Албания астанасы Тиранада сәулеті бұлтты еске түсіретін ерекше ғимарат бой көтермек.
Әлемге танымал Bjarke Ingels Group (BIG) сәулет бюросы ұсынған жоба тұрғын үй, қонақүй, кеңсе және мәдени орталықтарды бір кешенге біріктіреді. Оның басты ерекшелігі – ғимарат жерден биік көтеріліп, астындағы саябақ тұрғындар мен қала қонақтарына қолжетімді болады.
Tirana Fountain Tower деп аталатын кешен қаланың орталығындағы Риния саябағында салынады. Жобаны әзірлеген BIG бюросы жуырда өткен халықаралық сәулет байқауында жеңіске жетті.
Жаңа ғимараттың сыртқы келбеті дәстүрлі биік үйлерге ұқсамайды. Бірінің үстіне бірі орналасқан ақ түсті дөңгелек құрылымдар мұнараға ауада қалықтап тұрған бұлттың бейнесін береді. Ал кешеннің негізгі бөлігі жерге тіреліп тұрмай, көптеген жіңішке ақ бағанның үстіне көтеріледі.
Сәулетшілердің айтуынша, мұндай шешім саябақ аумағын ғимаратпен толық жауып тастамай, тұрғындардың емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.
Ғимараттың астында да қоғамдық кеңістік болады
Жобаның басты мақсаты – зәулім ғимарат пен саябақты біртұтас қоғамдық кеңістікке айналдыру. Әдетте ірі құрылыстар орналасқан жердің едәуір бөлігін алып, айналасындағы ашық аумақты шектейді. Ал BIG сәулетшілері басқа шешім ұсынған: кешеннің негізгі бөлігін жоғары көтеріп, төменгі қабатын баршаға қолжетімді етіп қалдырмақ.
Ғимараттың астында ашық кітапхана, тұрғындарға арналған қоғамдық орындар мен төбесі жабық аудитория орналасады. Мұнда мәдени іс-шаралар, кездесулер және түрлі қоғамдық жиындар өткізуге мүмкіндік болады.
Жіңішке бағандардың арасымен жаяу жүргіншілер еркін қозғала алады. Ал жоғарыдағы ғимарат жаздың ыстық күндері көлеңке түсіріп, жаңбырлы уақытта паналайтын орын қызметін атқарады.
Халықаралық байқаудың қазылар алқасы да жобаның осы ерекшелігіне жоғары баға берген. Олардың пікірінше, BIG ұсынған шешім саябақ кеңістігін барынша сақтап, оны тұрғындардың күнделікті өмірімен байланыстыра алған.
Сыртқы келбеті жарық пен көлеңкеге қарай өзгеріп тұрады
Tirana Fountain Tower мұнарасының қасбеті де ерекше болмақ. Ғимараттың панорамалық әйнек қабырғаларын ұсақ тесіктері бар ақ түсті дөңгелек элементтер көмкереді. Олар күн сәулесін өткізіп, ішкі кеңістікте жарық пен көлеңкенің өзгеше үйлесімін қалыптастырады.
Кешеннің екі шетінде бедерлі әйнекпен қапталған иілген құрылымдар орналасады. Олар ғимараттың жоғары бөлігін жер деңгейімен байланыстырып, сәулет пен саябақ арасындағы үйлесімді күшейтеді.
Жоғары қабаттар біртіндеп ішке қарай шегініп орналасады. Бұл төмендегі қоғамдық кеңістіктерге табиғи жарықтың мол түсуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар ашық террасаларда өсімдіктер өсіруге орын қарастырылған.
Нәтижесінде мұнара алыстан қарағанда жеңіл әрі мөлдір көрінеді. Ал оның дөңгелек қабаттары ғимаратқа өзіндік ырғақ беріп, айналасындағы жасыл желекпен үйлеседі.
Жаңбыр суын жинап, қайта пайдаланады
Сәулетшілер ғимараттың сыртқы көрінісімен қатар оның қоршаған ортаға әсеріне де назар аударған.
Жоба аясында Риния саябағының айналасы абаттандырылып, қосымша ағаштар мен өсімдіктер отырғызылады. Сондай-ақ жаңбыр суын жинап, сақтап, қайта пайдалануға арналған жүйе орнатылады.
Саябақтағы Taiwan Pool деп аталатын қолданыстағы су айдыны сақталады. Жиналған су жасыл желекті суаруға жұмсалады. Мұндай жүйе нөсер кезінде артық судың жиналу қаупін азайтып, саябақ аумағында салқындау микроклимат қалыптастыруға көмектеседі деп жоспарланған.
Жоба авторлары ғимаратты қоршаған табиғи ортаның бір бөлігі ретінде қарастырған. Сондықтан мұнда су арналары, жасыл аймақтар, көлеңкелі орындар мен жаяу жүргіншілер жолдары өзара байланысады.
Қала орталығы жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болмақ
Жоба тек бір ғимараттың құрылысымен шектелмеуі мүмкін. Байқау қазылары BIG бюросының кешен маңындағы көлік жолын жаяу жүргіншілер аймағына айналдыру мүмкіндігін де қарастырғанын атап өтті. Бұл Риния саябағын көршілес аумақтармен байланыстырып, қала тұрғындары үшін кеңірек қоғамдық кеңістік қалыптастыруға жол ашады.
Сондай-ақ жобаға жақын маңдағы су арнасын табиғи орта мен қала инфрақұрылымының маңызды бөлігі ретінде пайдалану ұсынылған.
Жаңа кешен Тирананың тағы бір танымал сәулет нысаны – Тирана пирамидасына жақын орналасады. Бұрын музей болған бұл ғимаратты Нидерландтың MVRDV сәулет бюросы қайта жаңғыртып, мәдени орталыққа айналдырған. Енді Tirana Fountain Tower де қаладағы заманауи сәулет нысандарының қатарын толықтырмақ.
Жоба авторларының көздегені ерекше пішінді биік ғимарат салу ғана емес, олар тұрғын үй, жұмыс орындары, мәдениет пен демалыс кеңістігін біріктіріп, қаланың орталығында адамдар еркін жиналып, уақыт өткізе алатын орта қалыптастыруды мақсат еткен.
Әзірге кешеннің құрылысы қашан басталып, қашан аяқталатыны туралы нақты мәлімет жарияланған жоқ.