Жаңалықтар

Жезқазғандағы жылу орталығының қазандығынан ақау шықты

Мамандар қазандықтың төбесін жууға және ақауды анықтауға кірісті
Жезқазғандағы жылу орталығының қазандығынан ақау шықты
29.11.2022 00:06 749

Жезқазған қаласының жылу электр орталығының №5 қазандық агрегатынан ақау шықты. Бұл туралы Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі.

Әкімдік ақпаратына сәйкес, 27 қарашада сағат 22:19-да Жезқазған қаласының жылу электр орталығындағы №5 қазандық агрегатында ақау шығып, оның жұмысы тоқтатылған.

«Қазіргі уақытта қазандық салқындатылып жатыр. Мамандар қазандықтың төбесін жууға және ақауды анықтауға кірісті. Жылу электр орталығының №5 қазандық агрегатының тоқтауына байланысты жылу көзінде қызбау 20 градусты құрады. Атмосфералық ауа температурасы -12 градус болғанда, жылу беру құбырында 71 градус және су кері қайтатын құбырда 53 градус болды. Ал бекітілген температуралық стандартқа сәйкес, ол 91 және 54 градус болуы қажет», - деп мәлімдеді Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов.

Ол ақауды жою бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын және бүгін түнде таяуда күрделі жөндеуден өткен №6 қазандық агрегаты іске қосылатынын атап өтті. Қайрат Шайжановтың айтуынша, ертеңнен бастап қалада 4 қазандық жұмыс істейді. Сонымен қатар №4 қазандық резервке қойылады.

Әкімдік мәліметінше, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына дайындық аясында 6 қазандық агрегаты, 5 турбина, ЖЭО-ның қосалқы жабдықтары мен құрылыстарын жөндеуге 3,8 млрд теңге бөлінген.

Бұған дейін Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалғандығы туралы жазған болатынбыз.
 
Екібастұз ЖЭО апаттың себебіне қатысты түсініктеме берді. ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Екібастұздағы құбырлардың тозығы жеткенін айтты. 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға