Жаңалықтар

Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек

Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек
Фото: Астана қаласы әкімдігі 18.07.2024 13:00 942

Күні кеше Еуразияны тұлпар тұяғының дүбірімен дүр сілкіндірген бабалардың даңқы сәйгүліктерімен қатар шыққаны ақиқат. Жылқы малын мінсе көлігі, жесе тамағы, ішсе сусыны, кисе киімі ретінде пайдаға асырған көшпенділерді жылқысыз елестету мүмкін емес еді.  Тіршіліктің тірегі болған арғымақтар түркі жұртының  салт-дәстүрі мен өмірлік философиясынан да көрініс тапты.  Дархан дала төсінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ат үстінде атойлап кентаврлар туралы аңыз таратты. Осылайша, жылқы мәдениетіміздің төрінен орын алып, аңыз-ертегілер мен  қисса-дастандарымызда көрініс тапты. Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы, Ер Тарғынның Тарланы, Қабанбайдың Қубасы, Ақан серінің Құлагері сөзіміздің дәлелі дәлелі. Осы мақаламызда асылтұқымды отандық жылқылар туралы сөз етпекпіз. Бұған себеп күні кеше Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қазақтың жылқы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша ҚР Заңына қол қойғаны.

Жаңа заңның қандай жаңалықтары бар?

Президент Қ.Тоқаев 2021 жылғы 24 қазанда Түрік­­­­менстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Ашхабад қала­­сындағы Ахалтеке жылқысына арналған кешенге арнайы ат басын бұрып, ара­­­лап көрген болатын.  Елдің сол кездегі Президенті Гурбангулы Берді­­­­­мұхамедов Қазақстан лидеріне дәл иппо­­дромда дастарқан жайып, түрікменнің осы тұ­қымдас арғымақ аттарының өнерін мақтана паш еткен еді. Ал  2022 жылғы 7 қарашада Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың «Адай жылқысы» еліміздің брендіне айналатынын айтқан болатын. Содан бері мемлекет ғалымдармен, сарапшылармен бірге салмақты жұмыс жүргізіп, ақыры Адай жылқысы «дербес тұқым» ретінде танылып, арнайы патентке ие болып, ресми мәртебесі бекітілген еді.

Халқымыз үшін жылқының орны қашанда ерекше. Қазақтың Адай жылқысын Маңғыс­­­­таудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғы­­мақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға тө­­­зімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафон жарыс­­­тарында әрдайым бәйге алып жүр. Қазақы Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады! Сондықтан Үкіметке оны ғылыми түрде асылтұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыс­­­тарды жедел қолға алуды тапсырамын, – деген болатын маңғыстаулықтармен кездесуде Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Әділет министрлігі Адай жылқысының жал­­ғыз емес, бірден 6 жаңа тұқымын «жаңа ұлттық бренд» ретінде тіркеп, патент берді.

Көп ұзамай Қазақтың жылқы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша ҚР Заңы талқыға түсті.Әсіресе Мәжіліс пен Сенатта ұзақ талқыланды. Мысалы  сенат отырысында сенатор Әли Бектаев: «2014 жылға дейін елімізде 17-асыл тұқымды жылқы заводтары мен 156-асыл тұқымды шаруашылықтар қызмет жасаған екен. Кейіннен бұл шаруашылықтардың көпшілігі жойылып кетті. Өкінішке орай, жылқы шаруашылығын өркендету мәселесі көп уақыттан бері Үкімет назарынан тыс қалып қойды. Бүгінде Республикалық палатада тіркелген асыл тұқымды жылқылардың басым бөлігі өнімділік бағытындағы, жүк тартатын жегіске арналған жылқылар болып отыр, ал мініс және мініс-жегін жылқы түрінен 290 бас қана қалды», – десе, сенатор Ернұр Әйткенов: «Мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияның жалпы соммасы 701 миллион теңге. Бұл қаражат алдағы 5 жылға   жыл сайын 140 миллион теңгеден берілетін болады. Көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары асыл тұқымды жылқылардың гендік қорын сақтауға, дамытуға және қалпына келтіруге, отандық жылқы шаруашылығын жетілдіруге ықпал етеді деп сенемін», – деп қуанышты жаңалығымен бөліскен еді.

