АҚШ-та грин-карт лотереясы қайта ашылады: өтінімді қашан беруге болады

АҚШ-та грин-карт лотереясы қайта ашылады: өтінімді қашан беруге болады
Фото: pixabay.com

АҚШ-та DV-2027 грин-карт лотереясына тіркелу қайта басталуы мүмкін. Федералды сот Мемлекеттік департаментке ұзақ уақытқа кейінге шегерілген бағдарламаны іске қосуды міндеттеді. Енді қатысушылар өтінім қабылдау басталатын ресми күнді күтіп отыр.

Сот қандай шешім қабылдады?

14 қазанда Калифорния штатының Сан-Диего қаласындағы федералды сот DV-2027 бағдарламасына қатысты шешім шығарды. Судья Джинсук Охта АҚШ Мемлекеттік департаментіне грин-карт лотереясына тіркеуді бастауды міндеттеді.

Сотқа Red Eagle Law иммиграциялық заң фирмасы жүгінген. Компания бағдарламаға өтінім қабылдаудың ұзақ уақытқа созылған кідірісін заңсыз деп танып, тіркеуді қайта ашуды талап еткен.

Бұған дейін АҚШ билігі лотереяны уақытша тоқтатып, көші-қон жүйесіндегі қауіпсіздік талаптарын қайта қарауға кіріскен болатын. Мемлекеттік департамент DV-2027 бағдарламасына тіркелу мерзімін кейінірек жариялайтынын мәлімдегенімен, өтінім қабылдау басталмаған.

Өтінім қабылдау қашан басталады?

Америкалық БАҚ мәліметінше, сот АҚШ Мемлекеттік департаментіне DV-2027 лотереясына өтінім қабылдауды 18 қазаннан кешіктірмей бастауды міндеттеді. Ал іріктеуден өткен қатысушылар 2026 жылғы 19 қарашаға дейін анықталуы тиіс. Дегенмен тіркеудің нақты басталатын күні әзірге ресми жарияланған жоқ. Қатысушылар АҚШ Мемлекеттік департаментінің хабарламасын күтуі керек.

Бұған дейін ведомство тіркеудің кешігуін бағдарламаға қатысу тәртібіндегі өзгерістермен түсіндірген. 2025 жылдың қарашасында DV-2027 лотереясына өтінім қабылдау мерзімі кейінірек хабарланатыны айтылғанымен, тіркеу сол күйі басталмаған.

Өтінімді АҚШ Мемлекеттік департаментінің dvprogram.state.gov ресми сайты арқылы беруге болады.

Қатысу талаптары қалай өзгереді?

DV-2027 бағдарламасына қатысқысы келетіндер үшін жаңа талаптар қарастырылған. Енді өтінім беру кезінде жарамды шетелдік паспорт қажет болады. Қатысушы электронды сауалнамаға жеке мәліметтері мен қолтаңбасы көрсетілген паспорт бетінің сканерленген көшірмесін жүктеуі тиіс.

Тағы бір өзгеріс – тіркелу ақылы болады. Бұған дейін грин-карт лотереясына тегін қатысуға болатын. Ал жаңа тәртіп бойынша әр өтінім үшін 1 доллар төлеу қажет.

АҚШ билігі бұл талаптар жалған мәліметтердің берілуін, бір адамның бірнеше рет тіркелуін және алаяқтық әрекеттерді азайтуға көмектеседі деп есептейді.

Нәтижелер қашан белгілі болады?

Жаңартылған сот шешіміне сәйкес, Мемлекеттік департамент тіркеу туралы ақпаратты 29 қазанға дейін жариялап, өтінім қабылдауды 1 қарашадан кешіктірмей бастауы тиіс. Тіркеу 30 күнге созылады. Ал іріктеуден өткен қатысушылар 3 желтоқсанға дейін анықталуы қажет.

Дегенмен лотереяда жеңіске жету АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат автоматты түрде беріледі деген сөз емес. Іріктелген азаматтар құжаттарын тапсырып, тиісті тексерулерден және визалық рәсімдерден өтуі керек.

DV-2027 бағдарламасы бойынша иммиграциялық визалар 2027 жылғы 30 қыркүйекке дейін беріледі. Осы мерзім аяқталғаннан кейін ұтыс жеңімпаздары аталған бағдарлама аясында виза ала алмайды.

Грин-карт деген не және оған кімдер қатыса алады?

Грин-карт – АҚШ-та тұрақты тұруға және заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжат. Оны алған азаматтар белгілі бір талаптарды орындағаннан кейін АҚШ азаматтығына да өтініш бере алады.

Diversity Visa бағдарламасы АҚШ-қа қоныс аударатын азаматтарының саны салыстырмалы түрде аз елдерге арналған. Жыл сайын осы бағдарлама арқылы 55 мыңға дейін иммиграциялық виза қарастырылады. Қазақстан азаматтары да лотереяға қатыса алады.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында АҚШ билігі грин-карт бағдарламасын уақытша тоқтату туралы мәлімдеген. Бұған Браун университеті мен Массачусетс технологиялық институтындағы атыс оқиғаларына күдіктінің елге осы бағдарлама арқылы келгені себеп болған. Сол кезде АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм шешім президент Дональд Трамптың тапсырмасымен қабылданғанын хабарлаған.

Ал 14 қазандағы сот шешімі DV-2027 бағдарламасын қайта бастауға жол ашты. Дегенмен АҚШ билігі соттың бұл шешіміне қарсы шағым түсіруі мүмкін.

Өтінімді тек ресми сайт арқылы беру қажет. Сондай-ақ қатысушылар тіркеуге көмектесуді немесе ұтысқа кепілдік беруді уәде ететін делдалдардан сақ болғаны жөн.

Оқи отырыңыз