Кезінде бұл ауылда тіршілік қайнап тұрған. Ал қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Қойнауы қазба байлыққа толы Байжансайда қорғасынмен бірге өзге де полиметалл кендері өндірілген. Көнекөз тұрғындардың естелігінде бір кездері мұндағы халық саны 7 мыңға дейін жеткені айтылады. Бүгінде сол мыңдаған тұрғыннан санаулы отбасы ғана қалған.
Байжансайдың тарихы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қорғасын өндірісімен де тығыз байланысты. Майданға қажетті металды өндіруде Қаратау кен орындарының маңызы зор болды. Ел арасында соғыс кезінде атылған әрбір жетінші оққа қажет қорғасын осы өңірден алынған деген әңгіме бар.
Байжансайға апарар жолдың өзі бөлек әңгіме. Биік таулар мен терең шатқалдардың арасымен өтіп, бүгінде «елес қала» аталып кеткен мекенге жету үшін 18 көпірден өту керек. Жарықбас пен Байжансай арасындағы шамамен 20 шақырымдық жолдағы осы өткелдердің біразы қазір әбден тозған. 2026 жылғы дерек бойынша, олардың біреуі толық бұзылып, тұрғындар өз күштерімен уақытша өткел салуға мәжбүр болған.
Байжансай қалай пайда болды?
Байжансай – Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы Алмалы ауылдық округіне қарайтын елді мекен. Ол аудан орталығы Шаяннан шығысқа қарай шамамен 46 шақырым жерде орналасқан. 1998 жылға дейін қалалық типтегі кент мәртебесінде болған.
Байжансай атауының шығуына байланысты ел арасында ерекше аңыз сақталған. Байжан Бекболатұлы Асанбаев 1870-1942 жылдары өмір сүрген аңшы болған. Ол Сырдария губерниясының Шымкент уезіне қарасты Шаян болысының аумағында дүниеге келген деген дерек бар. Жастайынан аңшылықты кәсіп еткен Байжанның мергендігі туралы да әңгімелер тараған.
Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек, 1920 жылы Байжан аң аулап жүріп, таудан атып алған арқардың етін пісірмек болады. Қазанның астына айналадан жинаған түрлі түсті тастарды қалап, от жағады. Біраз уақыт өткен соң қазанның бір жағына қарай қисайғанын байқайды. Отты қозғап қараса, астына қалаған тастардың бірі балқып, ақшыл металл болып еріп жатқан екен.
Байжан оның қорғасын екенін алғашында білмеген деседі. Кейін 1930 жылы осы өңірге келген геологтарға кен кездесетін орынды көрсеткені туралы дерек айтылады. Жоспарлы геологиялық барлау нәтижесінде мұнда полиметалл кенінің қоры анықталып, өндірістік игеру басталған. Байжан көрсеткен сай кейін оның есімімен «Байжансай» аталып кеткен деген нұсқа кең тараған.
Дүкенінен іздегенің табылған, ұшақ қатынаған кент
Қазіргі қаңыраған үйлерге қарап, бір кездері Байжансайдың дамыған жұмысшы кенті болғанына сену қиын.
Мұнда кеншілер мен олардың отбасылары үшін әлеуметтік инфрақұрылым жасалды. Кент орталығында 250 орындық кино залы бар клуб, музыка мектебі, кітапхана, жас мамандарға арналған жатақхана жұмыс істеді. Тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілді. Кеншілерге арналған демалыс орны да болған.
Бұрынғы тұрғындардың естеліктерінде Байжансай дүкендерінде басқа елді мекендерде тапшы тауарлардың өзі табылғаны айтылады. Сондықтан мұнда тек жұмыс істеуге емес, сауда жасауға арнайы келетіндер де болған.
Ең таңғаларлығы – шағын тау кентінің өз әуежайы болғаны туралы естеліктер сақталған. Ан-2 ұшақтары Байжансайдан Шымкент пен Кентауға қатынағаны жөнінде бұрынғы тұрғындар мен өлкетанушылар жазған.
Бір күнде емес, біртіндеп қаңыраған ауыл
Байжансайдың тағдыры кенішпен бірге өзгерді. 1990 жылдардың басында қорғасын өндіру тоқтап, өндірістік кәсіпорындар жұмысын доғара бастады. Кеңес Одағының ыдырауы да кен өндірісіне тәуелді кенттің жағдайын қиындатты. Жұмысынан айырылған мамандар басқа кен орындары мен қалаларға көшті.
Бұрынғы тұрғындардың естелігінде бұл кезең ерекше ауыр суреттеледі. Бір кездері мыңдаған адам тұрған кенттен күн сайын бір отбасы көшіп кетіп отырған.
Ел ішінде сол жылдардағы жаппай көшті «Ел айырылған» деп сипаттайтындар да бар. Бір-біріне бауыр басып қалған тұрғындар көршілерін шығарып салып тұрып жылаған, ал туған жерінен кеткісі келмеген балалар көлікке мінбей, қарсылық білдірген деген естеліктер айтылады.
1999 жылғы халық санағында мұнда 339 адам тұрған. Ал 2009 жылы тұрғындар саны 198 адамға дейін төмендеген. Бұрын мыңдаған кеншінің аяқ дыбысы естілген көшелерде біртіндеп тыныштық орнады.
Көпқабатты үйлер, өндірістік ғимараттар мен әлеуметтік нысандар қараусыз қалды. Терезелері мен есіктері алынып, қабырғалары құлай бастады. Кейбір ғимараттардың ішін ағаш пен бұта басты.
Осы көрініс Байжансайға кейін «елес қала» деген бейресми атаудың берілуіне себеп болды.
Неліктен «елес қала» деп атайды?