Иә, көптен күткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойылды. Құжат мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымының өсімін молайту, сондай-ақ оның қасиеттерін сақтай отырып, мал басын ұлғайтуға және осы бағытта асылдандыру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Сонымен қатар заңның бастапқы бөлігіндегі «асыл тұқымды мал» және «тұқым стандарты» ұғымдарына түзетулер енгізіледі. Осылайша, тұқым стандартына сәйкес келетін және Республикалық палатада тіркелген таза тұқымды жануарлар ғана асыл тұқымды жануарға жататын болады. Фенотиптік және өнімді көрсеткішке қойылатын минималды талаптар ғана емес, сонымен қатар басқа көрсеткіштер де қамтылатын «тұқым стандарты» ұғымдары нақтыланады.

Заңда асыл тұқымды жылқыларды өсіруді ынталандыру мақсатында Қазақстан аумағында өсірілген мініс және мініс-жегін бағыттарындағы жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мақсатында жұмсалған шығындарды өтеу көзделді.

Қорыта айтқанда, Заңның қабылдануы шетелдік селекция өндіретін асыл тұқымды айғырларды сатып алу шығындарын субсидиялауға, аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге және жылқыларды ұстау шығындарын өтеуге мүмкіндік береді.

Заңға байланысты пікір сұрап профессор, ауыл шаруашылығы ғалымдарының кандидаты, доцент, жылқы шаруашылығы саласының маманы Қайрат Исханға хабарласқанымызда ғалым бұрын тек өнімді бағыттағы жылқыларды ғана асылдандырып келгенімізді айтып,  енді оған мініс және мініс-жегін жылқылардың қосылғандығына қуанғанын жасырмады. 

Бұл заңның бір ерекшелігі қазақпен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан қазақ жылқысының, отандық жылқы тұқымының генефондын сақтау болып табылады. Қазіргі таңда елімізде 4 млн 400 мың бастай жылқы болса, енді оның сапасын арттыруда жаңа Заңның қабылдануы дер кезінде қабылданған шешім болды. Бұрын тек қана өнімді бағыттағы жылқыларды асылдандыру  Заңы ғана болатын. Бүгінде елімізде 4 жылқы тұқымы бар. 4 млн 400 мың бастай жылқының 98-99 пайызы өнімді бағыттағы жылқылар тұқымы болса, 1-2 пайызы ғана спорттық жылқылар тұқымы. Егемендік алған тұста шет елдерден спорттық бағыттағы таза қанды жылқылар кіре бастады. Сонымен қатар түрлі ат спорты ойындары ұйымдастырылып, бүгінгі таңда спорттық бағыттағы жылқылардың даму үрдісі байқалып келеді. Демек біз селекциялывқ жұмыстардың арқасында осы екі түрлі жылқыларға жағдай жасап, ары қарай дамуына ықпал ете білуіміз қажет. Спорт бағытындағы жылқы тұқымы елімізде шығарылып, оны ары қарай дамыту үшін, жаратып, баптап, асылдандыру жүйесін жасау үшін әрине, маман қажет. Жаңа шыққан заң осы мамандардың артуына әсер етеді. Демек, жоғары оқу орындарында ат спортына байланысты мамандықтар, кафедралар ашылып, оқу бағдарламасы қабылданады деген сөз. Мысалы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ветеринария факультеті ішінен ат спортындағы ветеринария деген оқу бағдарламасын қабылдады. Демек, онда түлектер ветеринар маман болып шығып қана қоймай, ат спорты туралы пәндерді оқып шығады. Мысалы, спорттық жылқының физиологиясы, анатомиясы, спорттық жылқыны азықтандыру, ат спорты және туризм, ұлттық ат спорт түрлері сынды пәндер кіріп отыр. Маман болса, отандыық ат спорты да дамиды деген сөз, - дейді  Қайрат Жәлелұлы.

Саясаттың құрбаны болған сәйгүліктер

Осыдан 6 мың жыл бұрын Қамбар ата төлі тұңғыш рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгені ғылыми дәлелденген. Бұл Ботай мәдениеті ашылғаннан кейін белгілі болды. Ботайлықтар тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, қымыз ашытуды да тұңғыш ойлап тапқан. Американ археологы Дэвид Энтони 2007 жылы жарық көрген «Жылқы, дөңгелек және тілдер» атты кітабында бұл аймақтағы жылқының қолға үйретілу мезгілі шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жыл деп жазады. Яғни, жылқының қолға үйретілгеніне шамамен кем дегенде 4500 жыл болды деген сөз.

