Қазақстан Ішкі істер министрлігі Түркістан облысында өткен тойда айтылған тостқа қатысты әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға түсініктеме берді.
Бұған дейін интернетте Жетісайдағы тойда түсірілген видео кеңінен талқыланған еді. Онда қалыңдықтың туысы көпшілік алдында тойларда алкогольден бас тартуды ғана емес, мерекелерде музыканы да толықтай тоқтатуға шақырған.
Оның айтуынша, әншілер мен өнер адамдары – «шайтанның қызметшілері». Сондай-ақ ол ерлер мен әйелдерді дастарқанда бөлек отырғызу қажеттігін айтқан.
ІІМ мәліметінше, аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдемелері қамтылған бейнежазба анықталды. Осы факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство Қазақстан Конституциясы әр азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне кепілдік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ министрлік адамның ар-намысын қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулерге, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейтінін ескертті.
ІІМ сөз бостандығы заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтіп, заң бұзушылық белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Осы оқиғаға қатысты Ерлан Карин әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, видеода айтылған көзқарастардың қазақ қоғамының болмысына және ұлттық таным-түсінігіне сай келмейтінін айтқан еді.