымдастықтың өміріне атсалысуға дайын адамдар да қажет.

Қатысушыларға қандай мүмкіндік ұсынылады?

Бағдарлама аясында ұйымдастырушылар қатысушыларға бірнеше мүмкіндік қарастырған.

Оқи отырыңыз:

Баспана және жұмыс орны. Қатысушылардың бір айдан үш айға дейінгі тұру шығыны мен жұмыс істеуге арналған кеңістігін ұйымдастырушылар өтейді.

Жергілікті өмірмен танысу. Бағдарламада жаяу серуендеу, шаңғы тебу, ыстық бұлақтарға бару және жергілікті тағамдардан дәм тату секілді белсенділіктер бар.

Экскурсиялар мен мәдени іс-шаралар. Қатысушылар өңірдің ерекшеліктеріне, мәдениеті мен дәстүрлеріне арналған сапарлар мен түрлі іс-шараларға қатыса алады.

Шағын қауымдастықтың тыныс-тіршілігін көру. Бағдарлама солтүстіктегі шалғай елді мекендердің күнделікті өмірін жақынырақ танып, жергілікті тұрғындармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Қандай шығындарды өзіңіз төлеуіңіз керек?

Баспана тегін болғанымен, бұл сапарға мүлде ақша жұмсамай баруға болады дегенді білдірмейді.

Бағдарламаның ресми сайтында қатысушылардың өзге шығындарын ұйымдастырушылар өтей ме, жоқ па – нақты көрсетілмеген. Сондықтан өтініш бермес бұрын жол шығынын, тамақтануды және қажет болған жағдайда виза рәсімдеу ақысын есепке алған жөн.

Қалған шығындарды кім өтейтіні туралы ақпаратты бағдарламаны ұйымдастырушылардан алдын ала нақтылап алған дұрыс.

Өтінішті қалай беруге болады?

Бағдарламаға қатысу үшін ұйымдастырушылардың ресми сайтындағы өтінім нысанын толтыру қажет. Онда өзіңіз туралы ақпарат беріп, бағдарламаға неліктен қатысқыңыз келетінін түсіндіру керек.

Өтініш берген кезде 50 норвегиялық крон көлемінде жарна төленеді. Бұл шамамен 2 400 теңгеге тең. Қаражат жобаны басқаратын Норвегияның Stiftinga Geirangerfjorden Verdsarv қорына аударылады. Жиналған ақша өтінімдерді қабылдау мен іріктеуге байланысты шығындарды жабуға жұмсалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарнаның төленуі үміткердің іріктеуден өту мүмкіндігіне әсер етпейді. Өтініш жібермес бұрын бағдарламаның ресми сайтынан қабылдау мерзімі мен өзге де талаптарды тексеріп алған жөн.

Айта кетейік, Грекияда да осыған ұқсас бастама бар. Сирос аралында шетелдіктерге жергілікті мысықтарды күтуге көмектескені үшін тегін баспана мен коммуналдық қызметтерді төлеу ұсынылады. Қатысушылар жануарларды тамақтандырып, денсаулығын бақылап, оларға күтім жасауы керек.

Сонымен қатар Оңтүстік Корея да туристерге ерекше мүмкіндік ұсынатыны туралы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз

{