Жыл қорытындысы: Ұлу жылында Үкімет атқарған елеулі жұмыстар
Әне-міне дегенше, ұлу жылы да тарих табалдырығын аттағалы тұр. Ал осы жылы президент бастамасымен елде қандай жұмыстар атқарылды? 2024 жылы істелген жұмыстарға қысқаша шолу жасап көрмекшіміз.
Биыл көктемде қардың күрт еруіне байланысты соңғы жетпіс жылда болмаған су тасқыны болып, елдің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апат салдарынан ел тұрғындарының біразы жапа шекті. Осыған байланысты президент су тасқынынан зардап шеккендердің бірде-бірі көмексіз қалмайтынын айтып, халыққа үндеу жариялады.
– Барлық құтқару жұмыстары тікелей менің бақылауымда. Су тасқынымен күресуге төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурстары жұмылдырылды. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Жағдай өте күрделі болса да біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылай және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі, – деді мемлекет басшысы өз үндеуінде.
Нәтижесінде, Республика бойынша 9 мыңнан астам үй жөндеуден өтіп, баспанасыз қалған отбасыларға 8,5 мыңнан астам жеке үй мен екінші деңгейлі нарықтан пәтер сатып алынды. Құрылыс бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде жұргізілді. Бұдан бөлек, қорасы мен қоймалары қираған халықтан өтініш қабылдануда. Сонымен қатар, мұндай апаттың алдын алып, болдырмас үшін елде 2028 жылға дейін 42 су қоймасы салынбақ.
Білім саласы
Осы жылы білім саласына да ерекше көңіл бөлінді. Себебі, президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасының ең негізгі кезеңдері іске асты. Атап айтсақ, жоба аясында 2024 жылы 208 мектеп оқушылар игілігіне берілуі тиіс. Бұл мектептердің 40%-дан астамы ауылдық жерлерде бой көтереді. Сонда «Жайлы меткептің» артықшылығы неде? Мектептер қала мен ауылда бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блокта білім алады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру. Оқушылардың жайлылығы үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар берілдеі. Сонымен қатар, бала шығармашылығын дамытуға да жағдай жасалады. Мектептерде физика, химия, биология және робототехника пәндерінен заманауи сыныптар ашылады.
Ұлу жылы сутенттерді де бір қуантып тастады. Президент тапсырмасы аясында биыл шәкіртақы көлемі 20 %-ға өсіті. Осылайша, бакалавриат студенттері 47 135 теңге, ал падагогика және медициналық бағыттағы шәкірттер 75 600 теңге стипендияға қол жеткізді. Сондай-ақ, интерндердің стипендиясы енді 85 376 теңгені, ал резиденттердің стипендиясы 123 122 теңгені құрайды. Магистранттардың шәкіртақысы 15%-ға өсіп, 107 061 теңгеге дейін, ал докторанттар үшін 240 000 теңгеге дейін көбейді.
Елде ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері өсті
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге өсті. Сонымен қатар, елдегі қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен 20 %-ға арттыру жалғасуда. Сондай-ақ, осы жылдың 1 қаңтардан бастап жиынтық зейнетақының ең төмен мөлшері 77 417 теңгеден (2023 жылы) 86 068 теңгеге дейін ұлғайтылды.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы
Ұлу жылының ең басты жаңалығы «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Бағдарламаға сәйкес, 2024 жылдың 1 ақпанынан басталған төлемдер бойынша 18 жасқа дейінгі барлық баланың шотына 695,5 млн доллар төленді. 30,6 млн доллар осы жылы 18 жасқа толған немесе толатын балаларға берілді. Қазірдің өзінде уәкілетті операторлар арқылы 3,4 млн доллар сомасына 33,5 мыңнан астам өтінімнің қаражаты банктік шоттарға аударылды. Оның ішінде 1,8 млн долларға берілген 18 мыңға жуық өтінім тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталса, 1,6 млн долларға берілген 15,5 мың өтінім білім алу үшін жұмсалмақ.
Тұрғын үй құрылысы да назардан тыс қалмады
2024 жылы тұрғын үй құрылысы да назардан тыс қалмады. Биыл елде құрылыс көлемі ұлғайып, баспаналы болған азаматтардың қатары артты. Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін жаңадан 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндетін қойған. Биыл елде 18 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 44%-ға жоғары және құрылыс саласындағы рекорд саналады. 11 айда өңірлерде 16,3 млн шаршы метр үй салынды. Жыл соңына дейін тағы 1,7 млн шаршы метрі тапсырылады. Биыл баспана құрылысын қаржыландыруға 965 млрд теңге қарастырылған. Бұл 160 мыңнан астам тұрғынның қоныс тойын тойлауына мүмкіндік береді.
Иә, ұлу жылында атқарылған жұмыстарды жіпке тізе берсек ұзақ отыратынымыз анық. Дегенмен, ел үшін елеулі болды дегендерін айтуға тырыстық. Ал осы жыл кімге не бергенін әркім өзі саралай жатар.