Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһары

Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһары

Мадина Асылбекова
Фото: unsplash.com

Тынық мұхитының ұлан-ғайыр кеңістігінде, құрлықтан мыңдаған шақырым қашықта орналасқан алып қала бар. Мұнда зәулім ғимараттар бой көтерген, көшелерде көліктер кептелісте тұрады, университеттер мен ірі сауда орталықтары жұмыс істейді. Бірақ қаланың қай шетіне барсаңыз да, алдыңыздан Тынық мұхитының шексіз кеңістігі ашылады. Бұл – әлемдегі ең оқшау орналасқан ірі қалалардың бірі саналатын Гонолулу.

Әлем картасына көз жүгіртсеңіз, Азия мен Американың арасын алып жатқан Тынық мұхитының ортасынан Гавай аралдарын бірден байқау қиын. Көк айдынның ортасындағы титімдей нүктелердің бірі – Оаху аралы. Ал сол аралда Гавай штатының астанасы Гонолулу орналасқан.

Бір қарағанда, бұл АҚШ-тың өзге қалаларынан аса ерекшеленбейтіндей көрінуі мүмкін. Мұнда да биік ғимараттар, қарбалас көшелер, кеңселер, мейрамханалар мен сауда орталықтары бар. Алайда Гонолулудың басты ерекшелігі оның сәулетінде емес, географиялық орналасуында.

Қай бағытқа қарасаңыз да – мыңдаған шақырым мұхит

Гонолулудан АҚШ-тың материктік бөлігіндегі Сан-Францискоға дейін шамамен 3 900 шақырым бар. Лос-Анджелеске дейінгі қашықтық 4 100 шақырымға жуықтайды. Ал Жапония астанасы Токио 6 200, Аустралиядағы Сидней 8 200 шақырымдай жерде орналасқан. Бірақ бұл арақашықтықты түгелдей дерлік ұшақпен мұхит үстінен ұшып өтуге тура келеді.

DREAM AND TRAVEL

Гонолулуға түнде ұшып барған адам ерекше көрініске куә болады. Ұшақ терезесінің ар жағында бірнеше сағат бойы қараңғылықтан басқа ештеңе байқалмайды. Бір кезде алыстан жылтыраған жарықтар көрінеді. Бірте-бірте олар тұтас қалаға айналады: көшелер, ғимараттар, айлақтар мен көлік жолдары. Ал шексіз мұхиттың ортасынан осындай үлкен қаланың пайда болуы таңғаларлық әсер сыйлайтыны сөзсіз.

Гонолулу орналасқан қалалық агломерацияда миллионға жуық адам тұрады. Мұнда халықаралық әуежай, теңіз порты, ірі жоғары оқу орындары мен дамыған іскерлік инфрақұрылым бар.

Жұмақ мекендегі өмір неге қымбат?

Гавай аралдары әлемге таңғажайып жағажайларымен, жылы климатымен және көркем табиғатымен танымал. Алайда жергілікті тұрғындар үшін мұхит ортасында өмір сүрудің өзіндік қиындығы бар. Ең басты мәселе – қымбатшылық.

Оқи отырыңыз:

Аралдарға қажетті тауарлардың едәуір бөлігі сырттан жеткізіледі. Азық-түлік, жанармай, құрылыс материалдары, автокөлік пен тұрмыстық техника мұнда кемемен немесе ұшақпен тасымалданады.

Мұндай логистика тауар бағасына тікелей әсер етеді. Сондықтан Гавай АҚШ-та өмір сүру құны ең жоғары штаттардың қатарында.

Гонолулуда баспана бағасы да қымбат. Үй құны көбіне жүздеген мың доллармен есептеледі, ал кей аудандарда миллион доллардан асады. Электр энергиясы мен коммуналдық қызметтердің ақысы да АҚШ-тың көптеген өңірінен жоғары. Оның бірден-бір себебі – аралдардың ұзақ уақыт бойы сырттан жеткізілетін отынға тәуелді болуы.

Гонолулу / unsplash.com

Қымбатшылық әсіресе жергілікті отбасыларға ауыр тиеді. Тұрғындардың бір бөлігі, соның ішінде байырғы гавайлықтар, баспана мен күнделікті шығындарды өтеу қиындағандықтан, материкке қоныс аударуға мәжбүр.