Қазақ ертеден төрт түліктің өзін ең алдымен «ақ мал» және «қара мал» деп екі үлкен топқа бөледі. Ақ малға тек жылқыны жатқызады. Ондағысы – жылқы үйір-үйірімен 150-200 шақырым қашықтықтағы тебінде болып, қыс бойы қора-қопсы көрмей, «ақ қар, көк мұзда» жататын текті мал дегенді білдірсе керек. Жылқының тағы бір атауы – "аяқты мал", өйткені ол үнемі қолға қарап қалмай, азығын аяқпен жүріп табады. Күнделікті тұрмыста, жортуыл-жорықтарда мінуге жарамды, табындық жағдайда бағуға қолайлы; сондай-ақ тез семіріп, тез ет жинайтын, сүті мол, даланың ыстығы мен суығына көнбіс жылқы тұқымын өсіруге қазақтар ерекше мән берген. Жылқы тұқымын осындай талапқа сай етіп, әрі экстенсивті, әрі интенсивті жолмен көбейткен жылқысының саны он мыңнан асып жығылатын жылқылы байлар қазақ даласында аз болмаған. Кең байтақ жайылымдардың болуы, ондағы қыр шөптерімен ақ от, қара оттардың алуандығы мен молдығы малшы қауымның, әсіресе, айғырдың құтпанын, биенің мамасын таңдап, қанын аздырмай саралай білетін өмір тәжірибесі мен бейнеті көп еңбектері даланың қатал табиғатына бейімделген қазақы жылқы тұқымының өсіп өнуіне айрықша сеп болды.

Қазақ жерінде өсірілген жылқылар басқа халықтар арасында да өте танымал болды. ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары Австрия подполковнигі А.Дандевиль Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия армиясы үшін 3000 қазақ жылқысын сатып алғаны туралы деректер кездеседі. Тіптен І және ІІ дүниежүзілік соғыс майдандарына да көптеген қазақ жылқылары жіберілген. Мәселен, 1880 жылдары Австрия-Венгрияда 3,5 миллион, Германияда 3,3 миллион, Францияда 3 миллион жылқы болса, 1879 жылы алынған санақ бойынша Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 миллион жылқы болғаны көр­сетілген. Ал ХХ ғасырдың басындағы нәубеттерден кейін бүкіл Қазақстанда 8 миллиондай ғана жылқы қалғандығы айтылады.

Адай жылқысы – ұлттық брэнд

Жоғарыда Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Әділет министрлігі Адай жылқысының жал­­ғыз емес, бірден 6 жаңа тұқымын «жаңа ұлттық бренд» ретінде тіркеп, патент бергенін айттық. Жалпы Адай жылқысы шамамен үш ғасыр бұрын пайда болды. Бұл жылқы тұқымы туралы алғаш рет 150 жыл бұрын тарихи очерктерде «адай тайпасының жергілікті тұрғындарының Каспий маңындағы жылқысы» деп аталады.

2009 жылы Қазақстан спорт федерациясы Адай тұқымын спорттық жетістіктермен сынауға көмектесті. Ал 2011 жылы Маңғыстау облысында адай жылқыларының алғашқы сынақтары 90 км-ге жүргізілді. Сол кезде қашықтық 4 айналымға бөлінді – екеуі 30 км-ден және екеуі 15 км-ден. Содан кейін барлығы бұл жылқының қаншалықты төзімді екенін түсінді. 30 км үздіксіз жүгіруден кейін де ол іс жүзінде су ішпеді және терлемеді. Әдетте, шапқаннан кейін басқа жылқылар әлсірейді.