Байжансай – шын мәнінде толықтай тасталған елді мекен емес. Онда әлі күнге адамдар тұрады. Бұлай аталуының басты себебі – бұрынғы кент пен қазіргі ауылдың арасындағы үлкен контраст.
Бір кезде мыңдаған адам тұрған көпқабатты үйлердің көпшілігі бос. Өндірістік ғимараттар қираған. Кеншілер түскен шахталар жабылған. Кезінде балалар жүрген көшелер мен қоғамдық ғимараттардың орнында қаңыраған қабырғалар қалған.
Бірақ осы қирандылардың ар жағында Байжансайдың тағы бір қыры бар. Ол – Қаратаудың ерекше табиғаты. Биік жартастар, шатқалдар, тау арасындағы бұлақтар мен адам аяғы сирек басатын мекендер қазір саяхатшыларды қызықтырады.
Сондықтан бір адам Байжансайды қаңыраған мекен ретінде көрсе, екіншісі табиғаты ерекше тарихи ауыл деп қабылдайды.
Байжансайдың аңыздары: шахтадағы «жапон тұтқындарының елесі»
Байжансайға қатысты ең мистикалық әңгіменің бірі тастанды шахталармен байланысты. Ел арасында шахта ішінде кезінде жапон әскери тұтқындары еңбек еткені, олардың кейбірі жер астында қаза тапқаны туралы аңыз тараған. Тіпті шахтаның тереңіне кіргенде адамның ыңырсығанына ұқсас дыбыстар естіледі деген әңгімелер де кездеседі.
Бұл хикая туристік және мистикалық материалдарда жарияланып жүр.
Тауда жалғыз өмір сүрген жұмбақ адам
Байжансайда өмір сүрген адамдардың ұрпақтары арасында тағы бір қызық ауызша әңгіме сақталған. Әлеуметтік желідегі пікірлердің бірінде Байжансайда туып-өскен әжесінің естелігін бөліскен қолданушы тауда адамдардан жырақ, жалғыз өзі өмір сүрген ер адам туралы мистикалық оқиғаларды бала кезінде естігенін жазады.
Әжем Байжансайда туып-өскен. Ол кезде мұндағы халық шахтадан кен өндірудің арқасында күн көргенін айтатын. Жер астынан шығатын судың дәмі ерекше болған екен. Әжемнің отбасы ашаршылық кезінде Арқалық жақтан босып келіп, осы жерге тұрақтаған. Сондай-ақ ол тауда елден жырақ, жалғыз өмір сүрген ер адам туралы мистикалық оқиғалар айтатын, – деп еске алады ол.
Пікір иесі әжесінің есімі Күлсін Кенжеахметқызы болғанын да көрсеткен.
«Елес емес, мұнда адамдар тұрады»: Байжансайға барғандар не дейді?
Байжансай туралы әлеуметтік желілердегі пікірлер де бір-біріне ұқсамайды. Біреулер мұнда қаңыраған ғимараттарды көрсе, енді бірі ерекше табиғатына тәнті болады.
Марина есімді саяхатшы Байжансайды «елес қала» деп атаумен келіспейді.
Бұл – табиғаты ерекше, таңғажайып жер. Мен ол жаққа қараша айында барып тұрамын. Әркім көргісі келгенін көреді. Ол жерде өте мейірімді, әрдайым қол ұшын беруге дайын адамдар тұрады. Сондықтан оны ешқандай да «елес мекен» деп айта алмаймын. Иә, қираған ғимараттар бар. Бірақ табиғаты керемет! Шахталарға да кірдік, тіпті оның ішіне 1,5 шақырымға дейін барғанбыз, – деп жазды ол.
Ал басқа саяхатшының Байжансайдан алған әсері мүлде бөлек.
Ол көктемде барған кезде кей жерлерде қоқыс көп болғанын және кешке жастардың жиналып, шулағанын айтады.
Бір түн қонып, келесі күні кетіп қалдық. Мәдениет пен тәртіп жоқ жерде дұрыс демалыс та, тазалық та болмайды, – деп пікір қалдырған саяхатшы.
Байжансайдың қазіргі жағдайы қандай?
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүгінде ауылда шамамен 30 үй қалған. Соның он шақтысында адамдар жыл бойы тұрақты тұрады. Қалған тұрғындардың бір бөлігі көктемде келіп, күзде қайта қалаға көшеді.
Тұрақты тұрғындардың негізгі кәсібінің бірі – мал шаруашылығы. Ал ауылдағы ең күрделі мәселенің бірі – жол.
Жарықбас пен Байжансай арасындағы шамамен 20 шақырымдық жол бойында 18 көпір бар. Тұрғындардың айтуынша, олардың көбі жөндеуді қажет етеді. 2026 жылы осы жолдағы көпірлердің бірі толық бұзылып, жергілікті халық судан өту үшін өз күшімен уақытша өткел жасаған. Күзгі жауын мен көктемгі тасқын кезінде мұндай өткелді су шайып кетуі мүмкін.
Ауызсу, көшелерді жарықтандыру және медициналық көмек те жергілікті тұрғындар көтеріп жүрген мәселелердің қатарында. Әсіресе қыс мезгілінде жол қиындаған кезде науқасты медициналық мекемеге жеткізу күрделі болуы мүмкін. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, Байжансайда өмір тоқтаған жоқ.
Таңертең кей үйлердің мұржасынан түтін шығады. Мал жайылады. Жазда бұрын осы жерде тұрғандардың ұрпақтары туған жерін көруге келеді. Туристер қаңыраған кенттің тарихын, шахталарын және Қаратаудың табиғатын тамашалау үшін жол тартады. Сондықтан Байжансай – жай ғана «елес қала» емес. Ол – бір дәуірдің тірі куәгері.