Осылайша, миллиондаған турист үшін демалыстың мінсіз мекені саналатын аралдарда тұрақты өмір сүру оңай емес.

Гавай бір кездері тәуелсіз корольдік болған

Бүгінде Гавай АҚШ-тың бір штаты ретінде белгілі. Алайда аралдардың тарихы әлдеқайда терең әрі күрделі.

XIX ғасырда Гавай өз билеушілері, заңдары және сыртқы саясаты бар тәуелсіз корольдік еді. Жергілікті монархтар АҚШ, Ұлыбритания және Франция секілді ірі державалармен дипломатиялық байланыс орнатып, елдің дербестігін сақтауға тырысты.

Ал Гавай корольдігінің соңғы билеушісі Лилиуокалани патшайым болды. 1893 жылы америкалық кәсіпкерлер мен жергілікті монархияға қарсы топтар АҚШ әскери күштерінің қолдауымен корольдік билікті құлатты. Кейін патшайым қамауға алынып, Иолани сарайында үйқамақта ұсталды. Лилиуокалани билікті қайтаруға әрекет жасағанымен, оның талабы орындалмады.

1898 жылы Гавай АҚШ құрамына қосылды. Ал 1959 жылы ресми түрде елдің 50-штатына айналды.

Гонолулуда сол дәуірдің маңызды ескерткіші – Иолани сарайы әлі күнге дейін сақталған. Ол АҚШ аумағындағы монархияның ресми резиденциясы болған бірегей тарихи ғимарат саналады.

Бүгінде туристер сарай алдында суретке түсіп, оның сәулетіне тамсанады. Алайда бұл әсем ғимарат қабырғалары Гавай тәуелсіздігінен айырылған күрделі кезеңнің де куәсі.

Перл-Харбор: әлем тарихын өзгерткен шабуыл

Гавайдің географиялық оқшаулығы оның стратегиялық маңызын арттырды. Тынық мұхитының ортасында орналасқан аралдар АҚШ үшін Азия мен Америка арасындағы маңызды әскери тірекке айналды.

1941 жылғы 7 желтоқсанда Жапония әскери авиациясы Гавайдегі Перл-Харбор әскери-теңіз базасына шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан АҚШ-тың 19 әскери кемесі суға батып немесе зақымданып, 188 ұшағы жойылды. 2 400-ден астам америкалық қаза тапты.

Бұл оқиға Екінші дүниежүзілік соғыстың барысына үлкен ықпал етті. Келесі күні АҚШ Жапонияға соғыс жариялады.

Бүгінде Перл-Харбордағы ең белгілі тарихи орындардың бірі – USS Arizona мемориалы. Ол шабуыл кезінде суға батқан әскери кеменің үстіне салынған. Ал кеме әлі күнге дейін мұхит түбінде жатыр. Оның ішінде қаза тапқан көптеген теңізшінің сүйегі қалған.

Перл-Харбор Гавайдің әскери тарихын еске салатын орын ғана емес, мыңдаған адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаның символына айналған.

Қазір де аралдарда АҚШ-тың ірі әскери базалары орналасқан. Әскери сала штат экономикасы мен жұмыспен қамту жүйесінде маңызды орын алады.

«Алоха» рухы: сан ұлттың мәдениеті тоғысқан мекен

Гонолулуды өзгеше ететін тағы бір ерекшелік – оның халқы мен мәдениеті. Гавай АҚШ-тағы этникалық құрамы ең алуан штаттардың бірі. Мұнда байырғы гавайлықтармен қатар жапон, қытай, филиппин, корей және басқа да халықтардың өкілдері тұрады.

Мұндай мәдени әралуандық аралдардың күнделікті өмірінен анық байқалады. Мысалы, Гонолулу асханасынан жапон, корей, америкалық және дәстүрлі гавай тағамдарын қатар кездестіруге болады.