Сонымен, адай жылқысының бір ерекшелігі  бірнеше күн сусыз жүре алады, сонымен қатар 360 км-ге дейін үздіксіз шаба алады. Жылқы өсіруші ғалымдар бірнеше жылдар бойы адай жылқысының өнімді қасиеттерін жақсарту үшін жұмыс істеп келеді. Адай жылқы шаруашылығының ауқымына тән шөлді климат құрғақ тұла бойының белгілерінің дамуына ықпал етті. Мініс аты адай жылқысының даңқын білгірлер бұрыннан мойындаған, бірақ ресми жарыстарда бұл көрсеткіштер байқалмады. Адай жылқысының мініс түрін сынау үшін бізге бұл жылқылардың ресми жарыстарда өнер көрсету көрсеткіштері қажет болды.

2011 жылғы 15 мамырда Алматы облысында өткен Қазақстан халықтарының спартакиадасында адай жылқыларымен ұсынылған Маңғыстау облысының командасы халықаралық деңгейдегі қазыларға үлкен әсер қалдырды. Алғашқы үш жүлделі орынды адай жылқысы иеленді. Қазақстан командасын 2011 жылғы 29-31 шілдеде Рязань облысы, Спасск қаласында ТМД және Балтық елдері Достастығы кубогына қашықтықтан атпен жүгіру жарыстарына жіберу туралы шешім қабылданды. 80 км қашықтықта адай атында Қазақстан спортшылары командалық бірінші орынды иеленді. Бірінші, үшінші, төртінші орын және жеңіске деген ерік-жігері үшін кубоктар және "Best Condition" жылқысының үздік атауы да Қазақстаннан келген спортшыларда болды. Алтынғали Бисемағаметов жеті жасар Ойлы азбанында 3 сағат 43 минуттың нәтижесімен бірінші орынды иеленді. Оның қашықтықтағы жылдамдығы 21,46 км/сағ болды. Қашықтықтың соңғы бөлігінде (20 км) Ойлы сағатына 24,57 км жылдамдықты көрсетті. Достастық Кубогындағы жетістік адай жылқысының даңқын растады. Оған деген қызығушылық үлкен болды. Ал Қазақстан тарихында тұңғыш рет, 2022 жылғы 18 қыркүйекте басталып, 12 күнге созылған «Ұлы да­ла жорығы» аламанында Адай жылқыларын жаратып, жарысқа қосқан маңғыстаулық шабан­­доздар жеке-дара озды. Елордадан Түркістан қаласына дейінгі 1 200 шақырымнан аса қашықтықты шаршап, шалдықпай еңсеріп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Сөйтіп, 19 өңірден жиылған 200-ге жуық сәйгүлікті артқа тастады.

Жалпы Қазақ мал шаруашалығы және жемшөп өнді­рісі ғылыми-зерттеу институты жүргізген экспе­ди­­циялық зерттеу қорытындысында «Адай» типтік жылқының саны 90 мыңға жуық басты құрайтыны анықталыпты.

Қостанай жылқысының хәлі қалай?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  қазақ жылқысының санын көбейтіп, сапасын өсіруге баса назар аударылмағаны рас. Соның салдарынан асылтұқымды жылқылардың бірі – Қостанай жылқысына 2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін саны күрт азайып, жойылуға таяу. Сонау 1889 жылы патшалық Ресей өкіметі қазақтың қазанатын негізге ала отырып, Қостанай жылқы зауытын құрған еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа, аштыққа, репрессияға қарамастан Қостанай тұқымының селекциясы үздіксіз жалғасты. 60 жылғы сұрыптау нәтижесінде 1951 жылы Қостанай жылқысы зауыт тұқымы ретінде танылады. Кеңес өкіметі уақытында Қостанай жылқысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқымдарының қатарына қосылды. Бүкілодақтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы болған аттар да осы зауыттан шыққан. Екінші әлем соғысы кезінде де бірнеше жүздеген бас жылқы Қазақстаннан алынған. Соғыс аяқтала салысымен маршал Буденныйдың бұйрығымен Қазақстанда 19 жылқы зауыты салынады. Онда қазақ жылқылары Дон жылқыларымен будандастырылған. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, яғни барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 9,7 %-ын құраған. Алайда бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1300 басы тіркелген.