Гонолулу / unsplash.com

Мұнда шикі балықтан дайындалатын поке, күріш пен еттен жасалатын мусуби, корей үлгісіндегі қабырғалар және теңіз өнімдерінен әзірленетін жергілікті тағамдар кең таралған.

Жапон мәдениетінің ықпалы әсіресе айқын сезіледі. XIX ғасырдың соңында Гавайге қант қамысы плантацияларында жұмыс істеу үшін жапон иммигранттары көптеп келген. Уақыт өте келе олардың дәстүрлері жергілікті мәдениеттің бір бөлігіне айналды.

Ал гавайлықтардың өмір салты көбіне «алоха рухы» ұғымымен байланыстырылады. «Алоха» – жай ғана амандасу сөзі емес. Ол адамдарға құрметпен қарау, мейірімділік таныту, бір-бірімен үйлесімді өмір сүру секілді құндылықтарды білдіреді.

Мәңгілік көрінетін аралдар да бір күні жоғала ма?

Гавайдің тағы бір таңғаларлық ерекшелігі – аралдардың пайда болу тарихы. Бұл аралдар жанартаулар әрекетінің нәтижесінде қалыптасқан. Жер қойнауындағы ыстық нүктенің үстімен Тынық мұхитының литосфералық тақтасы баяу жылжып отырады. Соның әсерінен миллиондаған жыл ішінде бірінен кейін бірі жаңа жанартаулық аралдар пайда болған.

Гавай тізбегіндегі ең жас әрі ең үлкен арал – Гавай аралы. Оны кейде Үлкен арал деп те атайды. Мұнда әлемдегі ең белсенді жанартаулардың бірі – Килауэа орналасқан.

1983 жылы басталған Килауэаның ұзаққа созылған атқылау кезеңі 2018 жылға дейін жалғасты. Сол жылы болған ірі атқылау кезінде 700-ден астам үй қирап, лава мұхитқа жетіп, арал жағалауының аумағын ұлғайтты.

Ал Үлкен аралдың оңтүстік-шығысында мұхит түбінен тағы бір жанартау өсіп келеді. Бұрын Лоихи аталған бұл суасты жанартауы қазір Камаэхуаканалоа деген атаумен белгілі.

Ғалымдар болжамынша, геологиялық тұрғыдан алғанда ол да болашақта мұхит бетіне көтеріліп, жаңа аралға айналуы мүмкін.

Ал Гонолулу орналасқан Оаху аралы жанартаулық тізбектің ескі бөлігінде жатыр. Уақыт өте келе мұндай аралдар эрозияға ұшырап, біртіндеп шөгіп, өзгеріске түседі. Бұл үдерістер миллиондаған жылға созылады. Демек бүгін туристер тамсанып жүрген Гавай аралдарының келбеті өзгеріссіз қалмайды деген сөз.

Мұхит ортасындағы қаланың басты ерекшелігі

Гонолулу – табиғат пен өркениет қатар өмір сүретін ерекше қала. Бір жағында – жасыл желек жамылған биік таулар, екінші жағында – шеті мен шегі көрінбейтін Тынық мұхиты. Жағалауда демалушылар күнге қыздырынып жатса, бірнеше шақырым жерде кеңсе қызметкерлері жұмысқа асығып, көліктер кептелісте тұрады.

Мұнда әлемдік деңгейдегі қала тіршілігі мен аралға тән тыныш өмір салты қатар өрілген. Бірақ Гонолулудың шынайы болмысын тек әсем жағажайлармен немесе қымбат қонақүйлермен өлшеу мүмкін емес. Оның тарихында тәуелсіздік үшін күрес те, соғыс қасіреті де, мәдениеттер тоғысы мен күнделікті тұрмыстың қиындығы да бар.

Гонолулудың ең үлкен ерекшелігі де осында: ол – әлемнен мыңдаған шақырым қашықта жатса да, үлкен дүниенің барлық қайшылығы мен мүмкіндігін өз бойына сыйдырған қала.

Бұған дейін Албанияда бұлтқа ұқсайтын ғимарат жайлы жазғанбыз. Сонымен қатар адам аяғы сирек басатын жұмбақ мекендер тізімімен мына сілтеме арқылы таныс боласыздар. 

Оқи отырыңыз

{