Қостанай жылқысын сақтап қалу жолындағы қадамдар өткен жылы басталған. Ұлттық спорт қауымдастығы Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту туралы арнайы жиын өткізіп, жиналыстың шешімдері Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жеткізілген болатын. Нәтижесінде, Ералы Лұқпанұлы да бұл мәселеге жіті назар аударып, түйінді сұрақтың күрмеуін шешуге белсене кірісті. Аз уақыттан кейін Үкіметте Премьер-министр орынбасарының төрағалығымен Қостанай жылқысы тұқымын сақтау және дамыту бойынша үлкен жиын өтті. Пәрменді әрекеттер нәтижесінде, Қостанай жылқысын сақтап қалу, дамыту үшін арнайы жол картасы бекітілді. Енді нәтижесін күтейік.

Жылқы шаруашылығы институты ашылады

Мамандар жылқының сыны кетіп барады деген алаңдауын жасырмайды. Енді  бұл олқылықтың орыны толмақ. Жылқысүйер қауым үшін жақсы жаңалықтың бірі  Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясында жылқы шаруашылығы институты құрылуы болып отыр. Онда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Онда ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіліп, қазақ даласындағы жылқының ерекшеліктері сараланбақ. Тіпті жем-шөптің құрамына да үңілу көзделіп отыр. Осы ретте Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының басшысы Әлібек Базарғалиевпен байланысқа шыққан едік. Ол  жаңадан ашылғалы жатқан институттың мақсаты жөнінде айтып өтті. «Осы институттың мақсаты – 30 жылда жоғалтып алғанымыздың бәрін қайтадан бір жерге жинап, асылдандырып, әрі қарай содан шыққан өнімдерді шетелге шығару. Мысалы Абай облысында, Павлодарда Бестау, Селекті типі бар, ал Қарағандыда Қожамберді типі бар болса, батысымыздағы Көшім, Мұғалжар және Адай түрлері бар. Іргеміздегі Қостанайда Қостанай жылқысы бар. Болашақта сол аумақтарға барып, ғалымдарымыз зерттейтін болады», - дейді Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының басшысы.

Сонымен қатар кейіпкеріміз жаңа институтта ДНК лаборатория болу керектігін және де жылқылардың еттілігінің сапасын, құрамын тексеру керектігін, сүт пен қымыздың құрамын да зерттеу қажеттігін айтады.  Енді институт мамандары жем-шөп және тұқым шаруашылығына да баса мән бермек. Бұған дейін ақтөбелік ғалымдар шығарған 50-ден астам тұқым сұрпының 20-сы ел бойынша осы саладағы үлкен жетістік саналатынын атап өткеніміз жөн. Енді «Жылқы және жем-шөп ғылыми-зерттеу институтының құрылуы – жылқы тұқымын асылдандыруға оң ықпал етеді деп сенеміз.

Түйін: Ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докторы, про­фессор Игорь Нечаевтың жария­лаған мақаласына сүйенсек, 1916 жылы қазақ даласында 4,6 миллион бас жыл­қы жайылып жүріпті. Ұлттық статис­тика бюросы деректеріне сәйкес азаттыққа қол жеткізген тұста 1,6 миллион тұлпар қал­­ған екен. Өкінішке қарай, 2001 жылға дейін біртіндеп азайып, милионнан кеміп кет­­кен еді. Ал бүгінгі таңда елімізде Қамбар ата түлегінің 14 түрі және 4 млн 300 мың бас жылқы болғанымен, асыл тұқымдысының үлесі 1%-дың көлемінде.

 БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашы­лығы ұйымының мәліметіне сүйенсек, шартарапта 57 миллион жылқы жайылып жүр. Соның 10,6 миллионы АҚШ-қа тие­сілі. Мексика да тұлпары көп ел саналады. Онда жылқы саны 6,4 миллион. Бразилияда да жылқылар жетерлік (5,7 миллион). Сол секілді Моңғолия мен Қытай да ер қанатын көптеп өсіретін елдер қатарында. Бүгінде әлемдік аренада бәсі жоғары жылқы тұқымы көптеп кездеседі. Олардың қатарында – ақалтеке тұқымы, жәуміт тұқымы, қарабайыр тұқымы, араб тұқымы, «таза қанды» ағылшын тұқымы, дон тұқымы, буденный тұқымы, Украинаның ұлттық тұқымы секілді асылтұқымды жылқылар бар. Кейінгі жылдары Қазақстан бұл тізімге қосылды. Енді жаңа Заңның ықпалымен асылтұқымды жылқылардың саны артып, сапасы да жоғарылай түседі деп сенеміз.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға